«Асыл бесік – Ақсуат» фестивалі өтті

 «Асыл бесік –   Ақсуат»   фестивалі өтті

Ұлттық спортты, өнерді, білім мен руханиятты тоғыстырған ауқымды шараға еліміздің әр өңірінен спортшылар, өнерпаздар мен қонақтар қатысты.

Фестивальдің ашылу салтанатында облыс әкімі Берік Уәли құттықтау сөз сөйлеп, шараның маңызына тоқталды.

«Қойнауы құтқа толған, баурайы жұртқа толған Тарбағатайдың еңісін жайлаған Ақсуат жері – халқымыздың тарихы мен тағдырында айрықша орны бар қасиетті мекен. Елдің сөзін сөйлеп, ұлт руханиятын байытқан, түгін тартса май шығып, тасын түртсе тарих сөйлейтін бұл өңір талай тау тұлғаны дүниеге әкелген тағылымды өлке. Сондықтан бүгінгі басқосудың дәл осы қасиетті топырақта өтуінің өзіндік мәні бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Біз отаншыл және мемлекетшіл болуымыз керек. Шын мәнінде, туған жеріңді сүюден асқан бақыт жоқ. Жүрегі Отаным, Елім, Жерім деп соққан адам ештеңеден қаймықпайды», – деп атап өткен болатын. Осындай елін сүйген, елі сүйген азаматтар біздің ортамыздан табылып отыр. Дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан дүбірлі тойдың шашбауын көтерген атымтай жомарт жандарға, жерлесіміз Дулат Тастекейге және Қайырлы Хасеновке барша аудан, облыс жұртшылығы атынан алғысымды білдіремін. Биыл бұл фестивальдің маңызы бұрынғыдан да арта түсті. Өйткені «Асыл бесік – Ақсуат» фестивалі республикалық деңгейде өткізілетін мәдени-көпшілік іс-шаралар тізбесіне енгізіліп, кең көлемде аталып өтті. Бұл – Ақсуат өңірінің тарихи-рухани әлеуетіне берілген жоғары баға. Фестиваль бағдарламасының өз бастауын халқымыздың ардақты перзенті, елдік пен ерліктің символына айналған Ырғызбай ата кесенесінен алуы – өткенге тағзым мен рухани сабақтастықтың айқын белгісі. Осымен тоғызыншы рет ұйымдастырылған фестиваль ұлттық спорт пен өнерді, білім мен мәдениетті бір арнаға тоғыстырды», – деді аймақ басшысы.

Шара барысында ұйымдастырушылар көпбалалы анаға жаңа пәтердің кілтін табыстады. Сондай-ақ өңірдің дамуына үлес қосқан бірқатар азаматқа «Тарбағатай тарланы», «Асыл ана», «Асыл тас» медальдары тапсырылып, екі студентке білім гранты берілді.

Фестиваль аясында алғаш рет республикалық тоғызқұмалақ турнирі ұйымдастырылды. Сонымен қатар қазақ күресінен ASSYL ARLAN турнирі, ASSYL TULPAR бәйге жарыстары, аударыспақ сайысы және «Артық білім – кітапта» облыстық зияткерлік байқауы өтті.

ASSYL ARLAN турнирінде өгіз палуан мен түйе палуан анықталды. Ал ASSYL TULPAR аясында 25 шақырымдық аламан бәйге, 15 шақырымдық топ бәйге және 20 шақырымдық «Ақсуат арғымағы» жарыстары ұйымдастырылды.

Үш күнге созылған фестиваль бағдарламасы Ырғызбай ата кесенесіндегі тағзым шараларынан басталып, ұлттық спорт жарыстарын, мәдени-көпшілік іс-шараларды, театрландырылған қойылымдар мен концерттік бағдарламаларды қамтыды. Фестиваль аясында ASSYLTAS театрының «Ауыл кеші көңілді» музыкалық қойылымы көрсетіліп, гала-концерт өтті.

Сәруар ҚАБДОЛЛА,

Абай облысы

12.06.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 25790
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 25240
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 42652
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 38494
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 43051