Қазақстанның жаңа конституциясында айқындалған саяси реформалар біртіндеп жүзеге асырыла бастады. Соның бірі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтің бастамасымен өмірге келген, саяси тарихымызда 30 жылдан астам өмір сүрген қос палаталы Парламенттің орнын басқан жаңа құрлым, Қазақстан Республикасының Құрылтайы еді. 2026 жылы 28 тамыз күні елордамызда Құрылтайдың алғашқы сессиясы ашылды. Осылайша Қазақстанның саяси өмірінде жаңа бір дәуір басталды.
Құрылтай құрамы 145 депутаттан жасақталды. Бұл да Мемлекет басшысының ұсынысымен болғанын айта кеткен жөн. Естеріңізде болса, биыл қаңтарда өткен Ұлттық Құрылтай кезінде осы мәселені ортаға салған Президент, 145 адамнан тұратын жобаны айтып еді.
Жаңа Құрылтай депутаттары мен өзге де лауазымды тұлғалар бас қосқан алғашқы сессияда баяндама жасаған Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бүгін еліміз өзінің даму жолында аса маңызды кезеңге аяқ басты. Бұл – мемлекетіміз үшін мән-мағынасы айрықша оқиға, тарихи сәт. Біз ұлт жылнамасының жаңа парағын ашып отырмыз», – деді. Президент онан ары қарай тарихтағы Құрылтайдың мемлекеттік, елдік маңызына тоқталып өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұдан ары қарай еліміздегі сайлау науқанының табысты өткеніне тоқталып, халықтың саяси мәдениетінің жоғарылап, партиялар арасындағы бәсекелестік пен бағдарламаларындағы көтерілген мәселелердің ауқымдылығын атап өтті.
Президент өз сөзінде әлемдік саясаттағы тұрақсыздық пен қым-қуыт бәсекелестік алдындағы мемлекет тағдырын айқындауға қатысты ойларымен бөлісе кетті. Әрі еліміздің болашағы үшін маңызды мәселелерді айқындап, түсіндіріп өтті.
«Жалпы, Құрылтайдың алғашқы құрамына айрықша жауапкершілік жүктеледі. Депутаттар халықтың аманатына адал болып, мемлекет мүддесіне қызмет етуі керек. Бұл – анық ақиқат. Мұны ешқашан естен шығармау қажет», – деді.

Президент алға қойған міндеттер
Мемлекет басшысы бұдан ары қарай Құрылтай жұмысына қатысты бірқатар маңызды міндеттерді атап өтті. (Біз Президент сөзінің ішінара мазмұндарын алдық)
– Құрылтай жұмысының басталуы мемлекеттік басқару жүйесіндегі іргелі институционалдық өзгерістерге жол ашады. Себебі Құрылтай билік жүйесін қалыптастыру ісінде маңызды рөл атқарады. Атап айтқанда, Конституциялық сот судьялары, Орталық сайлау комиссиясының, Жоғары аудиторлық палатаның мүшелері Құрылтайдың келісімімен тағайындалады. Депутаттар Президенттің ұсынуы бойынша Жоғарғы сот судьяларын сайлайды және қызметінен босата алады. Құрылтайға Конституциялық сот пен Жоғарғы сот судьяларын, сондай-ақ, депутаттарды құқықтық иммунитеттен айыру құзыреті берілген. Құрылтай Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның республикалық бюджет туралы есептерін бекітеді, Конституциялық соттың жыл сайынғы жолдауын тыңдайды. Бұдан бөлек, депутаттар Үкіметке сенімсіздік білдіруге, Президентке Үкіметтің жекелеген мүшелерін қызметтен босату туралы ұсыныс білдіруге құқылы.
Бір сөзбен, Құрылтайға атқарушы және сот билігін қалыптастыруға, ел тағдырын айқындайтын стратегиялық маңызы бар мәселелерді шешуге қатысты аса ауқымды құзырет берілді. Біз, осылайша, заң шығарушы органның ықпалын едәуір күшейттік. Бұл – билік тармақтары арасындағы өзара теңгерім жүйесі нығая түседі деген сөз.
