Ардагерлер кеңесіндегі дау-дамайдың түйінін кім шешеді?

Ардагерлер кеңесіндегі  дау-дамайдың түйінін  кім шешеді?

Газетімізге Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданынан хат келіп түсті. Хат «Qazaqstan dauiri» ЖШС-ның бас директоры Сәуле Мешітбайқызының атына жолданған екен. Онда аудандық Ардагерлер кеңесінің XIII конференциясында орын алған келеңсіздіктер туралы айта келіп, осы материалды  «Qazaqstan dauiri» қоғамдық-саяси газетіне жариялауды, сол арқылы қоғам назарына ұсынуды өтініш етіпті.

 

«Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі орталық кеңесінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетовтың назарына

Біз аудандық «Достық» газетінің 2026 жылғы 10 сәуір күні шыққан № 14 санында жарияланған ауданның құрметті азаматы, зейнеткер-ұстаз Гүлбаршын Берденованың «Демеңдер, адам жақсы, заман жаман» атты мақаласына үн қосуды жөн көрдік.

2026 жылы 3 сәуір күні мәдениет үйінде аудандық Ардагерлер кеңесінің XIII конференциясына арнайы шақыру бойынша қатысып, конференция барысында орын алған келеңсіздіктерге куә болғандықтан, көңілге алған біраз жағдайды мақал етіп жазып, газеттеріңіз арқылы лауазымды тұлғалар мен қоғам талқысына ұсынуды жөн көрдік.

Біріншіден, аудандық ардагерлер конференциясының өтетіні туралы бір ай бұрын газет бетінде жарияланған жоқ. Екіншіден, конференция өтетін күн бір емес, төрт рет өзгеріске түсті. Өту күні қайта-қайта не себептен өзгергені туралы делегаттарға түсініктеме берілмеді. Призидиумға конференцияны делегат емес, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Уали Марат Қалиасқарұлы жүргізді. Негізінен конференцияны делегаттар арасынан бір адам сайланып жүргізуі керек болатын. Бұл туралы делегат Оралбаев Шаймарданның «Марат Қалиасқарұлының жиналысты жүргізуге еш құқығы жоқ, жиналысты делегат, президиум мүшесі Мырзаханов Тұқан жүргізуі керек» деген ұсынысы дауысқа қойылмады. Белден басу осыдан басталды десек болады.

Мандат комиссиясы құрылған жоқ. Жарыссөзге шығып, сын-ескертпелер айтқан делегаттардың сөздерін Марат Уали регламент аяқталды деген сылтаумен бірнеше мәрте тоқтатпақ болды. Тынышбек Жүнісұлы, Әмина Сақажанова, Гүлбаршын Берденова сынды делегаттар тарапынан қойылған сұрақтар мен сын-ескертпелер ескерусіз қалды.

Зайсан ауданының құрметті азаматы, «Ерен еңбегі» медалінің иегері, ұзақ жылдар аудандық «Достық» газетінің редакторы қызметін абыроймен атқарған Әмина Сақажанова сөз алып, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Т. Молдаханов үйіне келіп: «Сіз делегатсыз, жуықта өтетін конференцияға келіп қатысыңыз», – деп айтқан соң, екі күннен кейін келіп, «Сіз делегат емессіз» деп айтқанын ортаға салды.

Мұны қалай түсінуге болады? Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында өздерінің сүбелі үлестерін қосқан еңбек ардагерлеріне деген құрметсіздік емей немене?!

Жарыссөзге шыққан еңбек ардагері Тынышбек Жүнісұлы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасына спорт саласының ардагері Зайсанбек Қажановты ұсынды. 3. Қажанов ардагерлер ұйымының жұмысын жандандырып, жоғары деңгейге көтереді деген пікір білдірді.

Дау-дамай сайлау мәселесіне келгенде тіптен өршіді. Ең бірінші төралқа мүшелерін немесе төрағаны сайлаудың орнына, керісінше, алдын ала әзірленген 27 адамның тізімі оқылып, аудандық ардагерлер кеңесінің құрамын апыл-ғұпыл жасақтай салды. Оның ішінде ардагер емес, аудандық жастар ресурстық ұйымының басшысы Саягүл Болатқызы да бар. Тізімдегі кейбір адамдардың аты-жөнін естігенде, таңғалмасқа шарамыз қалмады....

Төрағаны сайлау кезінде конференцияға қатысып отырған аудан әкімінің орынбасары Ермек Қорабаев аудан әкімі мен облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының келісімімен Бошақов Манарбекті кеңестің төрағалығына ұсынды. Дәл сол жерде отырған делегаттар дауысқа салғанда Манарбек Бошақовтың небәрі 6 дауыс алғандығын санақ жүргізгендер дауыстап айтты.

