ҚОҚЫС ЖАҒУ ЗАУЫТЫ НЕСІМЕН ҚҰНДЫ?

ҚОҚЫС ЖАҒУ ЗАУЫТЫ НЕСІМЕН ҚҰНДЫ?

«RES-2026» халықаралық экологиялық саммиті Астанада өтіп жатқандықтан, Астана павильонында қалада іске асырылуы жоспарланған жобалар ұсынылды. Олардың қатарында қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату және ауа сапасын цифрлық мониторингтеу бастамалары бар.

 

Негізгі жобалардың бірі – «Астана энергиясы» қоқыс жағу зауыты. Бұл нысан елордадағы қалдықтарды басқару жүйесін түбегейлі өзгертуге бағытталған. Қалалық қоршаған ортаны қорғау басқармасының өкілі Сағыныш Сағынтаевтың айтуынша, жоба полигондарға қалдық көмуді айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік береді. Оның дерегінше, Астанада тәулігіне шамамен 1500 тонна, жылына 400 мың тоннаға дейін қоқыс жиналады. Жаңа зауыт осы көлемді өңдеп, электр энергиясын өндіруге және полигондарға түсетін жүктемені азайтуға жол ашады. Құрылыс шамамен үш жылға созылып, оны іске қосу 2029 жылға жоспарланған. Жоба жүзеге асса, бұл Орталық Азиядағы осындай алғашқы нысан болмақ. Павильондағы тағы бір маңызды бағыт – экологияны цифрландыру. Мұнда ауа сапасын бақылайтын смарт-датчиктер жүйесі таныстырылды. Бұл құрылғылар ластану деңгейін анықтап қана қоймай, оның қайдан шыққанын – көлік немесе жеке сектор екенін айқындауға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда қалада бірнеше датчик сынақ режимінде орнатылған. Болашақта оларды жол қозғалысын басқару жүйесімен біріктіру жоспарланып отыр. Бұл бағдаршамдардың көлік ағынына бейімделуіне мүмкіндік беріп, кептелістер мен зиянды шығарындыларды азайтуға ықпал етеді. Жалпы, Астана павильоны экологиялық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді шешуге бағытталған нақты жобаларды – инфрақұрылымдық бастамалардан бастап цифрлық технологияларға дейін кеңінен таныстырды.

Тағы бір айта кетер жайт, «Тұрақты болашақ – ортақ көзқарас» өңірлік экологиялық саммиті аясында Eco Startup Competition Demo Day көрмесі де ұйымдастырылды. Аталған шараға қала мектептерінің оқушылары белсенді түрде қатысып, экология саласындағы заманауи бастамалармен танысты.

Көрменің негізгі мақсаты – білім алушыларды қоршаған ортаны қорғаудың озық технологияларымен таныстыру, олардың бойында экологиялық жауапкершілікті қалыптастыру және креативті бизнес-идеяларды жүзеге асыруға ынталандыру. Бұл бағытта ұйымдастырылған іс-шара жас ұрпақтың табиғатқа деген көзқарасын өзгертіп, экологиялық мәдениетін арттыруға ықпал етті. Екі күнге созылған көрмеге 15 мыңға жуық оқушы мен студент қатысты. Қатысушылар экология саласындағы үздік жобаларды тамашалап қана қоймай, жас өнертапқыштардың тәжірибесін зерттеп, өздерінің интеллектуалдық әрі шығармашылық әлеуетін дамытуға мүмкіндік алды.

Көрме барысында түрлі экологиялық стартаптар ұсынылды. Атап айтқанда, қалдықтарды қайта өңдеу, энергия үнемдеу, баламалы энергия көздерін пайдалану және жасыл технологияларды дамыту бағытындағы жобалар көпшіліктің ерекше қызығушылығын тудырды. Бұл бастамалар тек қоршаған ортаны қорғауға ғана емес, сонымен қатар болашақта тиімді әрі тұрақты бизнес үлгілерін қалыптастыруға негіз болады.

Аталған іс-шара жас буынның экологиялық мәселелерге бейжай қарамайтынын көрсетіп, оларды шешуге бағытталған нақты қадамдардың бар екенін дәлелдеді. Оқушылар ұсынған әрбір креативті идея – таза әрі тұрақты болашаққа жасалған маңызды қадам.

Eco Startup Competition Demo Day көрмесі білім мен инновацияны ұштастырып, жас ұрпақтың табиғатқа деген жанашырлығын арттыруда маңызды алаңға айналды.

