Ақтөбе қаласындағы цифрлық құзыреттерді дамытуға, жасанды интеллект технологияларын енгізуге және білім беру саласындағы инновациялық бастамаларды қолдауға бағытталған AQTOBE IT HUB инновациялық білім беру орталығы ашылды. Қазіргі уақытта орталық базасындағы Tomorrow School бағдарламалау және жасанды интеллект мектебіне оқуға қабылдау үшін өтінімдер қабылдау жүргізіліп жатыр. Алғашқы іріктеу кезеңінен өтетін қарқынды оқу курсын 2026 жылдың соңына дейін өткізу жоспарланып отыр.
AQTOBE IT HUB инновациялық білім беру орталығының ресми ашылуына Ақтөбе облысы әкімі Асхат Шахаров, облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Әсет Отарбаев, білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаева, білім беру ұйымдарының өкілдері, педагогтер, IT саласының мамандары және білім алушылар қатысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында ашылған орталықтың бес негізгі бағыты бойынша ұйымдастырылған оқу кабинеттерінің жұмысы, соның ішінде 3D-модельдеу, Web-бағдарламалау, компьютерлік графика, робототехника және жасанды интеллект бағыттары бойынша жүзеге асырылатын жұмыстар таныстырылды.
– IT-хабты ашудағы басты мақсатымыз – заман талабына сай білім беру. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында балалардың жасанды интеллект пен IT технологияларын меңгеруіне мүмкіндік жасауымыз керек. Осы мақсатта «Tomorrow School» жобасы мен басқа да IT бағыттарын дамытуға басымдық беріліп отыр.
Орталық заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар шетелдік білікті мамандарды шақырып, жергілікті ұстаздар мен мамандардың біліктілігін арттыруға мүмкіндік бар. Мұнда колледж оқушылары ғана емес, мектеп оқушылары, өзге оқу орындарының білім алушылары және облыс тұрғындары да қосымша білім ала алады. Сабақтан немесе жұмыстан тыс уақытта келіп оқып, тиісті сертификат алу мүмкіндігі де қарастырылып отыр, – деді облыс әкімі.
Жаңа нысан ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллект бағытында білім алатын жастарға заманауи оқу және тәжірибелік орта қалыптастыруға мүмкіндік береді. Үш қабатты ғимараттың жалпы ауданы – 1 696 шаршы метр, ал құрылыс алаңы – 642,1 шаршы метр. Жобаның жалпы құны – 1 млрд 27,5 млн теңге. Нысанның бас мердігері – «Бабәк-Құрылыс» ЖШС. Техникалық қадағалауды «СанТехМонтаж-Актобе» ЖШС, авторлық қадағалауды «MS Industrial» ЖШС жүзеге асырған.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, білім беру саласына жасанды интеллект технологиялары кезең-кезеңімен енгізілуде. Біз де арнайы курстардан өтіп, алған білімімізді оқушыларға үйретіп жатырмыз. Осы IT HUB сияқты заманауи орталықтың ашылуы жастар үшін үлкен мүмкіндік. Осындай жағдай жасағаны үшін облыс әкіміне алғысымызды білдіреміз.
AQTOBE IT HUB орталығындағы жасанды интеллект үйірмесінде оқушылар цифрлық контент жасауды, қарапайым чат-боттар әзірлеуді және өз жобаларын жүзеге асыруды үйренеді. Сонымен қатар ақпаратты сыни тұрғыдан бағалауға, деректер қауіпсіздігі мен авторлық құқықты сақтауға мән береміз. Біздің мақсатымыз – жас ұрпақты жасанды интеллектіні саналы әрі жауапкершілікпен пайдалануға үйрету.
AQTOBE IT HUB орталығындағы жасанды интеллект үйірмесінде білім алушылар ЖИ технологияларының жұмыс істеу принциптерімен танысып, мәтін, сурет және басқа да цифрлық контент жасауға арналған құралдарды қолдануды үйренеді. Сонымен қатар қарапайым чат-боттар әзірлеу, оқу міндеттерін шешуге арналған цифрлық жобалар жасау және өз идеяларын жүзеге асыру бағытында жұмыс істейді, – дейді ЖИ маманы Мағжан Жұмаев.

Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінің студенті Кәусар Батырхан IT HUB орталығының ашылуы IT саласына қызығатын жастар үшін үлкен мүмкіндік екенін айтады.
– Мен Web-бағдарламалау бағытына қызығамын. Қазіргі таңда цифрлық технологиялар қарқынды дамып жатқандықтан, веб-сайттар мен түрлі онлайн платформаларды әзірлеуді үйреніп қосымша табыс тапқым келеді.
Болашақта өз саламның білікті маманы болып, білімімді шетелде жалғастыруды мақсат етемін. Осы орталықта алып жүрген білімім мен тәжірибем сол мақсаттарыма жетуге үлкен септігін тигізеді деп ойлаймын. Қазіргі таңда IT дағдыларын меңгеру, ағылшын тіліндегі цифрлық ресурстармен жұмыс істеу және жаңа технологияларды игеру өте маңызды. AQTOBE IT HUB бізге осы бағытта дамуға жол ашады.
Ең бастысы, мұндай орталықтар адамның өзіне деген сенімін арттырып, жаңа идеяларды жүзеге асыруға ынталандырады. Болашақта осында алған білімімді тереңдетіп, халықаралық деңгейде білім алып, елімізге қажетті білікті маман болып оралғым келеді. Осындай мүмкіндіктердің Ақтөбеде жасалып жатқанына қуаныштымын, – дейді ол.

Өңір басшысының айтуынша, орталықтың жұмысы облыстық бюджет есебінен қаржыландырылады, бұл шетелдік мамандарды шақыруға, жергілікті кадрларды оқытуға және балалардың білімін жетілдіруге жол ашады.
Өңір басшысы орталықта жүргізіліп жатқан сабақтарға қатысып, оқытушылармен, білім алушылармен пікірлесті. Оқытушылармен, арнайы дәріске қатысып жатқан қала мектептерінің информатика пәні мұғалімдерімен кездесіп, IT саласын дамыту, оқушылардың жасанды интеллект пен заманауи технологияларды меңгеруіне жағдай жасау және білікті мамандар даярлау мәселелерін талқылады.
Орталықтың қызметі өңірдегі IT құзыреттерді дамытуға, жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға және білім беру үдерісіне жаңа технологияларды енгізуге бағытталған.