Жалпы, мемлекеттік және қоғамдық институттарды жүйелі түрде жаңғырту жұмысы жыл соңына дейін жалғасатын болады. Енді мен Құрылтайдың алдында тұрған бірқатар маңызды міндеттерге тоқталып өтейін.
Бірінші. Жаңа Конституция нормаларын ескере отырып, еліміздің заңнамасына түзетулер енгізу қажет. Жаңа конституциялық жүйеге өту барысында бұрынғы Парламент негізгі билік институттарының қызметін қамтамасыз ететін бірқатар маңызды заңдарды қабылдады. Енді Құрылтай әр салаға қатысты заңнаманы мұқият саралап, олардың Конституция қағидаттарына сай болуын қарауы керек.
Екінші. Құрылтай заң шығару үдерісінің тұрақтылығы мен сапасын қамтамасыз етуі керек. Бұған дейін Сенат Мәжіліс қабылдаған заңдардың Конституцияға сәйкестігін, құқықтық тұрғыдан дұрыстығын, нормалардың өзара үйлесімділігін тексеріп отырды. Бұл жұмысты жандандыру қажет.
Заң шығару – аса жауапты жұмыс. Заңдарымыз әділетті, халыққа түсінікті әрі озық, яғни заман талабына сай болуы керек. Себебі заң мемлекеттегі әр азаматтың тағдырына, өміріне әсер етеді. Сондықтан заңның әр нормасы, әр тармағы тыңғылықты қаралып, жан-жақты талқылануы қажет.
Заң шығару – аса жауапты жұмыс. Заңдарымыз әділетті, халыққа түсінікті әрі озық, яғни заман талабына сай болуы керек. Себебі заң мемлекеттегі әр азаматтың тағдырына, өміріне әсер етеді. Сондықтан заңның әр нормасы, әр тармағы тыңғылықты қаралып, жан-жақты талқылануы қажет. Заң шығару қызметінің сапасын арттыру және жемқорлыққа себеп болатын жағдайлардың алдын алу үшін жасанды интеллектіні кеңінен қолдануға болады. Әрине, озық технологиялар кәсіби құқықтық сараптаманы алмастыра алмайды. Алайда технологияны сауатты пайдалану арқылы талдау жұмысының тиімділігін арттыруға болады. Депутаттар осы мүмкіндікті ұтымды қолдануы керек. Қазіргі таңда менің бастамаммен «Е-Parliament» ақпараттық жүйесі әзірленіп жатыр. Бұл жүйе түйткілдерді заң арқылы алдын ала реттеуге мүмкіндік береді. Басты мақсат – цифрлық қызметтерді бір жерге тоғыстыру. Құзырлы органдар депутаттармен бірлесіп, осы платформаны Құрылтай қызметіне тезірек бейімдеуі қажет.
Еліміз үшін аса маңызды заң жобаларын сарапшылармен бірге жан-жақты талқылау керек. Бұл істе қағазбастылық пен салғырттыққа жол беруге болмайды. Құрылтай қоғамдағы өзекті мәселелерге дер кезінде үн қататын жалпыұлттық диалог алаңына айналуы қажет. Депутаттардың қызметі заңдылық, ашықтық, өзара сыйластық, пікір алуандығы қағидаттарына негізделуге тиіс.
Үшінші. Депутаттар бірінші сессияда бірқатар маңызды заңдарды қабылдауы қажет. Мен осы жылы жасанды интеллектіні орта білім беру саласына енгізу, цифрлық активтер индустриясын дамыту, Digital Qazaqstan стратегиясы туралы бірқатар Жарлық шығардым. Үкімет осы бағыттар бойынша қажетті заң жобаларын әзірлеп, Парламентке ұсынады.
