ОРАМАЛ ТАҒУДЫҢ ШАРТЫ – КЕЛІН БОЛУ ЕМЕС, БАЛИҒАТҚА ТОЛУ

ОРАМАЛ ТАҒУДЫҢ ШАРТЫ – КЕЛІН БОЛУ ЕМЕС, БАЛИҒАТҚА ТОЛУ

Қазір ел арасында «Қыз бала келін болғанша басына орамал тартпаған» деген теріс түсінік белең алды. Оның кең тарап кетуіне қазақтың бұрынғы өмір салтынан, арғы шын тарихынан білімі шала, дінінен мақұрым, кешегі советтік-атеистік солақай саясат-идеология санасына сіңіп қалған кейбір дилетант «этнографтар» себепкер болып жүр. Әйтпесе, иманды халқымыздың дәстүрінде ата дініне анық қайшы, онымен қабыспайтын жөн-жоралғы кемде-кем еді.

Мәселен, исламның талабы бойынша, қыздың орамал тағу межесі – күйеуге шығуы емес, биологиялық-физиологиялық тұрғыдағы «балиғат жасына» жетуі («балиғат жасын» зайырлы-құқықтық сипаттағы бүгінгі «кәмелет жаспен» шатастырмау керек). Балиғатқа толған қыз үшін (күйеуге шықса да, шықпаса да) өзімен бір тумаған, бөгде адамдар арасында белгілі дәрежеде жабық киінуі – Құранда («Нұр» сүресі, 31-аят; «Ахзаб» сүресі, 59-аят) және нақтырақ бірқатар хадистерде (Әбу Дәуд, Либас-31, Салат; Ибн Мәжә, Тахарат, 132; Ханбәл, 4/151) айтылған парыз амал. Сондықтан «Қазақ қызы келін болғанша орамал тақпаған» деу – білместік, тіпті әлмисақтан мұсылман халқымыз үшін жала деуге болады.

Енді таратыңқырай айтайық. Бүгінгі үрдістен елеулі айырмасы – бағзыда ата-бабаларымыз қыз баланы ерте айттырып, балиғатқа толысымен көп созбай ұзатқан. Оның түп-төркінде жаратылыс заңын ескерумен бірге, қыздың барар жеріне – «өз жұртына» тезірек сіңісіп, сол жердің тәрбие-талабына ертерек үйренісуін, болашақ отбасысының басынан бекемденуін көздеген даналық жатыр. Қыздардың көбі (9-10 жаста демесек те) негізінен 13-14, 15-16 жас шамасында-ақ босаға аттап, келін болған. Ұлға қатысты айтылатын «Он үште отау иесі», Шал ақын Құлекеұлының «Он бестегі сұлудың жары болар», қыздар туралы «Қыз жиырмаға толғанда кәрі болар» немесе «Он алты, он жетіге келген кезі» («Дударай»), т.б. ескідегі сөздер де – соның дәйек-дәлелі (Қосымша, орыс этнографы Мелков түсірген 11 және 13 жастағы жас жұбайлардың төмендегі ескілікті-тарихи суретін де (3-фото) көре отырыңыздар).

«Орамалды келін болғанда ғана таққан» деген қате түсінік қыздар тек балиғатқа толған соң ғана келін болатын, артық түсініктеме қажет етпейтін сол әдеткі үрдістің мән-жайын, егжей-тегжейін ескермей, балиғат пен келін болу уақыты шамалас, тіпті көбіне бір кез болатыны себепті шатасудан туып-тарап отыр. Бұл – біріншіден.

Екіншіден. Мәдениеттану, дінтану, археология, дін әлеуметтануы ғылымдары тарихта ешқашан діни наным-сенімсіз қоғам болмағанын, болмайтынын да айтады. Сол сияқты түгел тақуа, бірөңкей діндардан тұратын қоғам да болмайды. Қай қоғамның да құдайсыздары, қай дәуірдің де дінсіздері, тиісінше кешегі-бүгінгідей адасушылары әм деист, атеист, агностиктері бар, болған, бола бермек. Мұны орамал тағу мәселесінде де ескеру керек. Теріс түсінік таратушылар сондайларды мысалға алып, тіліне тиек ететіні бесенеден белгілі.

