Бір замандарда «Отан», «Нұр Отан», кейін «Аманат» партиясының шашасына шаң жұқпай тұрды. Көшбасшы партия бұрынғы Президенттің саясатын жүргізуде, ел сенімін ақтауда бар күш-жігерін жұмсағанын жоққа шығарсақ, шындыққа обал. Алайда аты бірнеше рет ауысқан «Аманат» елдің билікке артқан аманатын орындай алды ма? Аманатқа қиянат жасалған жоқ па? Бұны тарихтың таразысына қалдырайық.
Сенімді партия – Президенттің «көзі мен құлағы»
Жақында «AMANAT» партиясы Саяси кеңесінің мәлімдемесі» атты тосын әрі астары қалың құжат партияның ресми сайтында жарияланғаны белгілі. Содан бері көзі ашық әлеумет, әлеуметтік желілерде түрлі болжамдар жасап, кейбіреулер бал ашып «Аманат пен Әділет» қосылғалы жатыр деп жазып жатыр. Бір подкастта белсенді депутат партиялардың бірігу идеясы жайлы айтып қалғаны себеп болды ма, белгісіз. «Жел соқпаса, шөптің басы қимылдамайды» ғой. Билік жақтан біреу «сыбырламаса», депутаттың басы екеу емес бірігу жайлы айтатын деп жатқандарға қой деп айта алмаймыз. Депутат та өлетін жерін біледі. Дегенмен бұл жерде бір «но» бар.
Айтпақшы, «Аманат» партиясының саяси кеңесінде Президент ұсынған бастамаларды қолдайтын прогрессивті қоғамдық-саяси күштердің топтасуы туралы мәселе көтерілді. Бұл «Әділет қайда болса, біз сондамыз» деген емеуірін емес пе! Олар ұсыныс тастағанымен, оны қабылдау биліктің шаруасы. «Аманат» партиясы алдағы уақытта «Жаңа Қазақстанның» қолбаласы бола ма, нар баласы бола ма, нақты белгісіз. Белгілісі: «Аманат» тасада қалмайды. Қолдан жем жеп ұшқан қырандай алысқа самғайды. Самғаудан қанаты талмаса болды-дағы.
«Аманат» партиясы Мәлімдемесінде «Қазақстан даму жолының жаңа кезеңіне қадам басып отыр» деп басталатындықтан, бұрынғы билік партиясының өзі де саяси ғұмырбаянының келесі белесіне дайындалып жатқандай әсер қалдырғаны рас. Әйтседе бұл – саяси партияның өз ұстанымы. Бұдан саяси астар іздеу орынсыз секілді.
Бүгінгідей алай-дүлей ғасырда екі партия қосылып, бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүруі қиын. Cебебі заман басқа. Заң қасқа! Құндылықтар өзгерген, саяси көзқарастар күн сайын ауа райы тәрізді мың құбылған кезеңде тұрмыз. Суреттеп айтсақ, «Аманат» ескінің, көненің көзі болса, «Әділет» жаңа заманның, жаңарған биліктің сөзін халыққа жеткізетін күшке ие. Дана қазақ екі қошқардың басы бір қазанға сыймайтынын баяғыда айтып кеткен. Сондықтан ескі билік пен жаңа биліктің партиялары бір мақсатқа (жаңа Президентке) жұмыла жұмыс істегенімен, мүдде тұрғысынан тек біреуі ғана алға шығады. Қалғандары «бір адам таққа мінсе, қырық адам атқа мінедінің» кебін кимек.
Дегенмен кейбір сарапшылар егер саяси күштердің бірігу процесі жүретін болса, әңгіме жаңа партияның үлкен құрылымға қосылуы емес, керісінше соңғы уақытта белсенділігі артып келе жатқан «Әділеттің» ықпалы күшеюі мүмкін деген пікірді айтуда. Яғни, «Аманаттың» «Әділеттің» құрамына кіріп кету мүмкіндігі зор. Дегенмен бұл әзірге болжам ғана. (Нақтысын 12, 14 маусымда біле жатармыз).
