Жер жәннаты Жетісуда қайнаған тіршілік

Жер жәннаты Жетісуда қайнаған тіршілік

«Qazaqstan dauiri» газетінің  «AMANAT» партиясы,  ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі,  ҚР Оқу-ағарту министрлігі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, «Ауыл» партиясы, «Ардагерлер кеңесі» РҚБ,  «ЕлАна» сайты, «Мөлдір бұлақ» журналымен бірлескен «Ауыл тағдыры – ұлт болашағы» атты дәстүрлі экспедициясы Жетісу облысында

 

Қарашаның салқыны Тұрсынханның шайымен жылынды

 

Қазан айының аяғында газетіміздің басшысы Сәуле Мешітбайқызы Жетісу өңірінің астанасы − Талдықорғанға барып келді. Жай барған жоқ, өңір басшысының орынбасары Диас Есдәулетовпен кездесіп, әңгіме-дүкен құрды. Сұхбат барысын біз іле-шала «Жетісу өңіріндегі жылы жүздесулер» деген тақырыппен газетіміздің бірінші бетінде жарқыратып бердік. Бұл сапар, бір жағынан, аталмыш өңірге барлау ретінде болса, екінші жағынан, облыс әкімшілігінің бізге деген көзқарасын айқындап алу еді. Өзара кездесу көңілдегідей болғанмен, әкімшілік тарапынан қараша айының ауа райы іспеттес салқындау қабақ танытып жүргенін айта кету − шындықтың бір парасы деп білдік. Себебі облыс әкімінің орынбасары аяқастынан сырқаттанып қалса да, өзіне бағынышты шенеуніктерге: «Ауыл экспедициясы біздің өңірде. «Қош келдіңіздер!» деп айтып қойыңдар! Қарсы алыңдар!» − деген қамқор бұйрығын құлақтарына ілмей, бізге ләм-мим деп хабарласқан да жоқ. Сірә, олар қазақтың «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы ақсақал келіп сәлем береді» деген қағидатын білмейді-ау.

Есесіне «AMANAT» партиясының жігіттері мен қыздары Алматы шаһарынан шықпай жатып бізге хабарласып, іссапарымыздың мақсатын қазбалап сұрап жатты. Таң атпай партия ғимаратына келгенде де «Аманаттың» Жетісу облыстық филиалы төрағасының орынбасары Асхат Досмұхамбетовтен бастап, үлкенді-кішілі қызметкерлері жік-жаппар болып қарсы алды. Кеңесші Тұрсынхан қарындасымыздың баптап берген шайы қандай десеңізші!

«Әкімдер мектебі» елімізге не береді?

 

Біз жыл сайын қоңыр күзде экспедициямен Жетісу өңіріне келгенде, «AMANAT» партиясы ауқымды проблемалық мәселелерді көтеріп жатады. Биыл да «Әкімдер мектебі» жобасын шұғыл қолға алып жатыр екен. Бұл − «Ауыл аманаты» жобасының жаңа кезеңі басталғанын аңғартады. Яғни, осы бастамалар еліміздің ауылдық аумақтарын дамытуға бағытталып отыр. Өздеріңіз білесіздер, «Ауыл аманаты» жобасымен берілетін кредит бар болғаны 2,5 пайызды құрайды. Осы жоба қарапайым халықтан қолдау тауып, қуанышқа кеңелтті. Біз аттан түсе салып, «Ауыл әкімдерін арнайы даярлау курсы. Ауылдық округ әкімдерінің инвестициялық жобалары» деген тақырып аясында болып жатқан шараға қатыстық.

