АСТАНАДА ЖЕҢІС МЕРЕКЕСІ ЕРЕКШЕ ТОЙЛАНДЫ

АСТАНАДА ЖЕҢІС МЕРЕКЕСІ  ЕРЕКШЕ ТОЙЛАНДЫ

Астана қаласында жылда Жеңіс күні ерекше аталып өтеді. Мерекелік шара ұйымдастырылған күні Астана тұрғындары да белсенділік танытады. Әр көшеден жайдары көңіл күйдің самалы еседі. Бұл жолы да «Ұлы жеңіске арналады!» атты мерекелік концерт Астана қаласы әкімдігі жанындағы қалалық алаңда тойланды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, концерттің басты мақсаты – Отан үшін жанын қиған қаһармандарды еске алып, жас ұрпаққа бейбіт күннің қадірін түсіндіру, қанды майданның қасіретін түсіндіру.

Концерт шымылдығы Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның үрлемелі оркестрінің патриоттық шығармаларымен түрілді. Түрлі аспаптардың үні мен жанды дауыста орындалған әндер көрерменге ерекше рухани әсер сыйлады. Майдан даласында сарбаздарға күш берген шығармалар да концерттік бағдарламадан тыс қалған жоқ.

Үрлемелі оркестрдің орындауында Жеңіс күнінің рухын сезіндіретін «День Победы» әні де шырқалды. Осы сәтте көрермен орнынан тұрып, әнді қосылып айтты. Бұл көрініс ерекше құрмет пен ілтипаттың белгісін көрсетті.

Салтанатты іс-шараға қала тұрғындары бір кісідей қатысты. Жиналған қауым бейбіт күнді сыйлаған батырларды еске алып, ұмытылмас ерліктерін дәріптеді.

Іс-шараға келген тұрғындар жанды дауыста шырқалған рухты әндерді тыңдап, өзгеше әсер алғанын айтты.

«Астанада алты жыл тұрсам да, мұндай концертке алғаш рет келіп тұрмын. Сіңлімді де ерте келдім, екеуміз бірге келіп, концерттің басталу сәтін асыға күттік. Атмосферасы ерекше әсерлі, өнер мен тарихты қатар сезінуге мүмкіндік алдық.

Кейбір рухты әндерді тыңдай отырып, көзіме жас алдым. Бейбіт өмір сыйлаған ата-бабаларымыздың ерлігі үшін рақмет. Астана қаласының әкімдігіне осындай тағылымы терең, рухты іс-шара ұйымдастырғаны үшін алғыс білдіремін. Жеңіс күні құтты болсын! Еліміздің аспаны әрқашан ашық болып, бейбітшілік пен береке салтанат құрсын», – деді Астана қаласының тұрғыны Гүлдана Ашықбайқызы.

Концертке жиналғандардың көпшілігі балаларын және немерелерін ертіп келген. Олар өскелең ұрпақтың тарихи Жеңіс туралы тереңірек біліп өскенін қалайды. Соғыс жылдарындағы әндер көрерменнің көңілін де толқытты. Жиналған жұрт терең әсерге бөленіп, көздеріне жас алды. Мереке қарсаңында Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында Ұлы Отан соғысы батырларына арналған ескерткіштер мен мемориалдарға гүл шоғын қойғаны туралы жазды.

Майданда қаза тапқан қазақстандықтардың рухы бір минут үнсіздікпен еске алынып, ел тыныштығы мен тәуелсіздігі жолындағы ерліктері ұлықталды.

«9 мамыр – ұрпақтарды тоғыстыратын ерекше күн. Бұл күні біз бейбіт өмір мен азаттықты жанқиярлықпен қорғап қалған ардагерлердің, майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің ерлігіне құрметпен тағзым етеміз. Отан үшін от кешкен ардагерлер мен соғысқа қатысқан жандарға алғысымды білдіремін. Сіздерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, шаңырақтарыңызға амандық, елімізге бейбітшілік тілеймін! Жеңіс күні құтты болсын!» – деп жазды Жеңіс Қасымбек.

Бұған дейін Астана әкімі ардагерлер, тыл еңбеккерлері және елорда тұрғындарын 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күнімен құттықтаған еді.