Бүгінгі Парламенттегі «Ақ жол» демократиялық партиясы, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, «Respublica» партиясы, Қазақстанның Халық партиясы (ҚХП) алда келе жатқан Құрылтай сайлауында далақтап құр босқа шаба ма, әлде құрдай ұшып бәрінен құр қала ма, таландарынан көрмек...
Жасырып жабары жоқ, «Әділет» партиясы бүгінгі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саясатын қолдау үшін құрылғаны әмбеге аян. Бұл соншалықты таңғалатын дүние емес. Заңды процесс.
Естеріңізде болса, жаңашылдықты көздейтін Қасым-Жомарт Тоқаев Президент тізгінін қолға алғаннан кейін, өзі бір кезде құрамында болған, сөзін сөйлеген партия қатарынан шығып, оның атауын «AMANAT» деп өзгертуді ұсынғанда, көпшілік ескі саяси жүйені ыдырату процесі басталды деп ойлады. Күмәнмен қарағандар бұл партия да келмеске кетіп бара жатқан дәуірдің соңынан ілеседі деп болжаған. Бірақ олай болмады. «Аманат» жаңа Президентке адалдығы үшін ыдыраудан аман қалды. Бүгінгі жүрісінен жаңылмаса, ұзаққа шабары даусыз...
Ал Президенттің «Аманаттан» шығуы, ескі Қазақстанның «батпағынан» босап, қосақ арасында кетіп қалмау үшін асқақ қалпын сақтап, жаңа Қазақстанда жаңаша ойлауға елді бастауы деп түсінген дұрыс. Жаңа Президент ескі партияның тасасында қалса, халықтың көңілінде күмән, сайлаушылардың санасында сейілмейтін тұман қалар еді. Ханда қырық адамның ақылы болатынын осыдан бажайлай беріңіз.
Әлем тарихына көз жүгіртсек, партиясы жоқ Президент – жалаңаяқ Президент. Қолдаушысы жоқ жетім Президент. Ондай Президенттің ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс бола алмайды. Сондықтан Президент Тоқаев та «Біреудің қаңсығына таңсық болғысы келмей», жүз ойланып, мың толғанып, Құрылтайдың алдында жаңа партияны үкілеп бәйгеге қосқалы отыр. Саясат сахнасына «Әділет» партиясы шыға келгенде, елең ете қалған жұрт көп. Себебі елімізде жаңа партияны тіркегеннен, жер шарын бір айналып келген жеңіл дейтіндер бар. Осындай сәтте қолдаушысы мықты, жолбасшысы рухты болса, алынбас қамал жоқтығы тағы бір көрінді. «Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» дескендер де болды. «Әп-бәрекелді» деп қара көрсеткендер де аз емес.
Сенімді партия – бұл кез келген Президенттің «көзі мен құлағы». Ұзақ мерзімді саясатының тірегі. Қолдаушысы!
Мысалы Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанның «Ақ партиясы» бар.
Аузын айға білеген АҚШ Президенті Дональд Трамп Республикалық партияның (Republican Party) мүшесі.
Франция Президенті Эммануэль Макронның партиясы «Қайта өрлеу» деп аталады.
Ресей Президенті Владимир Путиннің негізгі саяси тірегі және елдегі билік етуші партия – «Біртұтас Ресей» (орыс. «Единая Россия»). Бұл ұйым қазіргі уақытта Мемлекеттік Думада конституциялық көпшілікке ие. Армениядағы атқарушы биліктің басшысы – Премьер-министр Никол Пашинян. Ол басқаратын саяси ұйым – «Азаматтық келісім». Осы тұрғыдан қарағанда Ел Президентінің «Әділет» партиясына арқа сүйеуі ерсілік емес – өршілдік!
Қос съезд қандай шешім қабылдайды?