12 ауылдық округтің әкімі инвестициялық жобаларын қорғауға дайындалып жатқан екен. Еш жаққа бұрылуға шамасы жоқ, алдарында бір-бір компьютер. Сол күні кешке бесте жобаларын қорғайды. Бір әкімді сөзге тарттық. Жалпы, олардың жобасында кооперативтерді құру жайында бар. 2018 жылы бұл мәселені Ел Президенті Жолдауында айтқан. Кейбір өңірлерде ішінара кооперативтер құруға ден қойылды. Бірақ бұл іс жаппай қолға алынбады. Биылғы жолдауда кооператив жайлы қайта қозғалып, міндеттелгендей болды. Өңірде осы мәселеге қатты ден қойылыпты. Сөзге тартқан әкімдер кооперативтің минусы мен плюсын сөз етті. Кооператив құру үшін оның мүшелерінің саны 3 адамнан кем болмауы тиіс. Яғни, бұл − ұжымдық жұмыс. Артықшылығы − мемлекеттік тараптан қомақты қаржы бөлініп тұр. Әкімдер осыны дер кезінде пайдаланғысы келеді. Кемшілігі − осы күнге дейін жұмыс істеп тұрған шаруа қожалықтарын жеке адамдар басқарады. Әркімнің қалыптасқан өзіндік жоспарлары бар. Олар біріккенде әрі қарай жұмыс жүріп кете ме, әлде өзара тартыс туып тоқырап қала ма? Әкімдер өз сөздерінде осы мәселені ортаға салды.

Сондай-ақ әкімдердің бастарын ауыртатын тағы бір нәрсе − ауылда жұмыс істейтін адамдардың жетіспеуі. Механизаторлар, шопандар, ветеринарлар тапшы. Халық мұндай жұмыстардың айлығы тәуір болғанмен, істегісі келмейді. Неге? Жастар ауылдың тірлігін қанағат тұтпайды. Дені қалада тұрғысы келеді. Кеткен жастар бірен-сараны болмаса, қайта оралмайды. Енді не істеу керек? Мінеки, әкімдердің осы жиынында тек инвестициялық жобалар талқыланбайды, оларды жүзеге асыратын мамандар, жұмыскерлер жөнінде де сөз болмақ. Осы шараны ұйымдастырып, әсіресе кооперативтер жөнінде бас қатырып, оны өміршең салаға айналдыруға бар күш-жігерін аямай салып, зерттеп жүрген «AMANAT» партиясы жобалық кеңсе әкімдері мектебі жобасының Жетісу, Алматы облыстары бойынша жетекшісі Айгүл Берғалиеваны сөзге тарттық.

− Маған осы жоба жүктелген соң, ауыл- ауылды аралап, халықтың пікірлерін тыңдадым. Тіптен пәтер жалдап ауылда тұрып, халықтың жан дүниесін, тыныс-тіршілігін зерттедім. Көп нәрсеге қанықтым. Көзім жеткен бір нәрсе − кәсіппен айналысқандардың дені есеп-қисапты ескермейтінін аңғардым. Бұл, әрине, өзінше жеке айтатын өзекті мәселелер. Енді мен «Әкімдер мектебі» жөнінде сіздің сауалыңызға жауап берейін.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы аясында жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» жобасының жаңа кезеңі, сондай-ақ ауылдық округ әкімдерінің кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған «Әкімдер мектебі» жобасының негізгі бағыттары туралы болады. Бұл бастамалар еліміздің ауылдық аумақтарын дамыту, халықтың әл-ауқатын жақсарту және жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін нығайту тұрғысынан ерекше маңызды.

«Ауыл аманаты» жобасы – жаңа кезеңге қадам

 

Астанада Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен Өңірлік даму мәселелері жөніндегі жобалық кеңсенің отырысы өтті. Күн тәртібінде  ауылдық округтер скринингінің қорытындысы және ауыл экономикасын қолдаудың жаңа тетіктері қаралды.

Басты ұстаным − ауылдық аумақтарды дамыту ресми есептерге емес, тұрғындардың нақты қажеттіліктеріне негізделуі қажет.

Скрининг 2200 ауылдық округті қамтыды. Бұл жұмысты Ұлттық экономика министрлігі әкімдіктермен және «AMANAT» партиясымен бірлесіп жүргізді. Жобаның мақсаты − перспективалы инвестициялық жобаларды анықтау және аудан мен облыс деңгейіндегі даму жоспарларын нақтылау.