Үшіншіден. Әлгіндей үстірт ұғым – тек діннен мақұрымдық емес, қазақтың әр ауылы ру-ру, аталас-ағайындас боп бірыңғай отыратын байырғы қоныстану жүйесінің ерекшелігін естімеу-білмеудің, яғни білімсіздіктің, сондай-ақ халықтың дін-дәстүрін, тарихын қасақана бұрмалаудың салдары. Қазақтың қыз-келіншегін теріс пиғылдылар әуелі біртіндеп жалаңбас етіп, кейін жартылай жалаңаштыққа үйретіп, оны қалыпты нәрсе қылып көрсетуге тырысқаны қазір ешкімге жаңалық емес. Бұған патшалық Ресей отаршылдығы кезінен басталған басқыншы-атеистік «Совет өкіметінің» зымиян идеологиясы тікелей тигізген ықпал-залал орасан. Ал оған дейін қазақтың өмір салты мен қоныстану жүйесі бүгінгіден мүлдем өзге болған. Қандай?

Білмейтіндер біле жүрсін: үш жүздің тарихи тұрғыда қалыптасқан орны-аумағына сәйкес, бұрын қазақтың әр руы бөлек ауыл боп, өз алдына дербес отырған (Тілімізде соған байланысты көнеден жеткен «кірме» деген сөз бар, мысалы. Ол – әлдебір себеппен атамекенін тастап, басқа руға, өзге елге ауып келген, ішінара кезігетін келімсек кісі мен отбасыға таңылатын, сәл кемсіту реңкі бар атау). Ауылдың барлық өзге тұрғыны әдетте бір рудың өкілі, тіпті әрі дегенде жеті атаға дейін өзара қыз алыспайтын туған-туыстар ғана болған. Сол үрдістің сілемі қазақтың қара өлеңі мен халық әндерінде берік сақталып, бүгінге жетті. Мысалы, «Ауылың сенің іргелі», «Ауылыңа ат арытып барғанымда», «Қалқатайдың ауылы қайда екен деп» деп келетін ән сөздерінің бәрінде жігіт көз салған, көңілі кеткен қыз міндетті түрде басқа ауылдың бойжеткені, яғни өзге жұрттың (рудың) адамы болатыны сол.

Осы орайда діннің тағы бір маңызды шартына келейік: иә, рас, балиғатқа толмаса, қыз балаға орамал тағу парыз емес, сондай-ақ балиғат жасына жеткен күннің өзінде етжақын ағайын-туыстары алдында орамалсыз-хижапсыз (жамылғысыз) көрінуі, тұмшаланбауы айып емес. Өйткені, фиқһтағы үкім бойынша, шариғат әйел затына өзі күйеуге шыға алмайтын, араларына неке жүрмейтін («махрам» боп саналатын) қандас тума-туғандарының көзінше оранбай-жабынбай-ақ жүруге рұқсат етеді (діни үкімі – «жаиз»).

Яғни, бойжеткен қыз күйеуге шыққанша өз ауылында – туыс-бауырлары арасында жүргендіктен, өзін біршама еркін ұстап, шолпы тағып, құлағы, мойыны, өрілген бұрым-шашы көрініп тұратын зерлі тақия-төбетей, үкілі бөрік, сәулетті қасаба киген. Әлбетте, еркінірек үлгіде орамал да таққан (оған дәлел де, дәйек те, дерек те – әдеби сөз үлгілері, көптеген ескілікті фотосуреттер, т.б. жетіп артылады (Бұл ретте, мысалы, ақын Мәделіқожаның (Мәделі Жүсіпқожаұлының) қыздар туралы «Қыз бала, бір жасыңда талпынарсың...» деп басталып, әр жасын термелеген өлеңінде «Тартасың он екіде орамалды» деуі бекер емес. Сондай-ақ «Әгугәй» әні мәтінінің қос тармағы ретінде халық арасына кең тараған, эпостан алынған «Қыз Жібекті ойласаң нең кетеді, Орамалы тұратын бес жүз жорға» деген жолдардың алғашқысы «Келін (келіншек) Жібек» емес, «қыз Жібек» делінуі арқылы орамалдың қызға тиесілі екенін, қыздың мүлкі екенін аңғартып тұрғаны дау тудырмаса керек).

Ал ұзатылғанда қыз орамал орнына – (қолы жетсе) сәукеле киіп, алдынан шыққан енесі желек жауып, келін артынан қайта орамал таққан, перзентті бола сала кимешек киген (Кимешекті кемпірлер ғана киген деу де – дәл сондай шала сауат ұғым, теріс түсінік, қате пікір. Керек десеңіз, керісінше, ислам оларға жеңілдік жасап, Құранда: «Некеленуі қажетсіз, үйде отырған кәрі әйелдердің зейнетін ашпай сырт киімін шешуі айып емес, бірақ одан сақтанса, әлбетте, өздері үшін жақсы» деген («Нұр» сүресі, 60-аят). Солайша сақтанған және жамылғыға өмір бойы әбден үйренген біздің арлы аналарымыз, асыл әжелер, әлбетте, жаулық-кимешегін өле-өлгенше тастамаған.

