Саулықты сақтаудың тиімді тәсілі

Саулықты сақтаудың тиімді тәсілі

Адам денсаулығын қалпына келтіру мен нығайтуда емдік массаждың орны ерекше. Ол емделушінің денсаулығын қалпына келтіруге оң ықпал етеді. Осы бағытта ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан мамандардың бірі – Мырзалиева Гүлзия Жаһангерқызы. Ол 1991 жылдан бастап медицина саласында мейірбике қызметін атқарып, осы жылдар ішінде мол тәжірибе жинақтаған білікті маман. Мейірбикелік қызметте жүріп, кәсіби білімін үнемі жетілдіруге ұмтылған Гүлзия Жаһангерқызы 2009 жылдан бастап массаж курстарынан өтіп, осы бағытта арнайы білім алып, массаж маманы ретінде еңбек етіп келеді. Бүгінде ол Алматы қаласы Әуезов ауданындағы №10 емхананың ФИЗО бөлімінде массаж жасайтын мейірбике ретінде өз қызметін жауапкершілікпен атқарып жүр. Массаж маманы емделушінің жағдайын мұқият зерделеп, дәрігердің тағайындауын ескеріп, әр адамға ұқыптылықпен және жанашырлықпен қызмет көрсетуі керек. Бұл мамандықтан кәсіби шеберлікпен қатар, сабырлылық, мұқияттылық пен адамға деген жылы қарым-қатынас талап етіледі.  Гүлзия Жаһангерқызы осы қасиеттерді бойына сіңірген маман. Емделушілермен тіл табысып, олардың көңіл күйіне назар аударып, әр ем-шараны жауапкершілікпен орындауға тырысады. Ұзақ жыл осысалада еңбек еткен тәжірибелі маманмен сұхбаттасудың сәті түскен еді. 

 

– Гүлзия Жаһангерқызы, массаждың  адам ағзасына әсері  қандай?                                                                                         

– Массаж теріге, бұлшықетке және жұмсақ тіндерге әсер етеді. Соның нәтижесінде қан мен лимфа айналымы жақсарып, бұлшықеттер босаңсиды. Әсіресе күні бойы отырып жұмыс істейтін адамдарда мойын, иық және арқа аймағында кернеу жиі байқалады. Дұрыс жасалған массаж осы  аймақтардағы бұлшықет кернеуін  жеңілдетеді.  Массаждың ағзаға пайдасы: Бұлшықеттердің босаңсуына ықпал етеді. Денедегі шаршау мен ауырлық сезімін азайтады.. Қан айналымын жақсартуға көмектеседі. Буындардың қозғалысын жеңілдетуге ықпал етеді. Адамның жалпы сергектігін арттырады. Босаңсуға және эмоционалдық тұрғыдан демалуға жағдай жасайды. Бұлшықеттерді  босаңсытып  қана қоймай, адамның күнделікті күйзелістен  арылып, тынығуына мүмкіндік береді.                                           

– Оның түрлері айтып өтсеңіз?                                                                                      

– Массаж бірнеше топқа бөлінеді. Олар емдеу, гигиеналық, косметикалық және спорттық массаждар. Сондай-ақ осыларға қосылатын массаждың тағы бір түрі – адамның өзіне-өзі массаж жасауы (самомассаж).  

Емдік  массаж.  Бұл емдеу әдісін тек дәрігер тағайындап, білікті мамандар ғана жасайды. Олар емханада, емдік-сауықтыру мекемелерінде науқастың жағдайын тыңғылықты қадағалап отырып жасалады. Ол кешенді емнің құрамына кіреді. Мысалы дәрі-дәрмекпен, физиотерапиялық емдік гимнастикалармен бірге жүріп отырса, аурудың жылдам айығып кетуіне толық мүмкіндік бар. Емдік массаж өзі жеке бірнеше топқа бөлінеді. Ол аурудың түріне, зақымданған не жарақаттанған жерге байланысты. Әр аурудың өзіне тән қолданатын массаждың әдіс-тәсілдері бар. 

Гигиеналық  массаж. Мұны аурудың алдын алу үшін, ерте қартайып тері солып қалмау үшін қолданады. Оны маман ғана емес, әркім өзіне-өзі де жасай алады. Гигиеналық массаж денені сергіту үшін көбіне таңертең жасалады. Дегенмен қай уақытта жасаса да адамның өз еркі. Әсіресе, қан қысымы төмен не буындары ауыратын адамдарға таңғы массаждьң көмегі зор. 

