6 қараша күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен «C5+1» саммитіне қатысу үшін АҚШ астанасы Вашингтонға барды. Орталық Азиядағы бес елмен АҚШ бас қосатын маңызды мәжілістің алдында Президент бірқатар маңызды шараларға қатысып, маңызды келісімдердің куәсі болды.
Қ. Тоқаевтың Вашингтонға сапары Мемлекеттік хатшы Марк Рубиомен, Сауда министрі Говард Латникпен, сондай-ақ АҚШ Президентінің Оңтүстік және Орталық Азиядағы арнайы өкілі Серджио Гормен кездесуден басталды.
Басқосуға қатысушылар екіжақты және өңірлік күн тәртібінің басты аспектілері жөнінде пікір алмасты.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен АҚШ үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға, өнеркәсіп пен бизнесті қолдауға септігін тигізетін экономикалық ықпалдастық арқылы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға орайлы мүмкіндік туғанын атап өтті.
7 қараша күні Қ. Тоқаев Ақ үйде АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесіп, келіссөз жүргізді. Мемлекет басшысы Вашингтонға сапармен келуге шақырғаны және қазақстандық делегацияға көрсеткен қонақжай көңілі үшін АҚШ Президентіне ризашылық білдірді. Сондай-ақ Қазақстан АҚШ Президентінің бітімгерлік бастамаларын толық қолдайтынын жеткізді. Соның ішінде келешекте Орта дәлізді одан әрі дамытуға ықпал ететін «Трамптың халықаралық бейбітшілік және өркендеу жолына» (TRIPP) ерекше назар аударды.
Дональд Трамп АҚШ-тың Қазақстанмен көпжоспарлы кеңейтілген стратегиялық серіктестікті дамытуға ниетті екенін растады. Сапар аясында екі ел арасында жалпы сомасы 17 млрд доллардан асатын коммерциялық келісімдерге қол қойылды. Олардың ішінде ауылшаруашылық техникасын жергілікті өндіруге, кен ресурстарын игеруге, цифрлық технологияларды дамытуға арналған нақты жобалар бар.
Бұл айтылғандар АҚШ сапарында қол жеткізген экономикалық нәтижелер болса, келесі бір қадам дипломатиялық тұрғыда жасалған келісімдер жайлы болды деуге негіз бар.
Қазақстанның дипломатиялық бағыты кеңейді: сапар аясында Қазақстанның Ибраһим келісімдері не қосылу мәселесі («Abraham Accords») талқыланды. Израиль мен мұсылман-мемлекеттер арасындағы бітімгершілікті, өзара татулықты қолдайтын бұл келісімнің бастушысы – Дональд Трамп. Келесі бір қадам АҚШ тарапынан Қазақстанмен «Кеңейтілген стратегиялық серіктестік» құруға ниет білдірілгендігі болды. Бұл сапар екі ел арасындағы қарым-қатынасты тек ресми деңгейден әріге – инвестициялық, технологиялық, инновациялық серіктестікке апарды. Қазақстан үшін: халықаралық серіктестік артып, жаңа жобаларға жол ашылды; елдің ресурстық әлеуеті мен геосаяси мәртебесі жоғары дәрежеге ие болды. АҚШ үшін: Орталық Азиядағы ықпалды күшейту, жаңа серіктестер табу, әсіресе технология мен сирек элементтер саласында балама көздер іздеу тұрғысынан маңызды болды.
Дипломатиялық тұрғыдан: Қазақстанның Израиль-мұсылман мемлекеттері арасындағы келісімдерге қосылуы мүмкіндігі өңірлік бейбітшілік пен ынтымақтастыққа қосымша сигнал дер едік.















