2026 жылғы 8 мамырда Түркі мәдениеті және мұрасы қоры мен Әзербайжан Сәулетшілер одағының бірлескен бастамасымен сәулетші Әджеми Нахчываниның 900 жылдығына арналған «Әзербайжан сәулет мұрасының данышпаны» кітабының және естелік пошта маркаларының тұсаукесері өтті.

Іс-шара Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиевтің көрнекті сәулетші Әджеми Нахчываниның 900 жылдығын атап өту және 2026 жылды Әзербайжан Республикасында «Қала құрылысы және сәулет жылы» деп жариялау туралы тиісті жарлықтарына сәйкес ұйымдастырылды.
Іс-шараның ашылуында сөз сөйлеген Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті, профессор Ақтоты Райымқұлова екі күннен кейін туған күні атап өтілетін Әзербайжан халқының Жалпыұлттық көшбасшысы, Ұлы көшбасшы Гейдар Әлиевтің: «Түркі мемлекеттері арасындағы ынтымақтастық неғұрлым нығая түссе, халықтарымыз да соғұрлым қуатты болады» деген сөзін еске салды.
Ол Түркі мәдениеті және мұрасы қоры жүзеге асырып жатқан жобалардың, соның ішінде таныстырылған басылымның да, түркі халықтарын ортақ мәдени құндылықтар төңірегінде одан әрі топтастыру идеясына қызмет ететінін атап өтті.
Қор президентінің айтуынша, 2025 жылғы 15 желтоқсанда Париж қаласындағы ЮНЕСКО штаб-пәтерінде Түркі тілдері отбасы күні аясында Әджеми Нахчываниның 900 жылдық мерейтойы халықаралық деңгейде аталып өтті. Іс-шара барысында аталған кітаптың тұсаукесері өтіп, ұлы сәулетшінің бай шығармашылық мұрасын бейнелейтін көрме ұйымдастырылды.

Сонымен қатар ол Әзербайжан Сәулетшілер одағының және басылымды дайындауға атсалысқан барлық азаматтардың ерекше рөлін атап өтіп, оларға алғысын білдірді.
Ресми сөз сөйлеулерді жалғастырған Әзербайжан Сәулетшілер одағы Басқармасының төрағасы Эльбай Гасымзаде Әджеми Нахчываниды Әзербайжан сәулет өнерінің ең көрнекті өкілдерінің бірі әрі Нахчыван сәулет мектебінің негізін қалаушы ретінде атап өтті.
Одан кейін Әзербайжанның ЮНЕСКО жанындағы тұрақты өкілі, елші Эльман Абдуллаевтың бейнеүндеуі көрсетілді.
Іс-шара аясында Әзербайжан Республикасы Милли Меджлисінің депутаты, парламенттің Мәдениет комитетінің төрағасы Полад Бюльбюльоглу, Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясының президенті Иса Габиббейли, Әзербайжан Республикасы мәдениет министрінің орынбасары Саадат Юсифова, сондай-ақ «Әзербайжан сәулет мұрасының данышпаны» кітабының авторы, сәулет саласының философия докторы Рагиба Алиева сөз сөйлеп, басылымның ғылыми және көркемдік маңызына тоқталды.
Іс-шара көркем бағдарламамен жалғасын тапты.