Нәтижесінде, жалпы сомасы 55 млрд теңгеден асатын 6 мыңнан астам жоба өңірлік даму басымдықтарына сай қаралды.

«AMANAT» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев скринингтің нәтижесінде ауылдық округтердегі нақты экономикалық басымдықтармен қатар, өтінімдер мен ауылдағы шынайы жағдай арасындағы сәйкессіздіктерді де анықтауға мүмкіндік бергенін атап өтті.

Мәселен, Созақ ауданында халық саны 10 мыңнан асса да, ресми тіркелген салық төлеушілердің үлесі небәрі 24,3%-ды құрайды. Бұл көлеңкелі жұмыспен қамтудың жоғары деңгейін айғақтайды.

Әкімдер мектебі – ауыл әкімдерінің кәсіби дамуына жаңа серпін

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде «Әкімдер мектебі» жобасы қолға алынды. Бұл жоба аясында 2000-нан астам ауылдық округ әкімдері білім алды.

Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Әкімдер мектебі» жобасын іске қосу туралы тапсырма беріп, «AMANAT» партиясының тәжірибесін ескерудің маңыздылығын атап өтті.

Нәтижесінде партия жанынан Үкіметтің Өңірлік саясат жөніндегі жобалық кеңсесі мен Сараптамалық орталық құрылды. Бұл кеңсені Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басқарады.

Жобалық кеңсе аясында әрбір ауылдық округтің экономикалық даму бағдарламасы әзірленеді. Әкімдерге арналған оқытудың екінші легі 22 қыркүйектен басталған болатын. Барлығы 240 сағат дәріс қарастырылған: 140 сағатын − Мемлекеттік басқару академиясы, 100 сағатын − «AMANAT» партиясының Саяси менеджмент академиясы өткізеді. Негізгі тақырып − «Ауылдық округтердің экономикалық даму бағдарламаларын әзірлеу».

Бүгінде ауылдық жерлерде халықтың табысын арттыруға, жұмыс орындарын ашуға бағытталған нақты бағдарламалар өте аз. Бұл бағдарлама осы олқылықтың орнын толтыруды мақсат етеді.

Оқу үш кезеңнен тұрады:

1-кезең – Зерттеу және сараптау:

Скрининг жүргізу

Өнімнің тауарлық массасын анықтау

Мамандандыру бағытын айқындау

Техникалық-экономикалық негіздеме жасау

Тұтыну балансын есептеу

Нарықты зерттеу және өткізу жолдарын талдау

2-кезең – Жобалау және жоспарлау:

Сату әлеуеті бар өнімдерге арналған кооперативтік жобаларды әзірлеу

Мысалы: 500 тонна картоп өндіретін кооператив құруға қажетті ресурстарды анықтау

Ауыл тұрғындарын, жеке қосалқы шаруашылықтарды белсенді қатыстыру

Қаржылық модель жасау, тиімділігін бағалау, толық бизнес-жоспар дайындау

 

3-кезең – Іске асыру:

Дайын жобаны округтің экономикалық даму бағдарламасына енгізу

Әкімдердің жобаны өз өңірінде жүйелі түрде жүзеге асыруға дайындығы

Жобаның негізгі мақсаттары:

Халықтың табысын арттыру

Салық базасын ұлғайту

Өндірілетін өнім көлемін арттыру

Өңделген өнім үлесін көбейту

Сатылатын тауар көлемін ұлғайту

 

Экономикалық даму қадамдары:

Скрининг

ТЭН (техникалық-экономикалық негіздеме)

Нарықты зерттеу

Мамандандыру

Тұтыну балансы

Сату арналары

Бизнес-жоспар құру

 

Кооперативтер құру үшін:

Ауыл тұрғындары арасындағы сенімсіздікті жою

Кооперацияның тиімділігін дұрыс түсіндіру

 

