AI-Quryltai-да ЖИ көмегімен дайындалған алғашқы құжат

AI-Quryltai-да   ЖИ көмегімен дайындалған   алғашқы құжат

Бірден айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жыл басында қабылданған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасының міндеттерін іске асыру шеңберінде Құрылтай депутаттары үш заң жобасын әзірледі. Әзірге беталыс жаман емес. Жасанды интеллекті де Құрылтай жиынына өз «қолтаңбасын» қалдыруда. Ол да депутаттарға «көмек» қолын созуда. Бәрі уақыт талабы. Заман сұранысы. Айта кету керек, бұл AI-Quryltai зияткерлік ортасында әзірленген алғашқы заң жобасы. Бұл платформаға заңнамалық ойлау мүмкіндігі бар жасанды интеллектінің моделі кіріктірілген.

Осылайша, заң жобасын әзірлеу барысында AI-Quryltai көмегімен қалыптастырылған барлық ұсыныстар шақырылған заңгерлердің, ақпараттық және цифрлық қауіпсіздік салаларындағы сарапшылардың қатысуымен әзірлеуші депутаттардың тексеруінен және қосымша пысықтауынан өтті. Бұдан алатын сабақ: Жасанды интеллектіні ақылға бағындырсаң – қызметшің, еркіне жіберсең – ойына келгенді жасайтын тентек бала іспеттес.

Қазір заң жобасы Үкіметтің қорытындысын алуға жолдануда. Оны пысықтау Құрылтайдағы жұмыс тобы аясында жалғасады. 16 қараша күні Құрылтайда өткен үкімет сағатында «Балалардың цифрлық және ақпараттық қауіпсіздігі туралы» жаңа заң жобасы кәмелетке толмағандарды қорғауды күшейту үшін цифрлық және ақпараттық ортаны кешенді реттеуге бағытталған нормаларды қамтыды.

Бұл уақыт талабын ескере отырып, қауіпсіздікті сақтауға арналғаны көрініп тұр. Себебі онлайн ойындар баланы еліктіріп, есін алса, цифрлық және ақпараттық өнімдердің бала санасына тигізіп жатқан соққысы орасан! Қайтпек керек? Қайтсек, бұның жолын кесеміз?

Бұл жолғы заң жобасында онлайн ойындарды қоса алғанда, цифрлық және ақпараттық өнімдердің мазмұнын таңбалауға және сипаттауға қойылатын талаптар анық байқалады. Сондай-ақ ықтимал цифрлық қатерлер, соның ішінде ойын ішіндегі сатып алулар, пайдаланушылар арасындағы байланыс және хат алмасу мүмкіндіктері туралы мәліметтер болуы керек. Сондай-ақ уәкілетті мемлекеттік орган мұндай өнімдерді міндетті тексеруді, яғни белгіленген талаптардың сақталуын тексеруді, мониторингті, ал бұзушылықтар анықталған жағдайда өнімге, қосымшаға немесе ойынға кіруді шектеу, жою және бұғаттау тетіктерін, сондай-ақ нормаларды сақтамағаны үшін жауапкершілікті енгізуді ұсынады.

Дәл осындай тәсіл кәмелетке толмағандар мен электрондық сауда алаңдарының маркетплейстерде тауар сатып алу кезінде өзара іс-қимылын реттеуге қатысты қарастырылып отырғаны заң жобасында анық байқалады.

Құрылтай вице-спикері Динара Закиеваның айтуынша, тағы бір бастама бойынша барлық цифрлық платформаларда «Ата-ана бақылауы» тетіктерін енгізу көзделген. Яғни балалар үшін тиісінше таңбаланбаған және тексерілмеген цифрлық және ақпараттық өнімдерді, қосымшаларды, ойындарды тексеру енгізілетін болады.

Сонымен қатар, заң жобасында баланың жеке басын сенімді түрде анықтауға мүмкіндік беретін фотосуреті бар балалар ID картасын енгізу ұсынылған. Мұндай құрал мемлекеттік қолдау шараларын үйлестіруді, балаларды қорғауды және олардың құқықтарын іске асыруды қамтамасыз ете отырып, 18 жасқа толғанға дейін кәмелетке толмағандарды қолдаудың бірыңғай цифрлық маршрутының негізі болады деп болжанып отыр.

«Мәселен, платформаның көмегімен жаңа қауіптер мен цифрлық технологиялардың дамуын ескере отырып, балаларды цифрлық және ақпараттық ортада қорғау жөніндегі шаралар кешені пысықталды. Бұл шаралар барлық платформаларға «ата-ана бақылауы» тетігін енгізуге қатысты болып отыр. Яғни балаларға арналған «сүзгі» енгізіліп, сәйкесінше барлық таңбаланбаған және тексерілмеген цифрлық және ақпараттық өнімдер, қосымшалар, ойындар балаға қолжетімсіз болады. Сондай-ақ платформаларға барлық цифрлық өнімдерді, соның ішінде қосымшалар мен ойындарды таңбалау, оларды верификациялау, сондай-ақ қауіптер мен бұзушылықтар анықталған жағдайда бұғаттау жөніндегі талаптарды енгізу ұсынылады. Барлығы 120-дан астам түзету әзірленді», – деп атап өтті Динара Закиева.

Ол кісінің тағы бір айтқаны – бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен балалардың құқықтарын қамтамасыз етуге, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және олардың құқықтарын қорғауға бағытталған барлық қажетті заңдар мен бағдарламалар қабылданып, инфрақұрылым мен институционалдық жүйе құрылған.

Нақтылап айтсақ, барлық өңірде балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі басқармалар мен психологиялық қолдау орталықтары ашылып, балалардың құқықтарын қорғау органдары қызметкерлерінің мәртебесі заңнамалық тұрғыдан бекітілген. Сонымен қатар, 160 отбасын қолдау орталығы ашылып, олардың жұмысына FSM Social жүйесі енгізіліпті. 111 мемлекеттік байланыс орталығы іске қосылған. Барлық мектепте әрбір баланың балалардың құқықтарын қорғау қызметтеріне тікелей жүгінуіне мүмкіндік беретін QR111 жүйесі енгізілгенін біреу білсе, біреу білмес. Ал білім беру ұйымдарында тәуекелдерді диагностикалауға және әрбір балаға көрсетілетін көмекті бақылауға арналған «Balazhan» платформасы енгізіліпті.

Жалпы, қабылданған шаралардың нәтижесінде 2023 жылмен салыстырғанда балаларға қатысты аса ауыр қылмыстар саны әртүрлі баптар бойынша азайған. Жекелеген баптар бойынша төмендеу көрсеткіші 54%-ға жеткені көңіл қуантарлық жаңалық.

 

Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК
23.11.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 29775
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 29331
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 46556
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 42132
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 46908