Осы ретте біз мына мәселеге жіті көңіл бөлгеніміз дұрыс. «Әділет» партиясы жақында ғана пайда болса да, ақпараттық кеңістікте жарнамалануы жақсы. Ықпалы да ересен. «Күштінің құйрығы диірмен тартатыны бесенеден белгілі» десеңіз де, «Әділет» партиясының саясат сахнасына шығуы – халыққа үлкен сенім ұялатып отырғаны анық. Бұл партияның саяси салмағының жоғары екені, оның алдағы уақыттағы сайлауда суырылып алға шығатыны жайлы гу-гу әңгіме өріп жүр. Ол талас тудырмайтын шындық.
Әділет өзін қаншалықты дербес, дара, тәуелсіз көрсеткенімен, Ақорданың идеологтарының қара қазанында біраз уақыт сақылдап, суы сарқылғанша арқырап қайнағаны көзі ашық, көкірегі ояу жұртқа көрініп-ақ тұр. Қара сорпасының дәмін көріп, Президенттің өзі тұзын қалағанынша салғанына көріпкел болудың қажеті бола қоймас. «Әділет» партиясы о баста өзін конституциялық құндылықтарды ұстанатын, заң үстемдігі мен әділет қағидатын қолдайтын саяси ұйым ретінде таныстырды. Яғни, Президенттің ұстанымдарын қолдайтынын ашық көрсетті. Партияның төрағалығына Президент әкімшілігін басқарған Айбек Дәдебай келуі де бекер емес. Бұл үлкен саяси салмақтың көрсеткіші. Ол келе сала партияны тіркеу процестерін жылдам жүзеге асырды да, партия қатарына біраз адамды жинап алды. Айбек Дәдебай жаңа Конституцияны әзірлеу кезеңінде реформаларды түсіндіру мен ұйымдастыру бағытында белсенді болғаны елдің көз алдында. Сол тәжірибесін жаңа партияға бағыттап жатқаны байқалады.
Жоғарыда әлеуметтік желіде әлеуметтің «Аманат» пен «Әділеттің» бас қосып бір партияға топтасуы мүмкін деген көзқарастары туралы айтқан болатынбыз. Желі қолданушы Гүлнар Изтаева атты белсендінің пікіріне көз жүгіртейік.
«Сол ғой, атауы өзгерсе, халық алданып қалады дегенге сене ме? Солар ше, қоғамның мүлдем басқа ой-сана деңгейіне көтеріліп кеткенінен хабарсыз болып, бұрынғы төменгі санада қалып кеткен өздеріндей көреді-ау. Олардың бізді түсінбей жатқаны содан. Олар балалық санада қалып кеткен, өкінішке орай. Ақылдары бар болғасын өздерін ақылды санап, санасы басқа деңгейде екенін аңғара алмай отыр. Егер ақымақтау болғанда, әлсіз екенін мойындар еді. Оларды құртып отырғаны сол ақылы. Рационалды ақыл кез келген қате шешімді ақтап бере алатын ойға қабілетті. Ал сана деңгейі бөлек болатынынан хабарсыз. Өздерін солай атауды ауыстырып алдауға болатын шығар, сондықтан ақымақ халықты да алдай аламыз деп ойлайды. Ал қазір бөлек заман келді ғой, ой-сана деңгейі жоғары ұрпақ дүниеге келіп жатыр. Ал үлкен буында адамилықты, батылдық пен шыншылдықты сақтап қалғандар жаңа заманға бейімделіп, ой-санасын өсіре алды. Сондықтан қоғамда жағдайды нақты пайымдай алатын, жоғары сана деңгейіндегі адамдар көбейіп келеді. Ал биліктегілер бәсеке болмағандықтан, өз жағдайлары өздерін қанағаттандырып жатқандықтан өзгеріссіз, төменгі санада қалып кетті. Қазіргі заманда тек рационалды ақыл аз, содан хабарсыз» депті.