«ДЕ» санатындағы азаматтарды жұмыспен қамту жолдары:

Мансап орталығы арқылы:

«Күміс жас»

Әлеуметтік жұмыс орындары

Жастар тәжірибесі

Даярлау және қайта даярлау курстары

 

Әкімдер мектебі – жаңа буын басшыларды даярлау алаңы

Ауыл әкімдерінің алдағы міндеттері

 

«АMANAT» партиясының «Ауыл аманаты» жобасы – ауыл экономикасын жаңғыртудың қуатты құралы. Бұл жобаның сәтті жүзеге асуы ауылдық округ әкімдерінің белсенділігі мен жоспарлы жұмыс істеуіне байланысты.

Әкімдер мына бағыттарда нақты жұмыс жүргізуі қажет:

Шағын және орта бизнесті қолдау:

Кәсіпкерлерге ақпарат беру, жеңілдетілген несиеге қолжетімділікті қамтамасыз ету, инфрақұрылымдық қолдау көрсету.

Ауыл шаруашылығын дамыту:

Суармалы жерлерді кеңейту, мал шаруашылығын қолдау, кооперативтер құру.

Инфрақұрылымды жаңғырту:

Жол, су, электр, интернетпен қамтамасыз ету арқылы халықтың өмір сапасын арттыру.

Инвестиция тарту:

Жергілікті ресурстарды тиімді пайдалану арқылы инвесторлар тарту және жаңа жұмыс орындарын құру.

Жетісу облысы бойынша «Әкімдер мектебі» жобасы ақпан айында өз бастауын алған болатын. Жоба аясында 1-лекке 112 ауылдық округ әкімі білім алып, өз біліктілігін арттырған болатын. Бүгінгі күні екінші лекте жаңадан сайланған 16 әкім білім алып, өз жобаларын қорғауда.

Кешкі бесте 12 әкім сынақ тапсырды. Жобаларын, жоспарларын ортаға салды. «АMANAT» партиясының облыстық филиалының төрағасы Арын Арыстанбектің басшылығындағы комиссия мүшелері сынақ тапсырғандарға сұрақтар қойып, нақты бағаларын берді. Менің байқағаным − әкімдердің көбінде рух жетіспейді. Батыл емес. Жасаған кестелері түсініксіз. Олардың жобаларының нұсқалары бір-біріне ұқсас. Дегенмен, ізденіс бар. Осы жобалары арқылы өз ауылдарының инфрақұрылымын, кәсіпкерлердің жұмыстарын жақсартуға деген ниеттері таудай. Әкімдер айтпаса да, кооператив құруға ауыл тұрғындарының салғырттығы көрініп тұр.

Лауазымды қызметтерін тастап, құс өсірген 

ерлі-зайыптылар

 

«АMANAT» партиясының Жетісу облыстық филиалы төрағасының орынбасары Асхат Досмұхамбетовтың жолбасшылығымен Көксу ауданы, Мұқыры ауылына сапар шектік.

− Бұл ауылда өзінің жүрек қалауымен құс фабрикасын құрып жатқан ерекше азаматпен танысасыздар. Ол азамат көптеген лауазымды орындарда жұмыс істеген. Бірақ кейін оның бәрін тастап, кәсіпкерлік саласына келіп, құс фабрикасын салу үшін ауылға оралған, − деді ол. Біз, әрине, осындай ерекше азаматпен кездесуге асықтық.

Қараторы өңді, арықтау келген, жүзі нұрға толы азамат бізді қуана қарсы алды. Таныстық.

− Серік Бимұхамбетовпін, − деді сәлемдескен соң ол өзін таныстырып. Тістері ақсия күліп тұр. Өмірдің талай асуларын бағындырған азамат екенін бірден байқатты. Еркін, өзіне-өзі сенімді.