Саммит барысында қабылданған шешімдер алдағы халықаралық алаңдарда маңызды рөл атқарары сөзсіз. Жиынға қатысқан делегация өкілдерінің пікірлері осыған саяды. Шетелдік қонақтар бұл саммиттен қандай ой қорытты? Қандай көңіл күйде болды. Саммит  өзіне артылған міндетті қаншалықты көтере алды?

Халықаралық суару және дренаж комиссиясының президенті Марко Арчери: 

«Арал теңізінің мәселесін шешу жолдары көп. Ең алдымен, Аралдың табиғи ортасын қайта қалпына келтіру керек. Шаңды дауылдарды азайтқанымыз жөн. Аймаққа бейімделген арнайы флора түрлерін отырғызу керек. Мұнда оң нәтиже берген экологиялық оң шешімдерді әлемнің басқа өңірлеріне де көрсеткім келеді. Өйткені климаттың өзгеруі әсерінен мұндай жағдай жер шарының басқа аймақтарында да қайталануы мүмкін. Өңірлік экологиялық саммиттің келесі жиынына қайта келгім келеді».

 БҰҰ даму бағдарламасы климат өзгеруіне бейімделу жөніндегі техникалық кеңесшісі Наталья Олофинская: 

«Орталық Азия елдерінің ортақ мақсат жолында бірге әрекет етуге дайын екенін көрдім. Саммиттің алғашқы күнінде бес мемлекет биоалуантүрлілікті сақтау жөніндегі Өңірлік декларацияға қол қойды. Бұл БҰҰ Даму бағдарламасының жұмысы үшін де аса маңызды. Біз Орталық Азия елдерімен бірге климат, биоалуантүрлілік, жер ресурстарын тиімді басқару және ластану мәселелері бойынша кешенді шешімдер ұсыну бағытында жұмыс істеп келеміз. Саммит барысында қабылданған шешімдер мен аймақтағы елдердің ортақ ұстанымы алдағы халықаралық алаңдарда маңызды рөл атқармақ».

PS: Қазақстан әлем жұртын алаңдатқан толғамды мәселелерді жан-жақты талқылап, шешім іздейтін халықаралық алаңға айналып отыр. Бұл – қуанарлық жағдай. Ғаламдық экологиялық мәселе өте күрделі. Бөле-жаруға келмейді. Табиғат-Ана бір дене секілді. Тұтас организм. Содан да болар,  Астанада өткен экологиялық саммит шетелдік ақпарат құралдарының  назарынан да тыс қалмады. Азия-Тынық мұхит аймағындағы мәселелерге қалам тартатын жапониялық The Diplomat журналының ойынша, бұл кездесу келешекте Орталық Азияда климаттың өзгеруімен күрес жолында әлдеқайда кеңірек науқан жүргізуге түрткі болуы мүмкін.

Ал Бішкекте шығатын The Times of Central Asia басылымы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Теңізге шығуға мүмкіндігі жоқ көптеген дамушы елдер су тапшылығына, мұздықтардың еруіне, шөлейттенуге және басқа да төтенше ауа райы құбылыстарына тап болып отыр. Бұл қиындықтарды еңсеру үшін аймақтық күш-жігерді үйлестіру қажет» деген мәлімдемесін жариялаған.

Түріктің Yeni Şafak газеті болса,  бас қосуда климаттың өзгеруіне бейімделу, табиғи ресурстарды тұрақты пайдалану және осы бағыттағы ынтымақ пробемалары талқыланатынын хабарлап отыр.

Ал өзбекстандық Gazeta.uz порталы Қазақстан президентінің бастамасымен өтіп жатқан саммиттің қызметін  экологиялық мәселелер бойынша диалог пен ықпалдастыққа арналған аймақтық платформа ретінде сипаттаған.

Астанада өткен халықаралық көрмеде табиғатты қорғау, суды үнемдеу және ауаны таза ұстау бағытындағы жаңа технологиялар таныстырылды. Мұнай қалдықтарын өңдеу бойынша Еуропада тиімді қолданылып жүрген әдістер ұсынылды. Қазақстанда бұл салада талаптар күшейтіліп, компаниялардың жауапкершілігі артып жатыр.

Өнеркәсіпте «жасыл трансформация» жүріп жатыр. Ресурстарды үнемдейтін жаңа өндіріс тәсілдері мен жобалар таныстырылды. Тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу бағытында жаңа жүйелер ұсынылды. 

 Аталмыш саммитте су тапшылығы мәселесі де көтерілді. Ірі кәсіпорындар қолданылған суды қайта өңдеп, қайта пайдалануды қолға алған. Көрмеге 30 елден 120-дан астам компания қатысып, 240-тан астам жоба ұсынылды. 

Нағашыбай Қабылбек
29.04.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 24690
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 24354
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 41796
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 37676
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 42088