Сондай-ақ жеңіс күні қарсаңында Астанадағы Әзербайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры алдындағы алаңда театрландырылған мерекелік концерт ұйымдастырылды.

Іс-шара бағдарламасы кәдімгі концерттік форматтан әлдеқайда ауқымды болды. Ұйымдастырушылардың басты мақсаты – тарихи шындықты сақтау және жастардың азаматтық санасын қалыптастыру. Өнер арқылы көрермендерге бүгінгі бейбіт өмірдің 1940 жылдары майданға аттанып, Отан үшін жанын қиған жандардың қайсарлығы мен адалдығының арқасында келгені еске салынды. Көрермендердің ерекше ықыласына Бауыржан Момышұлы туралы «Ар адамы – Бауыржан» деректі драмасынан қойылған үзінділер ие болды. Аңызға айналған батырдың өмірі мен ерлігіне арналған сахналық көріністер арқылы көрермендер қолбасшының ар-намыс пен парыз туралы ұстанымын тереңірек сезіне алды. Театрландырылған қойылымдар тарих беттерін тірілткендей әсер қалдырып, алаңды өткен мен бүгінді жалғаған рухани кеңістікке айналдырды. Концерттің музыкалық бөлігі ұлттық нақыш пен терең лирикаға толы болды. Сахнада Мұқағали Мақатаев өлеңдеріне жазылған әндер мен жырлар орындалды. Әсіресе «Ән сал, сарбаз» әні сол кештің ерлік пен рухтың символына айналды. Көрермендер әнге қосылып, ерекше бірлік пен патриоттық көңіл күй қалыптастырды. Алаңнан тыл ардагерлерін де, қолына гүл ұстаған кішкентай балаларды да көруге болды.

«Біздің міндет – өткенді еске алып қана қоймай, сол тарихи жадыны келесі ұрпаққа жеткізу. Осындай қойылымдар, Бауыржан Момышұлының бейнесі мен ұлт руханиятына айналған әндер арқылы біз қоғамдағы патриотизм, үлкенге құрмет секілді маңызды құндылықтарды нығайтамыз», – деді ұйымдастырушылар.

Жеңіс күні қарсаңында өткен «Мәңгілік ерлікке тағзым» концертінің орны бөлек. Кеш барысында соғыс жылдарында рух берген патриоттық шығармалар орындалып, көрермендерге бейбіт өмірдің қадірі мен ерліктің мәні дәріптелді.

Сонымен бірге елорда тұрғындары мен қонақтарына арналған мерекелік концерт Амфитеатр сахнасында ұйымдастырылды. Іс-шара Ұлы Отан соғысы жылдарындағы батырлардың ерлігіне тағзым етуге арналды. Концерттің басты ерекшелігі – барлық музыкалық шығарма Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның үрлемелі оркестрінің сүйемелдеуімен орындалды. Бағдарламада патриоттық марштар, соғыс кезеңінің атмосферасын жеткізетін әндер мен елдік рухты көтеретін заманауи композициялар шырқалды.

Мерекелік кеште Сәулежан Тағзия, Нұрай Танабаев, Алтыншаш Мұқатаева, Белал Қуаныш, Әділ Сұлтан, Айдын Жұмабаев, Құралай Мейрамбек, Парасат Отан, Медет Салықов, Клара Толенбаева және Бауыржан Исаев өнер көрсетті.

Сонымен қатар «Шалқыма» халық би ансамблі де сахнаға шығып, арнайы би қойылымдарын ұсынды. Кеш барысында көрермендер соғыс жылдарының әндерін бірге шырқап, майдангерлер рухына құрмет көрсетті.

 

Нағашыбай Қабылбек
14.05.2026

Ұқсас жаңалықтар

Инженер, құрылысшы, қоғам қайраткері марапатталды
Әсем ФАЗЫЛОВА, Алматы облысы - 15.05.2026 18
Субұрқақтар және әсем де жайлы тұрғын үйлер
М. ТАБЫН, Ақтөбе қаласы - 15.05.2026 19
Жаңа ережелер   енгізілуде
А. ХАМИТТЕГІ - 15.05.2026 22
Арнайы мамандар тәжірибе алмасты
А. ХАМИТТЕГІ - 15.05.2026 17

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 25118
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 24641
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 42063
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 37927
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 42397