− Ал, Секе, шаруашылығыңды көрсет, − деді Асхат. Серік бастады, біз соңынан ердік. Үлкен аула. Сымтемірмен қоршап тастаған, әппақ қаздар шоғыры көзімізге шалынды. «Құс фабрикасы» дегенде біз балапандары шүпірлеген алып жабық ғимаратты елестеткенбіз. Көңіліміз қоңылтақсып қалды. Дегенмен, сыр білдірмей қарап тұрмыз. Қаздардың бер жағында үндіктер жатыр. Қаздаңдап тауықтар жүр. Серік олардың табиғи өнім екенін, жұртшылық тарапынан ұсыныстар мен тапсырыстар көп түсетінін көсіле айтып тауысар емес.

Жалпы, мұндай шаруашылықты ашқандағы мақсаты − балаларына табиғи өнім жегізу екен. Шүкір, олардан артылып, халықты қамтамасыз етіп отырғанына жігітіміз қуанышты. Базарда өнімдерін сатуға орны бар. Серіктің құстардан басқа да шаруашылығы бар. Жабық қора-қопсыда етке өткізетін оншақты сиырлары теңкиіп жатыр. Соғымға деп байлаған бес-алты жылқы да қамаулы. 200-ге жуық қойы жайылымда. Бәрі жақсы-ақ. Дегенмен, мемлекет тарапынан қамқорлық ауадай қажет. Мынадай жадағай қора-қопсымен алысқа ұзай алмайсың.

Серіктің үйіне кірдік. Жып-жылы. Оның жары Ақбота Ахметпен таныстық. Мамандығы − журналист. Иіліп сәлем берген келіншек жымиып қарсы алды. Үш-төрт сары бала әрі-бері жүгіріп жүр. Ақбота дастарқан жайып қойыпты. Дастарқан басында Серікті әңгімеге тарттық.

− Менің туған жерім − Ақсу ауданы, Қызылтау ауылы. Әкем Дүйсенбай мал дәрігері болды, мал бордақылауда жұмыс істеді. Анашымның аты − Маржан. Алты бала болдық отбасында. Әкем 1991 жылы «Өтебай» шаруа қожалығын ашты. «Шатырбай» деген жер атамның атында. Иә, мен түрлі лауазымды орындарда жұмыс істедім. Ілияс Жансүгіров атындағы университетті, көп ұзамай аспирантураны бітіріп алдым. Филология мамандығын алдым. Астанада Тіл комитетінде жұмыс істедім. Қоршаған ортаны қорғау министрлігінде тіл маманы болдым. Министрдің көмекшісі болып та бағымды сынадым. Полиция департаментінде ресми өкіл болып та істеп көрдім. Содан бір күні ойландым. Балаларымды ойладым. Иә, шүкір, Аллам маған бес перзент берді: Інжу, Фариза, Жігер, Зериза, Әзизам. Неге зиянды тамақ жеу керек? Табиғи өніммен тамақтандырсам, денсаулықтары күшті болады ғой.

− Үй-жайыңды, қызметіңді қиып кету қиын болған шығар. Әсіресе, жарың Ақбота бұл шешіміңе қалай қарады?

− Басында қарсы болды. Бәрін түсіндірдім. Нар тәуекел дедік. Үйімізді саттық. Осы Мұқырының шетінен жер сатып алдым. Қасында арық бар. «Ауыл аманаты» жобасы бойынша несие алдық. 175 бас қой сатып алып, бордақыладық. Содан кейін құс шаруашылығымен де айналыса бастадық. Алғашқыда бұл істің қыр-сырын білмегендіктен қиындықтар болды. Бірақ бәрін жеңіп шықтық. Үйрек, қаз, тауық, үндікті көбейттік. Етті үйрек өте пайдалы. Мыңнан асқан кезі де болды. Қазымыздың саны 500-ге жетті. Сұраныс көбейді. Суы қиындау болды. Көктемде қозыны сатып аламын. Өсіріп, оны да сатып жіберемін. Олар бір-бірінің орнын толтырып отырады. Бизнес деген осы ғой.

− Қарамағыңда қанша адам жұмыс істейді?

