Шындық болды тірегің

Шындық болды тірегің

Еңбектен бақты  тіледің

Қазағы  Ресейдің  сен едің.

Абыроймен  шет  жерде

Шындық болды  тірегің!

 

Бақ болды саған, ағасы

Алтайдың  сары  даласы,

Орысша  «Иван» атанып,

Қазақтың болдың данасы.

 

Еліңді ойлап  сен  жүдедің

Шашылған қазақтың бірі едің.

Ұмытпай  Ана  тіліңді,

Еліңе  жақсылық   тіледің.

 

Атажұрт болды тірегің,

Шарбақтыны  сөзге ілемін.

Хош келдің көрші еліңе

Есте ғой Алтайдан келгенің.

 

Айқара  ашып  саған   құшақты,

Қайырбаев,  Исаев шешті сұрақты.

Тіліңмен  емес,  ісіңмен

Бар  іске болдың жауапты.

 

Жастық  шақ  қайта келмейді,

Еңбекпен  адам  ерлейді.

Екі  елде, екі  өмір  сүрген  

Қанаев Мойылжанның  жасы  94-те

Дегенге  ешкім сенбейді!

 

Атың шықсын десең, бұл ғаламда адамға үлкен арман керек екен. Арман адамды алға жетелейді, мақсат биігіне көтереді, ал тынымсыз еңбек сол арманды ақиқатқа айналдырады. Қазына көкірек, бүгінгінің қариясы, ақсақал Қанаев Мойылжан Сүлеймен ағаның есімін бала кезімнен естіп өскеніммен, өзімен жүздесіп, жақынырақ танысудың сәті 1984 жылдың аязды қысында, ағам Сейітахметов Қадір дүниеден озған тұста, Шарбақты аудан орталығында түсті. Содан бері бұл кісінің абыройы мен даңқы туралы естіген сайын, көңілімдегі бейнесі көмескіленудің орнына, қадір-қасиеті бұрынғыдан да биіктей түсті.

Мойылжан ағаның өмір жолындағы ең маңызды шешімдерінің бірі – туған еліне оралуы еді. Ол кісінің «Басқа елде сұлтан болғанша, өз елімде ұлтан болайын», – деп Ресейден Қазақстанға қоныс аударғанын айтқаны әлі есімде. Сол жолы танысып, әңгімелескеннен кейін маған: «Бауырым, елге орал!» – деген еді. Бұл сөздің астарында туған жерге деген сағыныш қана емес, елге қызмет етуді өмірлік мұрат тұтқан азаматтың үлкен өнегесі жатқандай көрінеді...

Сол жылдары Ресей жерінде де қазақтың атын шығарып, абырой биігінен көрінген азаматтар аз болған жоқ. Кемеров облысынан шыққан Аман Тулеев, Алтай өлкесінде ерен еңбегімен танылған аға буынның өкілі, соғыс ардагері Айдарханов Кәрімхан Айдарханұлы, Алтай өлкесіндегі Михайловка мен Бурла аудандарында партияның бірінші хатшысы қызметін атқарған азаматтар – сол кезеңнің ел есінде қалған тұлғалары. Ал Ребриха ауданында дүниеге келген жерлесім Садықов Токмухамед Салменұлы Алматы педагогикалық университетінде жиырма жыл ректор болып қызмет атқарды. Кейін оның баласы Садыков Еркін де Павлодардағы С. Торайғыров атындағы университеттің ректоры болды. Мұның бәрі – қай жерде жүрсе де, туған халқының мерейін үстем еткен азаматтардың өмір жолынан алынған тағылымды мысалдар.

Қанаев Мойылжан Сүлейменұлы Алтай өлкесіндегі алпыс алты ауданның бірі – Панкрушиха ауданындағы қазақтар қоныстанған «Қызыл ту», «Нацмен» бөлімшесінде агроном болып еңбек жолын бастады. Совхоздың бес бөлімшесінің ішіндегі осы бір ғана қазақ бөлімшесінің астық және мал шаруашылығы өнімдерін өндірудегі жетістіктері социалистік жарыста үнемі жоғары бағаланды. Қазақ бөлімшесінің осындай табыстарға жетуі Мойылжан ағаның өмір бойы мақтан тұтар еңбегіне, көңіліне медет болған үлкен жетістігі еді.

Қазақтардың іскерлігі мен еңбекқорлығын көрген орыс азаматтарының өзі: «Нас, казахи, утерли нос», – деп, таңданысын жасырмай, еңбегімізді қызыға да, қызғана да бағалайтын. Бұл сөздің өзінен-ақ сол кездегі қазақ еңбеккерлерінің маңдай терімен жеткен жетістігін аңғаруға болады.

