Ақтөбеде қала педагогтерінің дәстүрлі тамыз кеңесі өтті

Ақтөбеде қала педагогтерінің дәстүрлі тамыз кеңесі өтті

Ақтөбе қаласы педагогтерінің дәстүрлі тамыз кеңесі биыл Есет батыр тұрғын алабында ашылған жаңа, жайлы №86 мектепте өтті. Биылғы кеңес «Жаңа халықтық Конституцияның нормалары мен құндылықтары: адами капиталды дамытудағы білім беру жүйесінің стратегиялық негіздері» тақырыбына арналды.

Тамыз кеңесінің қонақтарын мектеп ауласында оқушылар ерекше өнерімен қарсы алды. 500 бала домбыра тартып, 50 оқушы жетігенде өнер көрсетті. Мектеп ішінде цифрлық технологиялардың мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып жүрген өнертапқыш оқушылардың жұмыстары қойылған көрме ұйымдастырылды.

Іс-шараға қала педагогтерімен қатар білім саласының ардагерлері қатысты. Ұстаздар қауымын жаңа оқу жылымен құттықтап, еңбегімен ерекшеленген мұғалімдерді марапаттау үшін арнайы келген Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет инклюзивті оқыту жүйесі арқылы білім алып жүрген балалардың шығармашылық жұмыстарымен танысты.

Оқушылар өз жұмыстарын таныстырып, әкімге өз өнерлері мен жетістіктерін көрсетті. Қала әкімі балаларға ақжолтай тілегін жазып қалдырды.

Кеңесте қала әкімі білім саласын дамыту бағытындағы жұмыстарға тоқталды.

– Сапалы білім мен саналы тәрбие – ел болашағының, адами капиталды дамытудың басты негізі. Ал бұл жолда ұстаздар қауымының еңбегі мен жауапкершілігі ерекше, – деді Азамат Бекет.

Бүгінде Ақтөбе қаласында 119 орта білім беру ұйымы, 241 мектепке дейінгі ұйым және 48 қосымша білім беру мекемесі жұмыс істейді.

Мемлекет тарапынан білім беру инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Биыл қалада жалпы 557 орындық 7 жаңа балабақша ашылды. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында соңғы екі оқу жылында 8 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Алдағы уақытта №81 және №87 орта мектептерін ашу жоспарланып отыр.

Үш ауысымды мектептер мәселесін шешу бағытында да жұмыстар жүргізілуде. №8 орта мектептің қосымша ғимаратын пайдалануға беру жоспарланса, Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназиясының қосымша ғимаратының құрылысы биыл аяқталады деп күтілуде.

Балаларға әлеуметтік қолдау көрсету де басты назарда. Өткен оқу жылында 45 мыңға жуық оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылды. Қазіргі уақытта республика көлемінде дәстүрлі «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы өтуде. Бұл бағыттағы жұмыстарға Ақтөбе қаласының әкімдігі тарапынан қажетті қолдау көрсетіле береді.

2026 жылдың Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жариялануына байланысты білім беру ұйымдарында цифрлық технологияларды қолдануға ерекше мән берілуде. Мектептерде «Цифрлық ментор» топтары құрылып, педагогтердің жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалануына бағытталған жұмыстар жүргізілуде.

Педагогтер еңбегінің нәтижесі оқушылардың жетістіктерінен де көрінеді. Өткен оқу жылында Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқан 5 534 түлектің 1 851-і республикалық білім грантына ие болды. Бұл – шәкірттердің талпынысы мен ұстаздардың қажырлы еңбегінің нәтижесі.

Тамыз кеңесі барысында үздік нәтижелер көрсеткен ұстаздар марапатталып, білім саласының ардагерлеріне құрмет көрсетілді. 

Жиын соңында қала әкімі педагогтерді келе жатқан жаңа оқу жылымен құттықтады.

– Жаңа оқу жылы жарқын бастамаларға, толағай жетістіктерге және игі істерге толы болсын! Баршаңызға мықты денсаулық, шығармашылық шабыт, кәсіби табыс және еңбектеріңізге береке тілеймін! – деді Азамат Бекет.

Мейрамгүл ТАБЫН, Ақтөбе қаласы
02.09.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 27369
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 26878
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 44207
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39962
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 44549