Жиналыстың төрағасы Уәли Мараттың залдағыларға қарата дауыс көтере сөйлеуі де орынсыз болды. Осы тұста Тұрсынхан Молдаханов шақырып әкелген адамдар қостай жөнелгендіктен, өзге делегаттар жайына қалды. Шу басталып, кейбір азаматтар жиналыстан кете бастаған соң, Марат Қалиасқарұлы конференцияны жабуға әрекет жасады. Алайда ардагерлер ұйымының бұрынғы төрағасы, президиум мүшесі Тұқан Мырзаханов жиналысты жалғастыруды өз қолына алып, Зайсанбек Қажановтың кандидатурасы дауысқа салынды. Делегаттардың бір кісідей дауыс беруі нәтижесінде Тұқан Мырзаханов Зайсанбек Қажановтың аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы болғандығын жариялады. Сонымен, конференция аяқталып, делегаттар мен жиынға қатысушылар үйді-үйіне тарқастық.

Осы күні сағат 16.00-де аудандық жастар ресурстық орталығы ғимаратында тағы да жиналыс өтетіндігі айтылды. Сол жерге жиналған аудан ардагерлеріне аудандық білім бөлімінің кәсіподақ ұйымының төрағасы Қабиолда Сайранов «Жастарға орын беріңдер» деп ақыл айтты. Ал өзінің неге осы уақытқа дейін жастарға орын бермей келгенін қалай түсінеміз?

Қ. Сайрановтың бұл сөзін аудандық кеңестің мүшесі Мұратбек Қаламов жақтап, өзіндік ой-пікірін айтқандай болды. Бірақ бұл екеуі де аудандық ардагерлер кеңесі конференциясына делегаттар емес еді. Алдымыз сексеннен асып кеткен жасымызда мұндай сорақылықты көріп те, естімеген де едік. Өкінішке орай, енді міне, куә болып отырмыз. Осындайға жол беріп, жиналысты басқарған Уәли Марат Қалиасқарұлы аудандық қоғамдық кеңесіне төраға болып жүр. Сонда бізге аудан ардагерлерінің арасына жік түсіріп, топқа бөліп жүргендер кімдер?... Ауданда билік монополиясын орнатқысы келетіндер кімдер және олардың көксеген мақсаттары не?

Конференцияның басынан аяғына дейін қатысқан атқарушы билік өкілдері Ермек Қорабаев пен аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Зумрад Дуйсенбаева спектакль көруге келген көрермендер сияқты отырды.

Міне, Зайсан ауданындағы нағыз «демократия». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң мен тәртіп» қағидаты шалғайдағы біздің ауданға әлі жете алмай жатыр. Бұған сол күні өткен конференцияда көз жеткіздік.

 

Құрметпен, Зайсан ауданының 

Құрметті азаматтары:

Мырзаханов Тұқан, Зайтынов Мұқан, Дүйсенов Тұрсынхан, Кемелбаев Абай, Тынышбек Жүнісұлы, Қошпанов Бітімхан, Оралбаев Шаймардан,

Бүйіншаров Мырзабек, Қажанов Зайсанбек, Берденова Гүлбаршын, Самарқанова Айман.

Зайсан ауданының еңбек ардагерлері: 

Чеңгелбаев Ербол, Бөтекенов Бақытбек, Ахмадияр Тоқтархан, Манабаев Сағындық, Әштаев Шәріпхан, Какеев Әділ, Жайлаубаева Гүл,

Сүлейменов Қабылқақ, Өкісханов Тыныс, Оқасов Самат, Жортақбаев Мәкен.

 

ҚБ-лар әкімшілікпен тек «әріптестік» қатынаста ғана бола алады

Біз өз тарапымыздан хат иелерімен кері байланысқа шығып, біраз мән-жайға қаныққандай болдық. Келіп түскен хабарламалардан бөлек, конференция кезінде түсірілген видеоматериалдарды да мұқият қарап шықтық. Түсінгеніміз бойынша, 2026 жылы 3 сәуір күні Зайсан аудандық мәдениет үйінің залында өткен аудандық Ардагерлер кеңесінің XIII конференциясына аудан әкімшілігі араласқан екен. Аудан әкімінің орынбасары Корабаев Ермек Ерланович мінбеде тұрып: «Аудандық және облыстық Ардагерлер кеңесінің ережесіне және жарғысына сай жергілікті атқарушы орган облыстық және аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағаларымен келісе отырып, өз кандидатурасын ұсынуға құқылы. Сондықтан аудан әкімінің облыстық және аудандық кеңестің төрағаларымен келісе отырып келесі кандидатураны ұсынады», – дей келіп, Бошақов Манарбекті кеңес төрағасына ұсыныпты.