− Төрт адам. Айлықтарына риза. Әрқайсысы өз міндеттерін атқарады. Мәселен, мынау жеп отырған қызыл дәм не екенін білесіздер ме? − Бәріміз тілді үйірген қызыл дәмге аңтарыла қарап қалдық.

− Түрі қарбызға ұқсайды, − деді Асхат мырза.

− Дәл таптыңыз. Осы қарбыздан жасалған дәмді халық көп алады. Оны жасайтын арнайы аппаратымыз бар. Бір адам тек сонымен айналысады, − деді ол. Бәріміз күлдік те риза болдық.

− Алда қандай жоспарлар бар? Үлкен ғимарат салып, бұл тірлігіңізді фабрика етуге бола ма?

− Әрине, менің басты арманым − сол. Сол үшін бес гектар жер сатып алдым. Әзірге қаржым жетіспей жатыр. Чехияда, мәселен, етті тауық өсіреді екен. Өте пайдалы әрі тиімді. Олардың тәжірибелерін үйрену үстіндемін. Қазір өзімнің тәжірибем де өсіп келеді. Мысалға, былтыр қаздарым 3 келі тартса, биыл 5 келі. Пайда ма − пайда. Құстың аяғының бітуі қиын екен. Оған да ем таптым. Ең бастысы − күтім және күтім керек.

− Ақбота, екеуің де журналист екенсіңдер. Күндердің күнінде мамандықтарыңа оралмайсыңдар ма? Жалпы, осы тірліктеріңді күнделікке түсіріп жүрген жоқсыңдар ма?

− Әзірге уақытымыз жоқ. Кейін бір кітап жазсақ па деп ойлап қоямыз. Ең бастысы − осы тірлігімізді орта жолға тастамай қалыптастыру керек. Мамандарды дайындап, кейін сыртынан бақылап отырамыз ба деген жоспар да жоқ емес. Сол кезде көреміз...

Ынтымағы жарасқан отбасымен қимай қоштастық. Тілегімізді айттық. Батамызды бердік. Қалай дегенмен де Серіктей фанатқа мемлекет жағынан қамқорлық керек. Бұл ойымызды «АMANAT» партиясы да қостады.

Ынтымағы жарасқан Жайпақ деген ауыл бар

 

Алакөл ауданы Талдықорған қаласынан 300 шақырым жерде. Жолай Үшаралға соғып, «АMANAT» партиясы Жетісу облыстық филиалының саяси кеңес бюросының көшпелі отырысына қатысуымыз керек еді. Экспедиция құрамында «АMANAT» партиясы Жетісу облыстық филиалы төрағасының орынбасары Асхат Досмұхамбетов, Жетісу облыстық заңгерлер палатасының төрағасы Нұрбек Құдайбергенов, «АMANAT» партиясы жобалық кеңсе «Әкімдер мектебі» жобасының Алматы, Жетісу облысы бойынша жетекшісі Айгүл Берғалиева және мен болдым.

Жайпақ ауылдық округі Алакөлден он бес шақырымда орналасқан. Бізді осы округтің әкімі Еламан Әбдиев қарсы алды. Сұхбаттастық.

− Ауыл 1937 жылдан бері өмір сүріп келеді. Достық теміржолы тура біздің іргемізден өтеді. Алакөл де алыс емес. Ал өзім болсам, Аграрлық университетті бітірдім. Тоғыз жылдай «Әбдиев С» шаруа қожалығын жүргіздім. 2021 жылы бас маман болдым. Осыдан екі-үш жыл бұрын ауыл тұрғындары мені әкім етіп сайлады. Ауылда 320 отбасы, 1123 тұрғын бар. Ауыл мал және егін шаруашылығымен айналысады. Соя, жоңышқа егеді. 36 шаруа қожалығы және 1 ЖШС жұмыс істейді. Жылқы саны − 895, қой − 3600. Жақында жаңа мешіт салып бітірдік. Жаңа аурухана пайдалануға берілді. Мектеп, балабақшамыз жұмыс істеп тұр. Өкінішке қарай, Мәдениет үйі жоқ, − деді әкім сөзін аяқтап.

