Ресейде федерализмнің іргесі беки түсетін секілді...

Ресейде федерализмнің іргесі  беки түсетін секілді...

Ресей БАҚ-тарында таралған жаңалықтардың бірі Якутия Республикасы депутаттарының елдің Конституциясына өзгерістер енгізу туралы ұсынысы төңірегінде өрбіп жатыр. Бұл мәселеге назар аударған кейбір сарапшылар: «Депутаттардың Якутия Республикасы Конституциясына өзгеріс енгізу туралы ұсыныстары Якутиядағы (Саха Республикасы) жай ғана заң мәтінін редакциялау емес, Ресей Федерациясындағы ұлттық республикалардың құқықтық мәртебесі, аумақтық дербестігі және орталықпен қарым-қатынасы тұрғысынан да маңызды болғалы тұр», – дейді.

 

Мәселенің мән-жайы

Жақында Ресей құрамындағы ең үлкен әкімшілік аумақ саналатын, бір шеті Сібірге, екінші шеті Мұзды мұхитпен астасып жатқан Якутия Республикасы парламентінің бірнеше депутаты елдің Конституциясындағы аумақтық тұтастық мәртебесіне өзгерістер енгізу туралы мәселені ортаға салды. Заң жобасын ұсынушылар – Афанасий Владимиров, Елена Голомарева және Игорь Григорьев деген үш депутат екен. Олардың ұсынысы бойынша Якутия Конституциясындағы «Саха Республикасының аумақтық тұтастығы» деген тіркес өзгертіліп, оның орнына «Ресей Федерациясы аумағының ажырамас бөлігі болып табылатын Саха Республикасының аумағының бірлігі мен бөлінбейтіндігі» деген мазмұндағы тұжырым енгізілмек. Олар өз жобасында мынадай үш мазмұнды қарастырған.

Біріншісі – аумақтық тұтастық ұғымын өзгерту.

Қолданыстағы Конституцияда Якутияның аумақтық тұтастығы туралы норма бар. Ұсынылып отырған түзету осы терминді «бірлік және бөлінбестік» деген сөздермен алмастыруды көздейді. Сонымен бірге Якутия аумағының Ресей Федерациясының ажырамас бөлігі екені тікелей жазылмақ. Бұл – заңдық тұрғыдан маңызды редакциялық өзгеріс. Бұрынғы мәтінде республиканың аумақтық тұтастығы алдыңғы орынға шықса, жаңа мәтінде оның Ресей құрамындағы ажырамас бөлік екені айқынырақ көрсетіледі.

Екіншісі – Якутияның құрлықтық және аралдық бөліктерін Конституцияда бекіту.

Депутаттар республика аумағына құрлықтағы негізгі территорияны, оның ішінде Жаңа Сібір аралдарын, Ляхов аралдарын, Медвежий аралдарын, Солтүстік Мұзды мұхиттағы басқа да тиісті аралдарды енгізіп, олардың мәртебесін нақтылауды ұсынып отыр. Бұл өзгерістің Арктикадағы геосаяси және экономикалық мүдделерге қатысы бар.

Үшіншісі – Арктикалық аудандардың мәртебесін нақтылау.

Якутияның солтүстік аудандары мен аралдық территорияларының Ресейдің Арктикалық аймағындағы орны Конституцияда айқынырақ көрсетілмек. Депутаттардың айтуынша, «бұл Солтүстік теңіз жолын, порттарды, табиғи ресурстарды игеру және Арктикалық көлік дәлізін дамыту кезінде республиканың мүддесін қорғауға көмектеседі» екен...

 

Депутаттардың уәжі

Ресейлік сайттардағы материалдардан ұққанымыз бойынша, заң жобасының авторы, Ил Тумэн парламенті төрағасының орынбасары Афанасий Владимиров 2026 жылы 16 қарашада өз ұстанымын түсіндіре келіп, бұл мәселенің ортаға қойылып келе жатқанына 20 жылға жуық уақыт болғанын тағы бір рет еске алыпты. Мәселен, 2008 жылы алғаш рет айтыла бастаған тұста талқылауға Ресейдің Бас прокуратурасы, Якутия прокуратурасы және атқарушы билік органдары да қатысқан екен.