Қазақстан Республикасында қоғамдық бірлестіктер (бұдан былай – ҚБ) (оның ішінде Қазақстанның Ардагерлер ұйымы бастаған көптеген қоғамдық бірлестіктердің барлығы) туралы заң бойынша ҚБ-лар мемлекеттік органдардан тәуелсіз, өз қызметін жарғысына сай дербес жүргізеді. Мемлекеттік органдар олардың ішкі жұмысына араласа алмайды. Ал жергілікті әкімшілік секілді органдар өз құзыретіне сай заңның сақталуын бақылай алады. Мемлекеттік бағдарламалар аясында қаржылай немесе ұйымдастырушылық қызметіне қолдау көрсете алады. Қажетті жағдайда бірлескен іс-шаралар өткізуге серіктес бола алады. Алайда қоғамдық бірлестік секілді ұйымдардың басшылығын тағайындай алмайды. Ұйымның ішкі шешімдеріне араласуына болмайды. Сондай-ақ олардың жарғысында көрсетілген қызмет бағытын өзгерте алмайды.

Егер қоғамдық бірлестіктердің жұмысында көрінеу заңбұзушылықтар орын алса, сот шешімімен бірлестіктің жұмысын реттеу керек болса, онда әкімдіктің араласуына болады. Сондай-ақ ҚБ-ға мемлекеттік бюджеттен қаржы немесе грант берілген болса, онда есеп беру талаптарын қоюына болады. Түптеп келгенде әкімдік пен қоғамдық ұйымдардың қатынасы әріптестік бағытында ғана болуы тиіс.

Қолымызға келіп түскен видеоматериалдардан білгеніміздей, аудандық әкімдіктің ұсынған кандидатурасына делегаттардың көңілі толмаған сыңайлы. Бұл туралы жоғарыдағы хатта анық жазылған екен. Ал осы жұмысқа байланысты біраз ардагерлер өтініштерін арқалап аудандық прокуратураға жүгінген. Алайда олар бұл жұмысқа араласа алмайтындығын айтып, шығарып салыпты.

Қатысты құжаттарда аудандық ардагерлер ұйымының міндетінде былай деп көрсетілген екен:

Қоғамдағы бірлікті, келісім мен тұрақтылықты нығайту жөніндегі жұмысқа қатысу;

Ардагерлердің өмір сүру жағдайларын, мәдени-тұрмыстық, медициналық және басқа да қызмет көрсету түрлерін жақсартуға жәрдемдесу;

Мемлекет алдында ерекше еңбек сіңірген Отан қорғаушылар мен ардагерлерді мәңгі есте сақтау жөніндегі іс-шараларға қатысу;

Ардагерлердің жастармен тәрбие жұмысына, аға ұрпақтың жауынгерлік және еңбек даңқы дәстүрлеріне, ата-бабаларымыздың үздік халықтық дәстүрлеріне қатысуы, оларға қазақстандық патриотизм сезімін дарыту;

Көріп отырғандарыңыздай, «Ардагерлер кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігінің Зайсан аудандық филиалы өз жарғысында көрсетілген осы міндеттеріне сай қызмет істеп жатқаны анық. Ардагерлер кеңесінің маңызы мен қоғамдағы орны, рөлі туралы кеңінен түсіндіріп жатудың керегі шамалы деп ойлаймыз. Себебі аға буынның өнегесі, олардың тәрбиесі мен елдің береке-бірлігіне тигізер ықпалы зор екені бағзыдан мойындалған шындық. «Qazaqstan dauiri» қоғамдық-саяси газеті билік пен халық арасындағы алтын көпір болудай ұлы міндетті арқалап жүрген басылымдардың бірі. Сондықтан Зайсандағы ардагерлерден келіп түскен бұл хатты назарымызға ала отырып, қатысты мекемелер мен лауазымды тұлғалардың назарына ұсынуды жөн көрдік. Газет жалпыға ортақ алаң болғандықтан, бұл іс жайында пікір білдіргісі келген барлық адамдарға есігіміз ашық екендігін ерекше айта кеткіміз келеді.

Құрметпен, 

халықаралық  «Qazaqstan dauiri» 

қоғамдық-саяси газеті

 

29.04.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 24690
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 24354
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 41796
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 37676
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 42088