Министр жастарды кітап оқуға тартуды көздейді

Министр жастарды кітап оқуға тартуды көздейді

Кітап оқуды күнделікті дағдыға айналдыруды көздеген қазақстандық PARAQTA цифрлық жобасы бүгінде оқырмандар арасында кеңінен танылып келеді. Жас буынның кітапқа қызығушылығын арттыруға бағытталған отандық бастамаға енді Мәдениет және ақпарат министрлігі де қолдау көрсетпек.

Жобаның негізін қалаушылар Ердәулет Аянұлы мен Керім Аянқызы ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевпен кездесіп, платформаның мүмкіндіктері мен алдағы жоспарларын таныстырды. Министр олардың әлеуметтік желілердегі жарияланымдары арқылы жоба туралы біліп, арнайы жүздесуге шақырған. Кездесудің өзегі – кітап оқу мәдениетін дамыту және оны жастардың күнделікті өміріне енгізу. Әңгіме барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі бастамалары да сөз болды. Осы ретте министрлік үйлестіріп отырған «Кітап оқитын ұлт» жалпыұлттық марафонының нәтижелері таныстырылды. 

PARAQTA жобасының ерекшелігі – оқырманның кітап оқуға жұмсаған уақытын ғана емес, шығарманы соңына дейін аяқтауын да назарда ұстауы. Мұнда электронды басылымдармен қатар, қағаз кітаптарды оқу барысын да тіркеуге болады. Осылайша, оқырман өзінің оқу қарқынын бақылап, алға қойған мақсатына жетуге мүмкіндік алады.

Жоба авторлары келтірген мәліметке сүйенсек, платформада қазір 15 186 оқырман тіркелген. Олар жалпы 1,2 млн бет оқып, 10 738 кітапты толық аяқтаған. Оқырмандардың өзара пікір алмасып, шығармаларды бірге талқылауына арналған 180 кітап клубы жұмыс істейді. Дегенмен платформаның алдында шешімін күткен мәселе де бар. Ол – электронды кітап қорын кеңейту. Қазіргі таңда қосымшада авторлық құқық мерзімі аяқталып, қоғамдық игілікке өткен 150-ге жуық шығарма ғана тегін ұсынылады. Оқырмандар тарапынан да қолжетімді кітаптардың санын көбейту туралы өтініш жиі түседі. Осы мәселе кездесуде арнайы талқыланып, министрлік кітап қорын заң талаптарына сай толықтыруға жәрдемдесуге дайын екенін білдірді. Бұл қолдау – шағын жобаны дамытудан да маңызды бастама. Өйткені басты мақсат – кітап оқуды күнделікті дағдыға айналдырып, қоғамның рухани қажеттілігін қалыптастыру. 

19.11.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 29775
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 29331
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 46554
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 42132
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 46908