25 қазан күні Әміре Қашаубаев атындағы дәстүрлі ән орындаушылардың республикалық байқауына қатысушылар арасында жеребе тарту рәсімі өтті. Ал 26 қазанда байқаудың ашылу салтанаты өтіп, өнер додасының бірінші кезеңі басталды.
Қазақтың дәстүрлі ән өнерін ұлықтауға арналған байқау Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Өнер додасына Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясы мұрындық болды.

Байқау қазақ ән өнерінің асқақ үнін әлемге танытып, ұлттық мәдениеттің дамуына зор үлес қосқан әйгілі әнші Әміре Қашаубаевтың шығармашылық мұрасын дәріптеуге бағытталған. Басты мақсаты – дәстүрлі ән өнерін кеңінен насихаттау, жас орындаушылардың кәсіби шеберлігін шыңдау, шығармашылық әлеуетін дамыту және қазақ халқының бай музыкалық мұрасын кейінгі ұрпаққа жеткізу. Сонымен қатар Біржан сал, Ақан сері, Естай, Мұхит сынды халық композиторларының асыл мұрасын жаңғыртып, дәстүрлі әншілік мектептердің сабақтастығын сақтау көзделген.
Биыл байқауға қатысу үшін 41 үміткерден өтінім түсті. Сарапшылар алқасының шешімімен олардың 22-сі республикалық байқауға жолдама алды. 20–35 жас аралығындағы дәстүрлі ән орындаушылар қатысатын байқау екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде өнерпаздар өздерінің орындаушылық шеберлігін, әнді өзіндік нақышпен жеткізу қабілетін және дәстүрлі әншілік мектептердің ерекшеліктерін көрсетеді.
Қатысушылардың өнерін мәдениет пен өнер саласында мол тәжірибесі бар мамандардан құралған қазылар алқасы бағалайды. Оның құрамына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, белгілі әншілер, жоғары оқу орындарының профессорлары мен оқытушылары енген.
Атап айтқанда, қазылар алқасының мүшелері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» ордені мен «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, әнші, Қарағанды қаласындағы Тәттімбет атындағы өнер колледжінің оқытушысы Жақсыкелді Кемалов; Қазақстан Республикасының Мәдениет саласының үздігі, «Құрмет» орденінің кавалері, Батыс Қазақстан облыстық Ғарифолла Құрманғалиев атындағы академиялық филармониясының әншісі Қайрат Кәкімов.

Сондай-ақ қазылар алқасының құрамында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, 2002 жылғы Әміре Қашаубаев атындағы республикалық дәстүрлі әншілер байқауының Бас жүлде иегері Нұржан Жанпейісов; «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы Дәстүрлі музыкалық өнер кафедрасының меңгерушісі, доцент Шолпан Даржан және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының оқытушысы, әнші-композитор Гүлмира Сарина бар.
Республикалық байқау еліміздің әр өңірінен жиналған өнерпаздардың басын қосып, олардың кәсіби ортада тәжірибе алмасуына, шығармашылық мүмкіндіктерін көрсетуіне және ұлттық өнердің өрісін кеңейтуіне жол ашады. Сонымен қатар жас таланттардың дәстүрлі әнге деген қызығушылығын арттырып, қазақ музыкасының бай мұрасын кеңінен насихаттауға ықпал етеді.
Байқаудың екінші күні, 27 қазанда, өнер додасы жалғасып, сағат 19:00-де жабылу салтанаты мен жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өтеді.
Әміре Қашаубаев атындағы республикалық байқау – ұлттық ән өнерінің дәстүрін жалғастырып, жас орындаушылардың шеберлігін шыңдауға және қазақ халқының рухани-мәдени мұрасын дәріптеуге бағытталған маңызды мәдени іс-шара.
