Ауылдағы төрт фермердің бірі Бақытжан Қабдолдаевты да әңгімеге тарттық. Шаруа қожалығының аты «Сейіл» екен.

− Бұл қожалықты әкем Сәтмұхамбет ашты. Егін шаруашылығымен айналыстық. 161 гектар суармалы жерім бар. Бидай, қызылша, соя ектік. Ет бағытында 190 сиырымыз бар. «Есіл» деген комбайнымды лизингпен алдым. Үш МТЗ тракторым бар. Ұлым Әли − өзімнің көмекшім. Аида мен Венера атты қыздарым бар. Алдағы уақытта диірмен салсам деп жоспарлап отырмын. Көкейтесті мәселе − жанармай да, су да уақыт өткен сайын қымбаттап барады.

Содан соң ауылдағы Мұқан Төлебаев атындағы мектепке ат басын бұрдық. Директоры − осы мектептің түлегі Бағлан Нұрмағамбетұлы деген азамат екен. Бағлан 18 жылдан бері осы мектепте мұғалім.

− Бізде 35 мұғалім, 175 бала екі ауысыммен оқиды. Бұрын мұнда 500 бала оқыпты. Сондай-ақ біздің талай оқушыларымыз көптеген олимпиадаларда, жарыстарда жеңімпаз атанғанын бөле-жара айтқым келеді. Мәселен, волейболдан оқушыларымыз облыс, ауданда озып, республикалық жарыстан жүлделі орын алған. Мектеп күрделі жөндеуден өткен, − деді Бағлан мектебін қысқаша таныстырып. Мектеп мұғалімдерімен кездесу өткізіп, сан қырлы мәселелерді ортаға салдық.

Биылғы жылдың 22 қазанында ғана ашылған Жайпақ дәрігерлік ауылдық амбулаториясын аралап көрдік. Мұнда барлық жағдай жасалған. Бәрі жап-жаңа. Әрқилы емдік аппаратуралар самсап тұр. Аурухана меңгерушісі Сая Мазабаева 2005 жылдан бері осында жұмыс істейді. Өте тәжірибелі дәрігер. Одан басқа алты медбике еңбек етеді. Әрқилы емдік бөлмелер саны − 12.

Біз Жайпақ ауылынан шыққанда, күн ұясына қонып, төңірек қараңғылана бастады. Іргесі сөгілмеген, ынтымақ-бірлігі жарасқан Жайпақ ауылының тұрғындарымен қимай қоштасып, аттанып кеттік.

Көшпелі отырыс  Алакөл ауданында өтті

 

Отырысқа «АMANAT» партиясы Жетісу облыстық саяси кеңес бюро мүшелері, облыстық кеңес мүшелері, аудандық мәслихаттағы «АMANAT» партиясы депутаттық фракциясының мүшелері, аудандық саяси кеңес бюросының өкілдері, бөлім басшылары мен бастауыш партия ұйымдарының төрағалары қатысты.

Отырыстың негізгі мақсаты − партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру бойынша атқарылған жұмыстарды талқылап, алдағы кезеңге арналған міндеттерді айқындау болды.

Күн тәртібінде келесі мәселелер қаралды:

«Amanat» партиясы Жетісу облыстық сайлауалды бағдарламасының аумақтардағы жол картасының 2023-2027 жылдар аралығындағы көрсеткіштерінің 2025 жылға орындалуы туралы;

«Amanat» партиясы Алакөл аудандық филиалы депутаттық фракциясы мүшелерінің атқарған жұмыстары туралы;

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын қолдау туралы. 

Осы отырыста қос бірдей қаулы қабылданды. Қаулыда жоғарыда аталған көкейтесті мәселелер, ауылдың жағдайы қарастырылған.

 

Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ

 

14.11.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 19814
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 19631
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 34774
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 33334
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 37157