Депутаттардың негізгі уәждері мыналар:

• Якутияның аумақтық шекараларын заң жүзінде нақтылау;

• Аралдық территорияларды республиканың құрамдас бөлігі ретінде бекіту;

• Арктикадағы табиғи ресурстар мен экономикалық мүдделерді қорғау;

• Солтүстік теңіз жолын дамытуға байланысты республиканың құқықтық ұстанымын күшейту;

• Федералдық бюджеттен Арктика инфрақұрылымына қаражат тартуға негіз қалыптастыру.

Дегенмен, Ресейдің Арктикадағы мүдделерімен қатар, АҚШ, Канада, Норвегия және Дания сияқты мемлекеттердің де Солтүстік Мұзды мұхиттағы континенттік қайраң мен аралдарға қатысты мүдделері бар екендігін ескерген жөн. Сондықтан Якутия депутаттары өз аумағының аралдық бөліктерін Конституцияда жеке атап көрсетуді маңызды санап отыр екен.

 

Елді елең еткізгені...

Былай қарасаңыз, федерация құрамына біржолта басы байланған, бұлқынып шығуға қауқары жоқ бодан елдің өз ішіндегі шаруасы дерсіз. Алайда мәселенің саяси астары басқа нәрсені меңзейтіндей... Тағы да сарапшылардың пікіріне көз жүгіртейік.

Ресей Конституциясының 5-бабына сәйкес, республикалар Ресей Федерациясының субъектілері болып табылады және өз конституцияларын қабылдауға құқылы. Қолданыстағы құқықтық нормаларда республиканың аумағы мен мәртебесін оның келісімінсіз өзгертуге болмайтыны көзделген. Якутияда 1992 жылы қабылданған Конституциясының 37-бабында республиканың мәртебесі мен аумағын өзгертуге оның референдум арқылы білдірілген келісімі қажет екені көрсетілген. Сондықтан жаңа ұсыныстың маңызды тұсы – депутаттар аумақтың бөлінбейтіндігін алып тастауды емес, оны басқа заңдық сөздермен бекітуді ұсынып отыр.

Афанасий Владимировтың түсіндіруінше, Якутия шекарасын республиканың келісімінсіз өзгертуге тыйым салатын кепілдік сақталады. Бұған қоса, 2022 жылғы 15 ақпанда Якутия парламенті арнайы қаулы қабылдап, «аумақтық тұтастық» ұғымының өзі республиканың Ресейдің ажырамас бөлігі екенін және оның шекараларын келісімсіз өзгертуге болмайтынын білдіретінін түсіндірген болатын. Демек, ұсыныстың мәтінінде Ресей құрамына тиесілілік бұрынғыдан да ашық жазылады. Бірақ бұл Якутияның аумақтық кепілдіктерінен автоматты түрде бас тарту деген сөз емес.

Бір анығы, депутаттар ұсынған бұл жоба қазірше қабылданған жоқ.

Бастамаға бірден түсіндіру талаптары қойылыпты. Депутат Василий Николаев мұндай өзгерістердің қажеттілігіне күмән келтіріп, Конституцияны өзгерту үшін салмақты негіз болуы керектігін айтты. Оның пікірінше, бұрыннан бар «аумақтық тұтастық» ұғымы республиканың шекараларын қорғауға жеткілікті. Бұл жерде тағы бір қайшылық бар: 2022 жылы парламенттің өзі «аумақтық тұтастық» ұғымының заңдылығын арнайы түсіндіріп берген. Енді арада төрт жылға жуық уақыт өткенде сол терминді ауыстыру ұсынылып отыр.