Қуат Аманжолұлы атты әлеуметтік желі қолданушы былай көсіліпті. «Егер саяси жүйеде бір ғана партия қалса, бұл шын мәнінде бірпартиялық жүйеге айналады. Мұндай жағдайда қоғамдағы әртүрлі көзқарастардың бәсекесі, саяси пікірталас пен сын-пікірдің маңызы әлсірейді немесе мүлде жоғалады.
Демократияның басты қағидаты – әртүрлі саяси күштердің еркін бәсекелесуі және азаматтардың таңдау мүмкіндігінің болуы. Ал саяси партияларды қолдан біріктіру немесе балама күштердің өмір сүруіне жол бермеу биліктің бір орталыққа шоғырлануына алып келеді. Сондықтан барлық саяси күштерді бір партияның төңірегіне топтастыру немесе елде тек бір партияның үстемдігін орнату идеясы көпшілікке коммунистік кезеңдегі бірпартиялық жүйені еске түсіреді. Өйткені саяси бәсеке, пікір алуандығы және билікті қоғамдық бақылау болмаса, демократиялық жүйенің негізі әлсірейді.
Бір сөзбен айтқанда, саяси тұрақтылықтың кепілі – бір ғана партияның үстемдігі емес, әртүрлі көзқарастардың еркін бәсекесі мен заң аясындағы, қоғамда әртүрлі көзқарастардың, пікірлердің, идеялардың, саяси күштердің және мүдделердің қатар өмір сүріп, еркін бәсекелесу қағидасы» депті.
Қоғам қайраткері Ауыт Мұқибек мырза былай депті. «AMANAT» партиясы «Әділет» партиясына қосыла ма, әлде біржола таратыла ма, білмеймін. Бірақ, «Аманатқа» бір тықырдың таяғаны шындық!
Меніңше, «Аманатты» таратқаннан немесе «Әділетке» қосқаннан гөрі, Құрылтай сайлауына қатыстырып, ең төменгі бес пайыздық шекпен Ерлан Қошанов, Айдос Сарым, Ерлан Саиров, Unzila Shapak, Мурат Абенов және анау анасы мен қатынын құттықтайтын екеу секілді алты-жеті депутатын отырғызып қойған дұрыс болар еді деп ойлаймын.
Сонда біз: «О, сайлау әділ өтті!» деп мәз боп қалатын едік…».
Демократиялы қоғамда өмір сүріп жатқандықтан, ешкімнің аузына қақпақ қоя алмаймыз.
PS: Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтсақ, «Аманат» партиясына қосылатын болса, «Әділет» партиясы несіне құрылды? Елді әбігерге салғанша «Аманат» партиясын іштен ірітіп те жоғары билік өз мақсаттарын жүзеге асыра алар еді ғой. Әлде бұл да халықты сең соққан балықтай ететін саясаттың бір соқпағы ма?
Біздің ойымызша (тыңдап жатқан біреу болса) екі партияның қосылмағаны қоғамға жақсы. Үнемі бәсеке, саяси тартыс жүреді. Соның нәтижесінде объективті шешімдер қабылданады. Бірақ саясат деген біз ойлағандай емес қой. Оған талай мәрте көзіміз жетті. Астананың ауа райындай мың құбылады антұрған. Бір Алла ғана біледі алда «Аманатты» не күтіп тұрғанын. Әйтеуір ел мен жұрт аман болсын!
Қалай десекте «Әділет» партиясы алдағы Құрылтайда көш бастайды. Көші оң болғай! Бәлкім сайлауда «Аманат» партиясы «күйреп», мүшелерін «Әділетке» сүйреп әкелсе де таңғалуға болмас. Бұл саясат дегенің кісі өлтіреді негізі. Алдағыны болжау қиын. Өте қиын!
Газетіміздің кезекті нөмірі жарыққа шыққаннан кейінгі жұма, жексенбі күндері, нақтылап айтсақ, 12 маусым күні «Аманаттың», ал 14 маусымда «Әділет» партиясының съезі болады. Осы жиындарда нақты шешім айтылуы тиіс. Біздікі болжам ғана...
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК













