ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ

ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ

Бүгінде Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевтің төрағалығымен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының жетінші мәслихат кездесуі өткізілуде. Бұл маңызды саммитке Орталық Азия елдерінің президенттерінен басқа Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Алиев және БҰҰ-ның Орталық Азия үшін превентивті дипломатия жөніндегі аймақтық орталығының басшысы Каха Имнадзе қатысуда.

Саяси шараның негізгі мақсаты – Орталық Азиядағы аймақтық ынтымақтастықты одан әрі нығайту және басым бағыттар бойынша бірлескен жобалар мен бастамаларды іс жүзінде жүзеге асыру. Айта кеткен жөн, Өзбекстанның төрағалығы кезінде 20-дан астам ірі іс-шара өткізілген, бұл елдің аймақтық саясаттағы белсенділігін көрсетеді.

Ал біздің мақсатымыз  Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы бүгінгі қарым-қатынасқа, Орталық Азия мемлекеттері басшыларының жетінші мәслихат кездесуі қарсаңында ұйымдастырылған шараларға шолу жасау. 

Саммит қарсаңында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстанға ресми сапармен келді. Мәртебелі қонақты “Ташкент-Хумо” халықаралық аэропортында салтанатты түрде Өзбекстан Республикасы Президенті Шавкат Мирзиёев қарсы алды. Ресми қарсы алу мен қарауыл сап түзегені екі бауырлас ел арасындағы өзара құрмет пен саяси маңыздылықты көрсетеді. Тәуелсіздіктің алғашқы 25 жылында екі елдің қарым-қатынастары жақсы болды, алайда қазіргі байланыс деңгейі – тарихи көрініс, саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени ынтымақтастық бұрынғыдан әлдеқайда терең әрі кең. Тарихшылар мен этнографтар айтқандай өзбек пен қазақ халықтарының түбі бір, тарихи тамырлары ортақ екені бүгінгі кездесу кезінде нақты көрініс тапты.

15 қарашада Көксарай резиденциясында екі ел Президенттерінің тар шеңбердегі келіссөздері өтті. Кездесу стратегиялық және одақтастық қатынастар тарихында жаңа кезеңнің басталғанын көрсетті. Келіссөздер барысында энергетика, көлік, химия өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, су ресурстарын басқару, қоршаған ортаны қорғау, ақпараттық технологиялар және басқа да маңызды салалардағы өзара тиімді серіктестік кеңейту мәселелері талқыланды.

Сапар қарсаңында Ташкентте Үкіметаралық комиссияның отырысы, бизнес форумдар, Қазақстан медицинасы күндері, қазақ фильмдерінің қойылымдары және мәдени шаралар өткізілді. Экономикалық байланыстардың көрсеткіші – биылғы жылдың өткен кезеңінде 4 миллиард доллар, ал 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 10 миллиард долларға жетуі жоспарланған. Бұл – сауда-саттық пен кәсіпкерлік ынтымақтастықтың нақты іс жүзіндік көрінісі.

Көксарайда басталған саммитте Президенттердің кеңейтілген құрамдағы келіссөздері және Жоғарғы мемлекетаралық кеңестің екінші отырысы өтті. Кездесуде тауар айналымын, біріккен өнеркәсіптік жобалар мен көлік-логистика бағытындағы ынтымақтастық арқылы екі елдің экономикалық тәуелсіздігін арттыру және аймақтық ықпалдылықты күшейту мәселелері қаралды.

Су ресурстарын ынтымақтастықта басқару, “жасыл” технологияларды енгізу, мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту да назардан тыс қалмады. Жоғары оқу орындары мен жастар ұйымдары арасындағы тәжірибе алмасу – екі елдің ұзақ мерзімді стратегиялық байланысын бекітуге бағытталғанмен ерекшеленді.

Келіссөздер тек экономикалық әріптестікке ғана емес, Орталық Азиядағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған стратегиялық қадам болды. Өзбекстан мен Қазақстанның біріккен экономикалық, энергетикалық және инфрақұрылымдық жобалары аймақ елдерінің тұрақтылығын арттыруға және интеграцияны күшейтуге ықпал етеді.

Жоғарғы мемлекетаралық отырыстан кейін екі ел Президенттері ірі кооперациялық жобаларды іске қосты. “Орталық Азия” халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы мен “Tenge Bank”-тің Ташкенттегі жаңа бас кеңсесі ашылуы, сондай-ақ “Silkway Central Asia” көпсалалы логистика орталығы, желілік алкилбензол өндірістік қуаттары, Жаңа Ташкенттегі “Астана” массиві, Қазақстандағы “Ташкент” және Өзбекстандағы “Астана” қонақ үй кешендерінің құрылысы басталуы көптің көңілінен шықты. Мұндай бастамалар халықтарды біріктіруге қызмет етеді деп санаймыз. 

Сонымен қатар Көксарайда тарихи оқиға орын алды: Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Өзбекстанның жоғарғы мемлекеттік сыйлығы – “Олий Даражали Дустлик” ордені тапсырылды. Марапаттау рәсімінде Президент Шавкат Мирзиёев екі бауырлас халық арасындағы достық, тату көршілік, стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарды нығайту жолындағы Қ.Тоқаевтың жеке еңбегін жоғары бағалады.

—Осындай салтанатты рәсімде Сізге, еліміздің шын жанашырына Өзбекстанның жоғары мемлекеттік наградасы – жоғары дәрежелі «Дустлик» орденін табыстау мен үшін үлкен мәртебе. Бұл – көпұлтты Өзбекстан халқының Қазақстан Республикасы Президентінің ерен еңбегіне көрсеткен құрметі мен шынайы бағасы. Біздің еліміз Сізді бүкіл әлем білетін көрнекті мемлекет және саяси қайраткер ретінде жақсы таниды. Сіздің парасатты басшылығыңызбен Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған ауқымды реформалар жүргізіліп жатыр. Барлық салада жарқын жетістіктер бар. Қазақстандықтардың әл-ауқаты тұрақты түрде артып келеді. Ең бастысы, халқыңыздың ертеңге деген сенімі зор. Біз жақын дос әрі көрші ретінде Қазақстанның табыстарына шын жүректен қуанамыз, – деді Өзбекстан Республикасы Президенті Шавкат Мирзиёев.

Иә, Қазақстан Президенті тек көрші елдермен ғана емес, жаһандық мәселелерді халықаралық аренада көтеріп, соғыстар мен қақтығыстарды дипломатиялық жолмен шешуге өз ықпалын тигізіп отырғанын атап өткен орынды. Бұл оның мықты тұлға және шебер дипломат екенін дәлелдейді.

Келіссөздер қорытындысы бойынша екі ел Президенттері Бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Бұл құжаттар ресурстарды басқару, қауіпсіздік және аймақаралық байланыстарға басымдық берілгенін көрсетеді. Су ресурстарын бірге басқару туралы келісім Орталық Азиядағы ең өзекті мәселелердің бірі – су қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша екі елдің жауапкершілігін арттырады. Сонымен қатар кеден, шекара маңы инфрақұрылымы, бірлескен әскери оқу-жаттығулары, жастар арасындағы байланыстар және мәдени-гуманитарлық алмасулар бойынша бірқатар келісімдер жасалған. Инвестициялық платформа құру, тау-кен саласындағы меморандумдар және Астана мен Ташкент әкімдіктері арасындағы ынтымақтастық экономикалық және аймақтық интеграция деңгейін айқындайды.

Жалпы алғанда, бұл құжаттар екі елдің тек экономикалық емес, институционалдық және қауіпсіздік бағыттарында да өзара тәуелділігін күшейтеді, тұрақты серіктестік моделін нығайтуға қызмет етеді.

Мазмұнды келіссөздерден кейін мемлекет басшылары БАҚ үшін мәлімдеме жасады. Өзбекстан мен Қазақстан Президенттерінің Көксарайдағы кездесуі аймақтық саясаттағы жаңа кезеңнің белгісі болды. Екі ел тек экономикалық серіктестікті кеңейтуді емес, Орталық Азиядағы өзара байланысты нығайтуға бағытталған нақты қадам жасағанын байқау мүмкін. 

—Президент Мирзиёевтің қуатты басшылығымен Өзбекстан көптеген салада тамаша жетістіктерге жетті, дүние жүзіне табысты дамып келе жатқан ел ретінде танылды. Ауқымды реформалардың нәтижесі орнықты экономикалық өсімнен, халықтың әл-ауқатының артуынан, қалалардағы қарқынды өзгерістерден және қоғамның барлық бағытындағы сапалы дамудан көрінеді. Өзбекстан әлемдік аренадағы өзінің орнын нығайтып, халықаралық және өңірлік қауіпсіздік пен ынтымақтастықты қамтамасыз етуге айтарлықтай үлес қосты. Қазақстандықтар бауырлас өзбек халқына шынайы қолдау көрсетіп, жетістіктеріне қуанады, — дейді Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Бүгінгі кездесулер екі бауырлас елдің стратегиялық әріптестігін жаңа деңгейге көтеріп, экономикалық, саяси, әлеуметтік және мәдени байланыстарды нығайтуға бағытталған нақты қадамдар жасалғанын көрсетті. 

Сонымен қатар Өзбекстан Республикасы Перзиденті Шавкат Мирзиёевтің төрағалығымен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының жетінші Мәслихат кездесуі де өтті. Мәслихат қорытындысы бойынша қатысушы елдер Бірлескен мәлімдемеге қол қойды. 

Суреттер Өзбекстан Президентінің баспасөз қызметінен алынды

Айгүл ТЕШЕБАЕВА, 

“Нұрлы жол” газетінің тілшісі.  

17.11.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 19994
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 19812
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 34964
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 33524
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 37339