Ойынқұмарлық дендеп барады

Ойынқұмарлық дендеп барады

Ойынқұмарлық – аса қауіпті психологиялық дерт. Бұл дерт наркоманиядан да ауыр болып келеді, себебі наркологиялық, ішімдік пен шылымға тәуелділіктен адамдар емделіп жатса, ойынқұмарлықтың дауасын табу қиынға соғады. Өкінішке орай, оны маскүнемдік және нашақорлық сияқты аурулармен бір қатарға қояды. Кез келген тәуелділік – емдеуді қажет ететін теріс құбылыс. Ең алдымен, тәуелділік адамды еркіндігінен айырады, бұл денсаулық үшін өте зиянды. Өйткені белгілі бір әдетке тәуелді адам ерте ме, кеш пе, өз өмірін бақылай алмай, оның ауруының басты себебі болып табылатын затқа қатысты жүруді жалғастырады. Бұл аурудың қорытындысы адамды жақындарынан алыстатып, өмір маңыздылықтарынан ажыратады. Ойынқұмарлық адам өміріндегі басқа бөліктеріне қатты әсер етеді, бірақ оны ойнап жүрген адам өзі байқамауы, мойындамауы мүмкін. Адамның денсаулығына, жеке өміріне, отбасындағы қарым-қатынас, жұмысына, достарының арасындағы сенім, абырой-беделден айырып, осының барлығына әсер етеді. Сондай-ақ, қандай да бір тәуелділік, ол ерте ме, кеш пе, агрессияға әкеледі деген факт бұрыннан дәлелденген. Ең басты ақаулық бұл ойынқұмардың өзін ауру емеспін деп есептеуінде, ол өзін кез келген уақытта тоқтай аламын деп ойлайды. Алайда уақыт өте келе өзінің қалай құрдымға кетіп бара жатқанын байқамайды. Өкінішке орай, бұл процесті емсіз тоқтату мүмкін емес. Нашақорлық пен маскүнемдікке қарағанда, ойынқұмарлық едәуір ерте дамыған сыңайлы. Бұл тәуелділік адамның көруіне ғана емес, оның психологиялық және эмоциялық жағдайына да әсер ететін компьютерлік ойындарға қатысты. 

 

Казинода шенеуніктер жүр

Соңғы уақытта биліктегі ағаларымыз, әкімдіктің адамдары, шенеуніктер, әскери қызметкерлер, тіпті антикордың қызметкерлері құмаройындарға тәуелді екені жайлы түрлі жаңалықтар таралып жүр. Айта кетсек, 19 қазанда Алматы облысында мемлекеттік қызметшілер казинода 507 млн теңге жұмсағаны белгілі болды. Облыстық прокуратура мәліметінше, түрлі өңірлерден 305 шенеунік мемлекеттік қызмет атқару кезеңінде ойын мекемелеріне барған. Бұл жайлы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров: «Олар өздерінің жеке жинақтарын жұмсайды. Егер адам құмаройынға әуес болса, ол өзінің жалақысы мен қолда бар қаражатынан бөлек басқа да табысқа ие болуы мүмкін, қарыз алуы мүмкін», – деп пікір білдірді. Міне, мәселе қайда жатыр? Ойынға құмар адам өзінің қолындағы барынан айырылғаннан кейін, өзгенің дүниесіне ойнай бастайды. Ал аса мәртебелі лауазымды шенеуніктер мемлекеттің бюджетінен қарызға алып ойнамағанына кім кепіл бере алады? Бұл бір ғана Алматы облысында тараған ақпарат, ал әлі қаншама біз білмейтін жағдайлар бар. Одан кейін Алматы облысындағы ұтылған шенеуніктер жаман әдеттерін қойды ма? Жоқ әлде әрмен қарай халықтың ақшасын казиноларға шашып жатыр ма? Қарапайым адам ойынқұмарлыққа шалдықса, ары кетсе өзіне және отбасына зиянын келтіреді. Ал жоғарыда отырған ағаларымыз еліміздің мүддесіне, экономикасына зиянын тигізіп жатқанын ескеруіміз керек. Осы уақытқа дейін мемлекеттік деңгейде құмаройындар мәселесі аса көп көтерілген жоқ. Тек қана депутат Ләззат Рамазанова ойынқұмарлық жайлы сөз қозғады. Дәлірек айтсақ, қазіргі таңда ойынқұмарлықты ауру ретінде қарастыратыны жайлы айтып, алаңдаушылық білдірді. ДДСҰ ойынқұмарлықты «психикалық ауру» деп ресми түрде мойындады. Ол аурулар мен денсаулыққа байланысты проблемалардың халықаралық статистикалық жіктемесіне қосылды. 

ДДСҰ расымен де ойынқұмарлықты Халықаралық аурулар жіктемесінің 11-нұсқасына (ХАЖ-11) кіргізіп, ауру деп таныды. Бұл жіктеме алғаш 2019 жылы мамырда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясында ұсынылып, 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске асуда. Халықаралық аурулар жіктемесінің 11-нұсқасы ХХІ ғасырдың талаптарын ескере отырып жаңартылған және ғылым мен медициналық практикадағы аса маңызды жетістіктерді көрсетеді. Бұл жаңа нұсқада 55 мыңға жуық ауру, жарақат және өлім себептерін қамтитын бірегей кодтар бар. Толығымен электрон форматқа ауыстырылған, кез келген қарапайым адамға қолжетімді. Сондай-ақ ойынқұмарлық еліміздегі басқа статистикаларға әсерін тигізеді. Мысалы, құмар ойындарға тәуелділіктің арты суицидке, ажырасуға, ішімдік пен нашақорлыққа алып келуі мүмкін. Сондықтан егер сіздің таныстарыңыз бен достарыңыздың біреуінен осындай дертті байқай бастасаңыз, онда бұл жағдайда, ойынқұмарлық ол адамды құшағына орамай тұрғанда дәрігердің, арнайы психолог мамандардың көмегіне жүгінгені жөн.

 

Арбайды жарқыраған жарнамасы

Құмаройындар өз ішінде түр-түрге бөлінеді. Қоғамдық саясат институты әр жылдары осы тақырыптарға әлеуметтік зерттеулер жүргізді. Респонденттердің 11%-ы отбасында құмаройындарға тәуелді адамдар бар екенін атап өтті. Құмаройын түрлерінің ішінде бірінші орында тұрған букмекерлік кеңселер (46,7%), одан әрі ойын автоматтары (35,5%), бейне ойындар үшінші орында (23,3%), төртінші – казино (18,3%) және бесінші –  карта ойындары (17,7%). Ал енді осылардың жарнамасына назар аударсақ. Өйткені бұлардың жарнамасына назар аудармау мүмкін емес. Күнделікті өмірде көз алдымызда жарқ-жұрқ етіп қызыл да жасыл түстерге боялған көшеде ілулі тұрған үлкен баннерлер бір бөлек. Ғаламтор әлемінде қай сайтты, қай әлеуметтік желіні ашып  қалсаң да құмаройындардың жарнамасы шыға келеді. Ұлттық арналарды айтпай-ақ та қойдым. Тіпті радионың өзінде де тыңдарманның арасында неше түрлі ұтыстар ойнатқызып жатады. «Qazaqstan» мен «Qazsport» арналары олардың жарнамаларынсыз күн көре алмай қалатын секілді. Қаншама жұлдызсымақ блогер халықты алдап жарнамасын тығып жатады. Кез келген жасөспірім, мектеп оқушысы бала кезінен қызығып, бүгінгі таңда оңай қол жеткізе алады. Құрметті жоғарыда отырған ағалар, құмаройындардың жарнамасын шектейтін бір заң керек! Әлде жоғарыда отырғандар өздері де ойнап жүргеннен кейін бе, осындай адам баласын азғындатар жарнамаға жол берілуде. 

 

«Олимп» мемлекетке 145 млрд қарыз

Еліміздегі алғаш болып ашылған және басы дауға қалған букмекерлік кеңселердің бірі –  «Олимп» кеңсесі. Бүгінде бұл ойынхананың өзіндік тарихы бар. 2019 жылдың желтоқсан айының басында ҰҚК арнайы жасақтары Алматыдағы «Олимп» штаб-пәтеріне басып кірді. Салық органдары «Олимп» мемлекетке 145 миллиард теңге қарыз екенін және қожайындарының бірі Анарбек Жауыровтың үстінен іс қозғалып, іздеу жарияланды. Бүгінде Жауыровтың қайда жүргені белгісіз, есесіне назарларыңызға Америкадағы меншігін ұсынып отырмыз. Кейіпкеріміз алғашқы пәтерін 2011 жылы Нью-Йорктың ең қымбат ауданы Манхеттеннің төрінен алды. 200 м2 пәтерінің бағасы небәрі 4,4 млн$ және кейінгі жылдары дәл осындай пәтерден тағы үшеуін өз мүлігіне қосады. Бірақ өзі ол пәтерлерде тұрған жоқ. Өзінің соңғы белгілі болған тұрғылықты жері Нью-Йорктың шетінде Лонг-Айленд жағажайындағы  650 м2 вилласы, бағасы шамамен 3 млн $. Бүгінде Анарбектің Алматыдағы барлық мүлкі тәркіленіп, туған інісі Жауыров Жәнібек қамауға алынды. Ал Анарбектің өзі қайда жүргені белгісіз. 

 

Жансая Толқынбек

 

 

30.11.2024

Ұқсас жаңалықтар

Төбет – қазақтың ұлттық бренді
Жасұлан АБДИҒҰЛОВ, Қуат НҰРҒАЛИЕВ, әуесқой итбегілер - 09.12.2024 205
Жамбыл облысында 500-ге жуық мемлекеттік қызметшінің құқықтары қорғалды
Р.Ш.Шарипов ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы - 09.12.2024 47
ЖОЛДАР ТАЗАЛАНЫП, ИНЕРТТІ ЗАТТАР СЕБІЛІП ЖАТЫР
Сарысу ауданы әкімдігі - 08.12.2024 31
Шымкент – ауылшаруашылығына қолайлы өңір
Ш.МЕКЕНБАЙҰЛЫ, Шымкент қаласы - 08.12.2024 220
Шығыста шаруа қазаны қаз-қаз қайнап тұр
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 08.12.2024 220
АБАЙ ЕЛІНДЕ АЛАШТЫҢ РУХЫ БАР
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 08.12.2024 238
Шымкент – ауылшаруашылығына қолайлы өңір
Ш.МЕКЕНБАЙҰЛЫ, Шымкент қаласы - 08.12.2024 220
Ақмола астық жинаудан рекордтық көрсеткішке жетті
Дайындаған – Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 07.12.2024 208
РЕСЕЙ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ КӨКСЕГЕНІ НЕ?
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 07.12.2024 204
Ән өнерінің саңлағы
Саяжан ҚАЙДАР - 06.12.2024 227
ТҮРЛЕНГЕН ТҮРКІСТАН, ҒИБРАТЫ МОЛ КИЕЛІ МЕКЕН
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 06.12.2024 216
Тоқсанның төріндегі театр
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 06.12.2024 224

Топ жаңалықтар

1
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 10501
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 9482
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 12717
4
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 11687
5
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 16700