Атырауда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДCҰ) сарапшыларының қатысуымен әйелдер денсаулығын сақтау және адам папиллома вирусына (HPV) қарсы вакцинацияны дамыту мәселелері талқыланды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Елімізде 11 жастағы қыз балаларға адам папиллома вирусына (АПВ) қарсы вакцина алғаш рет 2010 жылы егілген. Ал соңғы екі жылдан бері бұл екпе тұрақты түрде жүргізіліп келеді.
Мамандардың айтуынша, вакцина вирус жұқтырғанға дейін салынса, оның тиімділігі жоғары болады. АПВ көбіне 25 жасқа дейінгі адамдар арасында жиі кездеседі. Дәл осы кезеңде жүргізілген вакцинация ағзада ең күшті иммундық қорғаныс қалыптастырады.
2010 жылы АПВ-ға қарсы екпені алғашқылардың бірі болып қабылдаған атыраулық Мөлдір Бауыржанқызы бүгінде екі баланың анасы.
– Екпе алғаннан кейін тұрмыс құрып, екі баланың анасы атандым. Бұл вакцина бедеулікке әкеледі деген пікірлерді жиі еститінмін. Алайда менің денсаулығыма ешқандай кері әсері болған жоқ, – деді ол.
Айта кетейік, бүгінде өңірде жатыр мойны аурулары бойынша 1285 адам есепте тұр. Ал скрининг бағдарламасының нәтижесінде ерте анықтау көрсеткіші 22 пайызға жеткен.















