2026 жылғы 22 сәуірде Астана қаласында «Өңірлік экологиялық саммит 2026» (RES 2026) өз жұмысын бастады.
Саммиттің ашылу рәсімі Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзімен басталды.

Өңір үшін маңызды экологиялық алаңның ашылуына ресми қонақ ретінде Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті, профессор Ақтоты Райымқұлова қатысты. Қордың бұл платформада таныстырылуы түркі халықтарының көпғасырлық мәдени мұрасы мен табиғатқа ұқыпты қарау философиясы арасындағы терең әрі табиғи байланыстың айқын дәлелі болып табылады. Бұл байланыс үйлесім, тұрақтылық және келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілік идеяларын бейнелейді.
Үш күнге созылатын саммит аясында климатқа инвестициялар тарту, биоалуантүрлілікті сақтау және өңірдің экологиялық қауіпсіздігі мәселелері негізгі тақырыптар ретінде талқыланады.

Сонымен қатар, саммиттің ашылуында Қырғыз Республикасы, Өзбекстан Республикасы, Түрікменстан, Тәжікстан Республикасы, Моңғолия, Грузия мемлекеттерінің басшылары, сондай-ақ Әзербайжан Республикасы, Ресей Федерациясы, Беларусь Республикасы, Сербия Республикасы, Пәкістан Ислам Республикасы және өңірдің басқа да елдерінің ресми өкілдері сөз сөйледі. Бұдан бөлек, іс-шараға БҰҰ-ның түрлі агенттіктерінің (ЮНЕП, ЮНЕСКО, ФАО, ПРООН), Еуропалық одақтың, ШЫҰ мен ИЫҰ-ның өкілдері, сондай-ақ Дүниежүзілік банк пен Азия даму банкі сияқты беделді қаржы институттарының басшылары мен сарапшылары қатысуда.

Көптеген делегациялардың қатысуымен өтетін бұл ауқымды іс-шара 24 сәуірде цифрлық экологиялық шешімдер мен жасанды интеллект технологияларын қолдану мәселелерін талқылаумен аяқталады.
Айта кету керек, саммит аясында Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті, профессор Ақтоты Райымқұлованың «Орталық Азиядағы биоалуантүрлілікті сақтау жөніндегі өңірлік ынтымақтастық: жаһандық міндеттемелерден бірлескен әрекеттерге дейін» тақырыбындағы панельдік сессияда сөз сөйлеуі күтілуде.