Сондықтан қоғамда «Егер бұрынғы норма заңға қайшы болмаса, оны өзгертудің қандай қажеттілігі бар?» деген сұрақ туындаған. Бұл сауалға депутаттар Арктикадағы аумақтық және экономикалық мүдделерді нақтылау арқылы жауап беріп отыр. Ғаламтордан білгеніміз бойынша, 2026 жылғы 16 қарашада Якутия басшысы Айсен Николаевтың төрағалығымен Конституциялық комиссияның отырысы өтті.

Онда: «Республика басшысының қатарынан екі мерзімнен артық сайлануына қойылған шектеуді алып тастау және Якутияның аумақтық құрылымы мен аумақтық тұтастығына қатысты нормаларды өзгерту» туралы екі мәселе қаралған. Белгілі болғандай, екінші бастама бойынша комиссия жұмысты жалғастыруды ұйғарған. Алдағы уақытта ұсыныстарды біріктіріп, қоғамдық тыңдаулар өткізу және парламенттің қарауына енгізу мәселелері қарастырылмақ. Яғни, бұл әзірге заң жобасы деңгейіндегі бастама. Сондықтан Конституцияға өзгеріс енгізілді деп айтуға әлі ерте екені анық.

 

Өзгелерге ықпалы қандай?

Бұл жаңалықтың Ресей құрамында отырған өзге ұлттық республикаларға ықпалы қандай болмақ деген сұрақ туатыны анық. Яғни, олар да жаппай өзгеріс енгізе ме, әлде өз конституциясында қала ма?

Ресей Федерациясының құрамындағы Татарстан, Башқұртстан, Тыва, Бурятия, Алтай сияқты республикалардың да өз конституциялары, ұлттық ерекшеліктері мен тарихи аумақтары бар. Якутиядағы өзгерістер олардың да орталықпен арадағы құқықтық қатынастарына қатысты пікірталастарға әсер етуі мүмкін, – дейді сарапшылар. Бұдан бөлек, соңғы жылдары белең алып бара жатқан Арктика үшін күрестің маңыздылығы жатқан сияқты. Өйткені Якутияның Солтүстік Мұзды мұхитқа шығатын аралдық территориялары да маңызды. Арктиканың болашақтағы көлік және энергетикалық маңызы артқан сайын бұл аумақтардың стратегиялық салмағы да өсетіні сөзсіз.

Осы тақырыпқа назар аударған кейбір саясаттанушылар республикалық және федералдық биліктің арақатынасы мәселесіне назар аударған. Бір жағынан, Якутия депутаттары өз республикасының аумағын, аралдарын және Арктикадағы мүдделерін Конституцияда нақтылауға тырысып отыр. Екінші жағынан, жаңа мәтінде оның Ресей Федерациясының ажырамас бөлігі екені ерекше атап көрсетілмек. Бұл екі ұстаным бір-біріне міндетті түрде қайшы келмегенімен, саяси тұрғыдан олардың арақатынасы маңызды, – дейді олар.

PS: Адамдар назар аударып отырған бұл жаңалыққа қарай отырып, «Якутия Ресейден бөлінуге дайындалып жатыр» немесе керісінше «Якутия өзінің аумақтық дербестігінен бас тартты» деп түсіндіру дұрыс емес сияқты. Қолдағы құжаттар мен депутаттардың түсіндірмесіне қарағанда, бастаманың тікелей мақсаты – республиканың Ресей құрамындағы аумақтық мәртебесін нақтылап, Арктикадағы құрлықтық және аралдық иеліктерін конституциялық деңгейде бекіту болып көрінеді.

Алайда Ресейдегі ұлттық республикалардың Конституцияларында олардың аумақтық тұтастығы мен дербес мәртебесін білдіретін ұғымдардың орнына федералдық мемлекет құрамындағы ажырамас бөлік екендігін айқындайтын тұжырымдардың енгізілуі – федерализмнің мазмұнына қатысты маңызды өзгеріс екені анық.

Ерғазы Сейтқали
20.11.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 29775
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 29331
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 46556
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 42132
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 46908