Оралдағы Деркөл кентіне қарасты Сарыарқа шағын ауданындағы «Сарыарқа өрендері» қосымша білім беру орталығы жаңа ғимаратқа көшіп, үйірме жұмыстарының тынысы кеңейді.
Бұған дейін аталған шағын кенттегі мектептерде жұмыс жасап келген орталықтың салтанатты ашылуына Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Мирас Мүлкәй, облыстық білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллин қатысып, деркөлдіктердің қуанышына ортақтасты.

Балалар мен олардың ата-аналарын құттықтаған облыс әкімінің орынбасары М.Мүлкәй жас ұрпаққа жағдай жасау мемлекеттің басты міндеттерінің бірі екенін айтты.
Орал қалалық мектептен тыс жұмыс орталығының директоры Тілек Қуанышкереев қонақтарға орталықтың жұмысы мен жетістіктерін таныстырды. Жаңа ғимаратта қолөнер және сурет үйірмелері тәрбиеленушілерінің қолынан шыққан түрлі жұмыстар қойылған. Орталықта қызмет атқаратын қосымша білім беру педагогтерінің және орталықтың тынысынан хабардар ететін фотосуреттер де ерекше көзге түседі. Ал «Жетістіктер тақтасынан» орталықтағы түрлі үйірмеге қатысатын талантты оқушылардың қалалық, облыстық, республикалық және халықаралық байқаулардағы дипломдары мен кубоктары орын алған. Сонымен қатар шығармашыл әрі білікті ұстаздардың жетістіктері де назардан тыс қалмады.

Орталықтың жаңа ғимаратында жас суретшілер мен сәндік қолданбалы өнер үйірмесі мүшелеріне арналған шеберхана, «Музыка әлемі» кабинеті, «Білім LAB», «Зерек бала», «Ой сандық», үстел теннисі сыныптары, би студиясы, спортшылар залы бар. Сонымен қатар шара қонақтары орталықтың дарынды өрендерінің өнерін тамашалап, олардың болашақтарына үлкен сенім білдірді.
Мектептен тыс жұмыс орталығының басшысы Т.Қуанышкереевтің айтуынша, қаланың әрбір шағын ауданында аталмыш орталықтың бөлімшелері жұмыс жасайды. «Сарыарқа өрендері» орталығы – солардың бірі.

– Бұл қосымша білім беру орталығы 2019 жылдан бері балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне атсалысып келеді. Орталықтың мақсаты – балаларды мектептен тыс уақытта қосымша білім берумен қамту. Биылғы оқу жылында орталықтағы 15 үйірмеге 500-ден астам оқушы тартылды. Қазір орталыққа жарты күндік демалыс лагері ретінде балаларды жинаудамыз. Осыған дейін мектеп ғимаратында жұмыс жасаған орталыққа облыс әкімдігінің тапсырмасымен жеке кәсіпкердің ғимараты жалға беріліп отыр, – дейді Тілек Әділгерейұлы.
Жалпы Сарыарқа шағын ауданында 12 мыңнан астам тұрғын қоныстанған. Балалардың шығармашылық, зияткерлік және ғылыми қабілеттерін дамытатын жаңа орталық ғимаратының ашылуы тұрғындарға үлкен үміт сыйлағаны сөзсіз.
Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,
БҚО, Орал қаласы