Сегменталды  массаж. Жұлыннан шыққан жүйке талшықтары ішкі ағзаларға және дененің бір бөлігіне (тері, бұлшық ет, ұлпалар т. б.) бірдей әсер етеді. Сонда адамның сыртқы және ішкі органдарының арасында тығыз байланыс болады. Осындай сезімтал аймақты ең алғаш орыс дәрігері А. А. Захарьин зерттеген. Ол жүрек ауырған кезде арқаның терісін сипалай отырып, осы рефлексогендік белдеуді анықтайды. Кейін ішкі органдар мен сыртқы терідегі сезімтал аймақтың өзара байланысын неміс дәрігері Х.Гед тиянақты тексере отырып, анықтап шығады. Сондықтан осындай сезімтал рефлексогендік аймақты ашқан авторлардың құрметіне Захарьин-Гед белдеуі не аймағы деп атайды.                                                     Көп ғалымдардың зерттеулеріне қарағанда, осы Захарьин-Гед аймағы мен ішкі ағзалардың байланысы жұлыннан шыққан бірыңғай жүйке талшықтары және шеткері вегативтік жүйкелер арқылы іске асады. Адамның барлық ағзасы жүйке талшықтары арқылы бір-бірімен байланысады. Сондықтан ішкі органдардың біреуі ауырса, бірден адамның терісіне әсер етеді. Мысалы, жүрек ауырғанда, оның әсері сол жақ иыққа, жауырынға, қолға беріледі. Сол жерлерге зер салып қарағанда өзгерістерді байқауға болады. Басқа қоршаған жерден гөрі бұл белдеуде электроөткізгіштік қасиет жоғары, терінің, температурасы көтеріңкі, бұлшық еттер қатты ауырып, сіресіп, өте сезімталдық байқалады. Осы анықталған белдеуге массаж жасағанда, науқасқа шалдыққан ішкі органда әжептәуір жеңілдік байқалады. Ол жерде қан айналымы жақсарып, зат алмасуы күшейеді. Сондықтан ішкі ағзалардың әрқайсысына лайықты сезімтал белдеулері болады. Жұлынның арнайы сегменттері соған арналған. Массаждың түрлі тәсілдерін осы арнайы сезімтал белдеулерге колдана отырып, закымданған мүшені қалпына келтіруге болады. Ол үшін жұлынның сегменттерін анық білу керек. 

Нүктелі  массаж. Нүктелі массаж организмнің биологиялық активті нүктелеріне әсер етеді (2-10 мм). Клиникалық тәжірибе және эксперименталды зерттеулер нүктелі массаждың әсерінен организмде айтарлықтай өзгерістер болатынын дәлелдеді. Массаж жасаған нүктеде терінің температурасы көтеріліп, электр өткізгіш қабілеті жоғарылайды. Оны жылжымалы тобископ деген прибор арқылы оңай анықтауға болады. Нүктелі массажды басқаша акупунктура немесе акупрессура деп те атайды. Нүктелі массаж инемен емдеу әдісіне ұқсас, жүйке ұштарын тітіркендіреді.

Биологиялық активті нүкте Захарьин-Гед белдеуімен үнемі сәйкес келмейді. Нүктелі массаж жасағанда әртүрлі тәсілдер қолданылады. Оның екі түрі бар: қоздыру және тежеу. Тежейтін нүктелі массаж бұлшық етті босатуға және ауырған жерді басуға бағытталады. Ол үшін бір нүктені 1,5 минут саусақпен нығарлап басып отырып, оң жаққа бұрайды (бұранда кіргізгендей), одан соң керісінше 6ұрап саусақты босатқандай басады. Арасында сәл кідіреді.                                    