Тағы бір мәселе. Біз елімізге кәсіби тұрғыдан жоғары білікті мамандарды, заманауи технологияларды және шетел капиталын көптеп тарту үшін жүйелі шаралар қабылдап жатырмыз. Бұл іске тың серпін беру үшін «Алтын визаны» енгізудің маңызы зор. Сонымен қатар еліміздің көші-қон саясатын жетілдіру қажет. Үкімет тиісті заң жобасын Құрылтайға жолдауы керек. Депутаттарымыз оны тезірек қарағаны жөн болар. Биыл Үкімет «Кітапхана және баспа ісі туралы» заң жобасын да әзірлеп, Құрылтайға енгізуі қажет. Бұл – ұлтымыздың зияткерлік әлеуетін нығайту үшін қажетті құжат.
Бұдан бөлек, Құрылтай қос палаталы Парламенттің депутаттары қарап үлгермеген бірқатар заң жобасын қабылдауға тиіс. Ерекше қажеттілігі бар балаларды жан-жақты қолдау жөніндегі заңға баса назар аудару қажет. Мен осы мәселе жөнінде Ұлттық құрылтайдың Бурабайдағы отырысында айттым. Біз ерекше қажеттілігі бар балаларға көрсетілетін атаулы қолдаудың тиімді жүйесін құруымыз керек. Олардың толыққанды білім алуына жағдай жасау қажет.
Әсіресе, медициналық және әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру керек. Осындай балаларға арналған орталықтарды әр облыстың және үлкен аудандардың қалаларында салу қажет. Демеушілер де осы маңызды іс-шараға қатысады деп сенемін. Мемлекет шын мұқтаж жандарға әрдайым қолдау көрсетуі керек. Бұл – мен үшін тұрақты ұстаным.
Құрылтайдың бірінші шақырылымы – ел дамуының жаңа белесі. Халық сіздерге зор сенім артып отыр. Енді сол сенімді ақтап, қоғамға пайдасы тиетін шаруамен айналысу қажет. Әрбір шешім елдің тағдырына, мемлекеттің болашағына тікелей ықпал етеді. Сондықтан әр қадам байыппен жасалуға тиіс. Жеке бастың мүддесі емес, елдің мүддесі басты орында тұруы керек.
Құрылтай мемлекет пен халықтың арасында дәнекер болып, ұлтымызды ортақ іске ұйыстыруы қажет. Қазақстан парламентаризмін дамытуға елеулі еңбек сіңірген заңғар жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Ең басты игілік – бірлік» деген тамаша сөзі бар. Шын мәнінде, біз ырысты ынтымағымыздың арқасында мемлекеттігіміздің тұғырын нығайтып, нық сеніммен алға қадам басып келеміз. Береке-бірлік бар жерге ғана тұрақтайды. Ауызбіршілігімізді сақтай білсек, әлі талай белесті бағындырамыз. Барлық мақсат-мұратымызға жетеміз. Мен бұған кәміл сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Құрылтай құрылымы
Бұл күні өткен алғашқы сессияда Құрылтай төрағасы болып Президент ұсынған Айбек Дәдебай сайланды. Оның үш орынбасары – «Ақ жол» партиясының төрағасы Дания Еспаева, Динара Зәкиева және Нұрлан Бекназаров болды. Құрылтайда сегіз тұрақты комитет құрылды. Олар аграрлық мәселелер, экология және табиғи ресурстар; әлеуметтік-мәдени даму; конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары; қаржы және бюджет; өңірлік және инфрақұрылымдық даму; халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік; цифрландыру, инновациялар және ғылым; экономикалық саясат, өнеркәсіп және энергетика бағыттарын қамтиды.
Бұдан ары қарай Құрылтай депутаттары ант берді. Дайындықсыз келгені қайсы әлде биік мінбенің мысы басты ма, жаңа депутаттардың арасында екі ауыз сөзді дұрыстап айта алмай сүрінгендері де болды. Бастысы ниетте шығар, ізгі үмітпен тарихи сәтті таспалап алып залдан шықтық.















