Қос ғашықтың жолын қиған жеті ата

Қос ғашықтың жолын қиған жеті ата

90-шы жылдардың бас жағында ауылда елді елең еткізген бір оқиға болды. Рулас бір ағамыз  рулас қарындасымызды алып қашыпты.  Мал құлағы саңырау дейді қазақ мұндайда.  

Дәстүр бұзған Еңілік пен Кебектің заманы емес. Бір ауылда өскен жақын ағайындар. 

Масқара! Ой, бұл деген адам аузы бармайтын қылмысқа пара-пар нәрсе ғой ел үшін.

Ауыл дүрлікті. Әйелдер жағы  беттерін шымшып, өсек-аяң желдей есті! Еркек біткен төмен қарап сенер-сенбестерін білмей аңырап қалған.

Шәкәрім Құдайбердіұлы жазған «Қалқаман-Мамыр» дастанында Қалқаман сүйген қызы Мамырды тауға алып қашса, ағамыз «қарындасын» қалаға қарай алып қашқан. Содан не болды дейсіз ғой? Іс насырға шапты. Қыздың адуынды ағасы бар еді, милицияға арыз жазып «қос ғашықты» іздеп тауып, жазалады. 

Ел жадында сақталған дастанда Мамыр қыз өз туысы Көкенайдың қолынан қаза тапса, біздің қыз сүйгенінен ажырап ағасының үйінде ел бетін көре алмай бір жылдай жатты. Кейін шалғайдағы өзге ауылдың жігітіне тұрмысқа шығып, көзден ғайып болды.

Қалқаман жігіт өзін өлім жазасына кескен Кеңгірбай бидің «Енді жазадан құтылдың» дегенін тыңдамай, үстем тап өкілдеріне өкпелеп, Бұхар жаққа кетеді емес пе. 

Біздің ағамыз да бір-екі жыл сыртта жүріп, бәрі ұмыт болды-ау дегенде ауылға оралды.

Дастанда Қалқаманның сырт жақта өсіп-өніп, ұрпағы жүз үйге жеткені айтылады. Біздің ағамыз да кейін үйленіп, өсіп өнді. 

Ол кезде ауылда көне көз қариялардың бар кезі.  «Қалқаман-Мамыр» оқиғасы әбден ушыққан кезде, ауылға арыз бойынша ауданнан милициялар келіп оқиға барысын тергеп-тексере бастағанда, «Қыз алып қашу» бабымен іс қозғалғанда бір ақсақал ауылдағы шалдарды жинап, қыздың ағасы мен әкесіне тоқтам айтып шежірені тарқатады. Сөйтіп жеті аталарын санамалап жібергенде рулас ағамыздың, алып қашқан рулас қарындасына сегізінші атадан қосылатыны нақтыланады. Демек үйленуге құқы бар. Дәстүрге қайшы емес. Керек десеңіз, ағамыздың арғы бірінші атасы Жоңғар шапқыншылығы кезінде  қолға түскен бала екен. Оның тарихы тіпті қызық. 

Қазақ жасағы жоңғар ауылдарын шапқанда, қашқан қалмақтардың бірі «бала тірі қалса екен» деген оймен қара қазанның астына жасырып кетіпті. Кейін біздің рудың батыры қолына асық жілік ұстатып, бауырына басқан. Сөйтіп біздің руға сіңген!

Бұл шежіре бәрібір ештеңені өзгерте алмады. Елдің өсегі мен сөзінен қорыққан қыздың туысқандары өз дегендерін істеді…

PS: Осы ФБ-да шариғатта бірге туған ағайынды адамдар бірінің ұлына бірінің қызын беруге болады екен деп шулап жатыр. Бұл – дін дұшпандарының ісі. Бұл – шариғатты білмегендік. Ата-бабаларымыз ислам дінін кеше-бүгін қабылдаған жоқ. Салт-дәстүрге негіздеді бәрін! Қалқаман-Мамыр дастаны соның куәсі! Екі жасты «құрбандыққа шалу» арқылы өзгелерге сабақ болсын деп ұлттық болмысты сақтап қалды бабаларымыз!

Оны Кеңес заманында халықтық шығармаға айналған дастан сюжеті феодалдық-патриархалдық дәуірдегі озбырлық пен әдет-ғұрыпты әшкерелейді, еркіндікті аңсаған халық идеясын паш етеді деп дәріптелді.

Негізі бұл дастан қан тазалығын, жеті ата дәстүрін насихаттауға арналғандай көрінеді маған. Дінге күйе жақпас бұрын ізденген дұрыс! 

Қасиетті құранның «Һумәзә» сүресінің бірінші аятында:  «Бүкіл қорлаушы, өсекшіге нендей өкініш?!» дейді. Өсек-ғайбат тозақ отына тастатады адамды. 

Сақ болайық! Құдайдан қорқайық!

Сахих хадистерді оқысаңыз, соңғы пайғамбардың өзі «жарды алыстан іздеңдер» дейді. Сахабалардан жеткен хадистер қаншама!

Нағашыбай Қабылбек
30.04.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 24690
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 24354
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 41796
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 37676
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 42088