Қоздыратын  нүктелі  массаж. Бұлшық етті қатайту үшін (әлсіреп босап кеткенде) колданылады. Ол үшін саусақты бір нүктеге қадап 20-30 секунд дірілдетеді. Әрбір осындай қимылдан соң қолды жылдам жұлып алады. Әрқайсысын 3-4 рет қайталайды. Ғалымдардың айтуынша, адам бойынан 695 нүкте табылған. Олардың тек 140-150-ін ғана массажға колданып жүр. Соның өзінде көптеген нүктелер өте сирек пайдаланылады. Нүктелі массаждың қасиеті нүктенің орналасқан жеріне, күшіне және ұзақтығына тікелей байланысты. Ол бір, екі, үш... саусақпен немесе вибрациялық аппаратпен орындалады. Нүктелі массаж әртүрлі ауруларды емдеуге, спортта тірек-қимыл, буын зақымданған кезде немесе классикалық массаждың алдында денені босаңсытуға, биологиялық активті нүктелердің тиімділігін арттырып, басқа бір нүктелердің жұмысын тежей тұру тәсілімен қолданылады.                             

– Массаж адамның көңіл күйіне әсер ете ме?  Қандай адамдарға массаж көбірек пайдалы болуы мүмкін?

– Әрине. Массаждың тек физикалық емес, босаңсытатын әсері де бар. Процедура кезінде адам демалып, бұлшықеттеріндегі кернеу азаяды. Бұл өз кезегінде жалпы жайлылық сезімін арттыруға ықпал етеді. Алайда массажды кез келген аурудың емі деп қабылдауға болмайды. Егер адамда белгілі бір шағым немесе ауру болса, алдымен дәрігерге қаралып, қажетті тексеруден өткен дұрыс.                                                                                                                                                Ұзақ уақыт отырып жұмыс істейтін, физикалық тұрғыдан көп күш жұмсайтын немесе спортпен айналысатын адамдар массаждың босаңсытатын әсерін сезінуі мүмкін. Сондай-ақ күнделікті өмірде бұлшықет кернеуі мен шаршау байқалатын адамдарға да пайдалы болуы ықтимал. Бірақ әр адамның ағзасы әртүрлі. Сондықтан массаждың түрі мен әдісін адамның жасына, денсаулық жағдайына және мақсатына қарай таңдаған жөн.                                                                     – Массажды күн сайын жасауға бола ма, қандай  жағдайда  жасауға болмайды?                                                                                                                                 

– Массаждың жиілігі оның түріне және адамның денсаулық жағдайына байланысты. «Күн сайын массаж жасату міндетті түрде пайдалы» деген түсінік дұрыс емес. Процедураның ұзақтығы мен жиілігін маман жеке жағдайға қарай анықтағаны жөн. Егер массаждан кейін қатты ауырсыну, әлсіздік немесе басқа да жайсыздық байқалса, процедураны доғарып, маманға немесе дәрігерге хабарласу қажет. Дене қызуы көтерілгенде, жедел қабыну кезінде, теріде зақым немесе инфекциялық өзгерістер болғанда және кейбір басқа медициналық жағдайларда массаж жасауға болмайды. Денсаулық сыр берсе, өз бетінше массаж жасатпай, алдымен дәрігермен кеңескен дұрыс. Әсіресе созылмалы аурулары бар адамдар бұл мәселеге мұқият қарауы қажет.                                                                                                                  

– Маман  таңдағанда неге  көңіл бөлу керек? Оқырмандарға қандай кеңес берер едіңіз?                                                                                                                                          

– Ең алдымен маманның біліміне, кәсіби даярлығына және тәжірибесіне назар аудару қажет. Массаж техникасын дұрыс меңгермеген адамның әрекеті керісінше зиян келтіруі мүмкін. Маман процедура алдында адамның денсаулық жағдайын сұрап, шағымдары мен қарсы көрсетілімдерін ескергені дұрыс. Бұл – қауіпсіз массаждың маңызды шарттарының бірі. Денсаулыққа немқұрайлы қарамау керек. Массажды денсаулықты күтудің бір бөлігі ретінде қарастыруға болады, бірақ оны дұрыс тамақтану, қимыл-қозғалыс, таза ауада серуендеу және жеткілікті ұйқымен қатар алып жүрген жөн.

Ең бастысы – өз ағзаңызды тыңдау. Егер ауырсыну немесе қандай да бір тұрақты шағым мазаласа, оны тек массажбен басуға тырыспай, дер кезінде дәрігерге қаралған дұрыс.

 – Әңгімеңізге рақмет!

   

Сұхбаттасқан – 

Аяужан ЖАЙЛАУҚЫЗЫ, Алматы қаласы

   

 

 

23.11.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 29779
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 29334
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 46559
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 42135
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 46910