Мойылжан ағаның бойындағы іскерлік, жауапкершілік, айтқан сөзінде тұру және бастаған ісін аяғына дейін жеткізу қасиеттері аудан басшылығының назарынан тыс қалмады. Ұлты қазақ азаматтың еңбекке деген адалдығы мен ұйымдастырушылық қабілеті жоғары бағаланып, совхоз басшылығынан Панкрушиха ауданының екінші хатшысы дәрежесіне дейін көтерілді. Осылайша, адал еңбегі мен абыройлы қызметінің арқасында ел арасында да, басшылық ортасында да зор құрметке бөленді.

Мойылжан ағаның ерен еңбегі ескеріліп, оған тегін «су жаңа» «Волга» автомобилінің берілуі де сол еңбектің лайықты бағаланғанының бір көрінісі еді. Бұл жаңалықты естігенде, ақылына көркі сай, парасат-пайымы мол Мойылжан ақсақалдың жары Күләтай әжеміздің қандай қуанышқа бөленгенін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Өйткені ер-азаматтың еңбегінің еленуі – оның отбасына да ортақ мерей, ортақ қуаныш.

Мойылжан ағаның бүгінгі қарттық шағына қарап отырып, адам өміріндегі парасат пен адамгершіліктің орнын тереңірек түсінесің. Даңқы мен дәулеті қатар жүрген, абыройы асқақтап, елге танылған шағында да өзінің шыққан тегін, туған жерін, ұлттық болмысын ұмытпаған азаматтың өнегесі кімге де болса үлгі. Таудай талабы мен бармақтай бағы тоғысқан, бүгінде тоқсанға келген Мойылжан ағаның қырық жыл бойы Ресейдің Алтай өлкесінде жүріп-ақ қазақ тілінің, ұлттық сөз өнерінің қадірін сақтап, ана тіліндегі шешендігімен ерекшеленуі де тегін емес. Асыл сөзді көңіліне тоқып, даналықты бойына сіңірген адамның шешендік қасиеті өмір жолында үлкен пайдасын тигізетінін осы кісінің өнегесінен аңғаруға болады. Сондықтан да оның биік мәртебеге жетуіне ақыл-парасаты мен тіл байлығының ықпалы зор болды десем, артық айтқандық емес.

1980 жылдары мен сияқты талай қазақтың елге қоныс аудару туралы ойы да болмағанына бүгін таңғаласың! Ал Мойылжан аға сол кезеңнің өзінде туған елге оралуды мақсат етіп, нақты қадам жасады. Ол Павлодар облысының сол кездегі партия басшысы Махмуд Қайырбаевқа хат жолдап, Ресейден Қазақстанға көшіп келуге ниетті екенін білдіреді. Сонымен қатар бұрынғы қызметіне, яғни Панкрушиха ауданындағы ауылшаруашылығы саласындағы жұмысына тең келетін қызмет сұрайды.

Осы өтінішке орай, Павлодар облысының Щарбақты ауданынан Әшімбетов Кемер Қожахметұлы келіп, Мойылжан ағаны Алтай өлкесіне көршілес орналасқан Щарбақты ауданының ауылшаруашылығы саласындағы басшылық қызметіне тағайындайды. Осылайша, туған елге оралған азаматтың мол тәжірибесі мен ұйымдастырушылық қабілеті жаңа ортада да өз жемісін береді. Облыстағы Ертіс аудандарымен салыстырғанда жерінің құнарлылығы екі есе төмен Щарбақты ауданында жақсы астық өсіріп, мал шаруашылығы өнімдерін молайту бағытында елеулі табыстарға қол жеткізеді. Еңбегінің нәтижесі мен жинақтаған тәжірибесі ескеріліп, бірнеше жылдан кейін Павлодар облысының ауылшаруашылығы басқармасында жер жұмыстары бойынша басшылық қызметке тағайындалады. Бұл – адамның туған жеріне деген сүйіспеншілігі мен кәсіби біліктілігі ұштасқанда, қандай биікке көтеріле алатынының айқын дәлелі.

Әрине, адам өмірі тек еңбек жетістіктері мен қызметтік табыстардан тұрмайды. «Жазмыштан озмыш жоқ», – дегендей, тағдырдың салған ауыртпалығын да көтеруге тура келеді. Мойылжан ағаның өмірінде де жүрегіне жара салған қайғылы кезеңдер болған. Отыз жасында Төлеутайдай ер-азаматынан айырылып, қабырғасы қайысқанын, Анардай келінінен туған немерелері Олжас пен Рахаттың шет елде жүргенін әңгімелеп отыратын. Тағдырдың осындай сынақтарына қарамастан, елге деген ықыласы мен ұлттық құндылықтарға деген құрметін жоғалтпағаны оның рухани беріктігін танытады. Қалың орыстың ортасында өмір сүрсе де, балаларына Ырысты, Айман, Шолпан, Гүлмира деген қазақы есімдер қоюы да көп нәрсені аңғартады. Кейінгі ұрпаққа, соңынан ерген жиендеріне Олжас, Рахат, Диана, Кәмелі, Еңлік деген есімдерді азан шақырып қойдырған. Осы есімдердің өзінен-ақ Күләтай апамыздың қазақ тіліне, салт-дәстүрге, әдет-ғұрыпқа деген ерекше сүйіспеншілігі мен ұлттық болмысқа деген құрметі айқын сезіледі. Бүгінгі күні сөйлеген сөзінен де осы қасиеттерді анық аңғаруға болады.

Ал балаларына кезінде Владимир, Сергей, Светлана, Люба есімдерінің қойылуы сол кезеңдегі қоғамдық ортаның, саяси жағдай мен тұрмыс салтының ықпалынан болса керек. Жанұяның сол кездегі өмір сүрген ортасында жасы келген ата-әжелер балаларға ат қоюда көп ойлана бермей, қалыптасқан дәстүрге сай есімдер таңдайтын. Кейінгі буын ата-аналардың да балаларына заман талабына сай, кейде терминдік сипаттағы атауларды көбірек қоюы уақыт ағымымен байланысты өзгерістердің бірі еді. Мойылжан аға тұла бойы тұңғышы, қызы Ырыстының облыстың әлеуметтік саласында зейнетақы төлеу жұмыстарын ұйымдастыруға сіңірген ерен еңбегі үшін «Құрмет» орденімен марапатталғанын ерекше мақтанышпен, марқайып айтады. Әке үшін баласының елге сіңірген еңбегі мен абыройлы атаққа ие болуы – өмірдегі үлкен қуаныштардың бірі. Мойылжан ағаның осы мақтанышынан ұрпақтарының жетістігін өз еңбегінің жалғасы ретінде қабылдайтын әкелік мейірім мен ризашылықты көреміз.

«Өткеннің ізін құрметте», – дегендей, адам адамды өзіне ұқсас қасиеттері үшін де жақсы көруі мүмкін. Мойылжан ағаның «Отандастар» деген сөзді жиі қолданатыны маған ерекше ұнайды... Бұл сөздің өзінде туған жерден жырақта жүрсе де, бір тамырдан тараған ағайынның басын қосып, елдік мүддеге қызмет етуге үндейтін терең мағына бар.

Кешегі Алтай өлкесіндегі жерлесіміз бастап, игілікті жолға айналдырған отандастар арасындағы жақсы қарым-қатынасты бүгінгі ұрпақтың жалғастыруы – маңызды міндет. Ел тағдыры, ұлттық құндылықтар мен мемлекеттік тілдің болашағы туралы сөз болғанда, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап көрсеткендей, мемлекеттік тілді, яғни қазақ тілін барынша дамыту, мектептерде ұлттық мәдениетті қалыптастыру, қазақ тілінің қолданыс аясын едәуір кеңейту – кезек күттірмейтін маңызды мақсаттар. Сонымен бірге алыстан келген ағайындардың өмір тарихына, тіл байлығына, сөздік қорына ерекше көңіл бөліп, олардың бойындағы ұлттық мұраны бағалай білуіміз қажет.

Меніңше, осындай игі бастамалар мен алға қойылған мақсаттар – елдіктің тұғыры, ұлттың рухани байлығын еселейтін үлкен құндылық. Ал Мойылжан аға секілді туған жердің қадірін біліп, қайда жүрсе де ұлтының абыройын асқақтатқан азаматтардың өмір жолы – кейінгі ұрпаққа өнеге, елге қызмет етудің жарқын үлгісі.

 

Сапарбек МАУСУМБАЕВ,

Қазақстан, Ресей Журналистер 

одағының мүшесі, Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгінің иегері,  

С.П.Титов атындағы 

сыйлықтың лауреаты, ақын, 

Павлодар облысы 

«Ақсақалдар тағылымы» қоғамдық 

ұйымының мүшесі

 

23.11.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 29779
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 29334
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 46559
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 42135
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 46910