Орал қаласының іргесіндегі Круглоозерное кентінде жаңа Мәдениет үйі пайдалануға берілді. Бұл ауыл халқының көптен күткен қуанышы еді.
Жеке кәсіпкердің қаражаты есебінен бой көтерген нысанның ашылу салтанатына Орал қаласының әкімі Мұрат Бәйменов қатысып, тұрғындарды құттықтады.
– Мемлекет басшысы халықтың өмір сүру сапасын арттыру, елді мекендердің әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту мәселелеріне ерекше көңіл бөліп келеді. Бұл Мәдениет үйінің ел игілігіне берілуі – осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесі, – деген шаһар басшысы Мұрат Болатұлы кент тұрғындары осы мәселені бірнеше жылдан бері көтеріп жүргенін жеткізді.

Жалпы аумағы 1500 шаршы метрді құрайтын нысанда мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастыруға барлық жағдай жасалған. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы аясында салынған Мәдениет үйінің құрылысы өткен жылы басталған болатын. Екі қабатты мәдениет үйінде би және күрес залдары, 252 орындық көрермен залы, оқу залы бар кітапхана, сондай-ақ дыбыс жазуға, арнайы хореография сабақтары мен үйірмелер өткізуге арналған бөлмелер орналасқан.
Халқы жыл санап өсіп келе жатқан Круглоозерный кентінде жаңа мәдениет үйінің ашылуы тұрғындар үшін көптен күткен сый болып отыр. Аталған ғимарат ауыл балаларының сапалы білім мен спортқа деген қолжетімділігін кеңейтіп, олардың жан-жақты дамуына мүмкіндік берері сөзсіз.

– Бүгін ауылымыз үшін ерекше қуанышты күн. Жаңа мәдениет үйі болса деген тұрғындардың көптен күткен арманы еді. Бұған дейін мерекелік концерттер ашық алаңдарда ұйымдастырылып келді. Енді көптеген мәдени шараларды жаңа заманауи ғимаратта тамашалайтын боламыз. Осындай игі істің жүзеге асуына үлес қосқан азаматтарға ауыл тұрғындары атынан алғысымды білдіремін. Бұл мәдениет үйі ауылымыздың рухани өмірін жандандырады деп сенеміз, – дейді кент тұрғыны Мәншүк Қайырғалиева.
Қонақтар жаңа руханият ордасын тамашалап, өнерпаздардың концерттік бағдарламасын тамашалады.
Ләззат ҚАЖЫМОВА,
БҚО, Орал қаласы