Демек, қыздың күйеуге шыққан соң жаулық салып, желек жабынатыны – тек бөтен руға, «жат жұртқа» барғанының ғана емес, әуелі балиғат жасында екенінің белгісі. Ол түскен жерінде екібастан ашық-шашық жүрмеген, бүркеншек жамылып, зейнетін жауып, иманды-ибалы келін ретінде біржолата шариғатқа шақ өмір сүрген. Тіпті өзге ауылға түскен келін ғана емес, балиғатқа толған кез келген қыз бала өз ауылына қонақ яки (төмендегі суреттерді түсірген фотографтар сияқты) бөгде адам келгенде немесе жиын-тойда сырт-сұқ көзден сақтанып, «Қызға қырық үйден тыйымның» жөнімен қымтанып жүрген.

 Қысқасы, қазақтың қызы да, келіншегі де орамал таққан, қасаба да киген. Сондай-ақ жас туған келіншек те, жасамыс әйел де кимешек киген. Мұндай киім үлгісі мен әдебі – халқымыздың шариғат талабына сай қалыптасқан имандылығының, тақуалығының көрінісі әм ұлттық мәдениетінің айнасы.

Яғни, «Қыз басына орамалды келін болғанда ғана тартқан», «Кимешекті әжелер ғана киген» дейтін негізсіз, қыңырайған қате пікірлердің пайда болуына отаршылардың қулық-сұмдығы мен бұрмалауы салдарынан өз қағымыздан өзіміз жерініп, бұрынғы өмір салтынан мүлде жырақтап кеткеніміз, тарихымызды да, дінімізді де шала білетініміз немесе мүлде білмейтініміз себеп болуда.

Мысалы, бүгінде «кірме» деген түсінік жоққа тән, қолданыла бермейді. Өйткені қазір кез келген елді мекеннің тұрғындары құрамы, тіпті ұлты жағынан да қырық құрау ғой. Ал бағзы тарихты бүгінгі жағдаймен өлшеуге бола ма?!

Халықтың өткен даму жолын, тұрмыс-тіршілігі мен әлеуметтік құрам-құрылымын, салт-санасын, байырғы мәдениетін, діні мен дәстүрін, яғни тарихы мен этнологиясын жете-жетік білмейтін немесе елеп-ескере бермейтін адамды жеткілікті сауатты деуге, этнограф деуге бола ма? Болмайды, әрине. Абай хәкім айтпақшы, «Ойында жоқ олардың, Шариғатқа шаласы», бірақ сондай псевдоэтнографтар қазір ұялмай-қорықпай, әлгіндей әнтек «этнографиялық қорытындыны» оп-оңай жасай салатын болды.

Р.S. Тоқетерін айтсақ, дініміз бен дәстүріміз бойынша, ибалы-иманды қыз бала басына орамалды тек келін болғанда емес, балиғат жасына толысымен-ақ тартуы керек. Бұл талапқа оның күйеуге шығу-шықпауының қатысы шамалы.

 

Суреттерде – Ресей Ғылым академиясының Антропология және этнография музейінің (Кунсткамераның) онлайн коллекциясында сақталған ескілікті-тарихи суреттер (фото-фактілер) мен олардың деректері:

1-фотода – «Қазақтар. Ұлттық киім киген Адай руының қыздары». 1929-жыл. Өзбекстан, Науайы облысы, Тамды ауданы, Тамдыбұлақ ауылы (Қалақалпақ) қазақтары өмірінен. Суретке түсірген – орыстың көрнекті этнографы, суретші әрі фотограф Александр Лаврентьевич Мелков.

2-фотода – «Сұлтан тұқымының әйелдері мен қыздары» (Тәуке ханның ұрпағы, Ақмола уезіне қараған Бұғылының болысы Мұхамет сұлтан Абылаев деген қазақтың әулет-отбасысы. 1913-жыл. Солтүстік Қазақстан өңірі (Ақмола облысы, Петропавл уезі). Суретке түсірген – орыстың белгілі зерттеуші-этнографы Клавдий Васильевич Щенников.

3-фотода – «Қазақ балалары. Жас жұбайлар (күйеу жігіт – 11 жаста, келіншегі 13 жаста)». ХХ ғасырдың бірінші ширегі. Қызылорда облысы. Қызылорда болысы. Суретке түсірген – Александр Лаврентьевич Мелков.

4-фотода – «Киіз үй ішінде отырған кимешек киген жас келіншек». 1928-жыл шамасы. Семей облысы. Суретке түсірген – Александр Лаврентьевич Мелков.

 

 

Батырболат АЙТБОЛАТҰЛЫ
04.09.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 27369
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 26878
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 44207
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39962
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 44549