Көпшілік күткен, көпшілікті алаңдатқан екі лауазымды қызмет 31 тамыз күнгі Құрылтай отырысында анықталды. Әркім әр саққа жүгіртіп, түрлі болжамдар жасалған, «Анау болады, мынау болады» деп тартысқа салған вице президенттікке Ерлан Қарин тағайындалды. Ал Премьер-министрлікке Олжас Бектенов қайта сайланды. Құрылтай спикері – Айбек Дәдебай.
Құрылтай отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Вице-президент лауазымына неліктен Ерлан Қаринді ұсынғанын түсіндірді.
– Құрметті құрылтай депутаттары! Жаңа саяси маусымның ашылуы баршаңызға құтты болсын! Ауқымды реформалардың арқасында Құрылтай институты өз жұмысына кірісті. Еліміздің өркендеу жолында тағы бір жауапты кезең басталды. Құрылтай депутаттары мемлекетіміз үшін стратегиялық маңызы зор өзгерістерді ойдағыдай жүзеге асыруға белсене атсалысып, ел дамуына зор үлес қосады деп сенемін. Себебі біз мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртып жатырмыз. Былтыр басталған конституциялық реформа аясында ауқымды жұмыс атқарылды. Биыл наурыз айында Жалпыхалықтық референдум өтті. Халқымыз жаңа Конституцияны бір ауыздан қолдап, дауыс берді. Біз біртұтас қоғам болып, ел тарихында тұңғыш рет Құрылтай сайлауын өткіздік. Заң шығарушы органның құрамын толық жасақтадық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы орайда Президент Конституцияның 46-бабына сәйкес Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының Вице-президентін және Премьер-министрін тағайындайтынын еске салды.
– Аталған қызметтерге лайық деп танылған кандидатураларды өздеріңізбен келісіп алуымыз қажет. Ең алдымен, Вице-президент кандидатурасы бойынша ақылдасуымыз керек. Мен осы лауазымды Конституцияға енгізудің маңызы жөнінде бұған дейін де айттым. Вице-президент мемлекеттік басқару жүйесінде айрықша рөл атқарады. Сондай-ақ билік тармақтары арасындағы теңгерімді қамтамасыз етеді. Вице-президент құрылтай депутаттарымен және үкіметпен тығыз жұмыс істейді. Конституцияға сәйкес Мемлекет басшысы айқындаған міндеттерді іске асырады. Мен бұл лауазымға Ерлан Тынымбайұлы Қариннің кандидатурасын ұсынамын. Ерлан Қарин – елге танымал азамат. Ол мемлекеттік басқару жүйесінде ұзақ жыл жұмыс істеді, тәжірибесі мол, отаншыл азамат деп айтуға болады. Ауқымды реформаларды сапалы іске асыруға белсенді түрде атсалысты. Мемлекеттің стратегиялық бағдарын, даму жоспарын жақсы түсінеді. Сондықтан Ерлан Тынымбайұлы Қаринді осы лауазымға лайық деп есептеймін. Құрылтайдан бұл кандидатураны қолдауды сұраймын. Вице-президент тағайындалған соң мен оның өкілеттігі туралы жарлыққа қол қоямын, – деді Мемлекет басшысы.

Құттықтаймыз!
Президенттің ерекше сеніміне ие болған, халықшыл, ұлттық рухы мықты, саясатқа жетік Ерлан Қарин мырзаны Вице-президент қызметіне тағайындалуымен шын жүректен құттықтаймыз! Ел сенімін ақтап, президент жүктеген міндеттерді адал атқарарыңызға сеніміміз зор!
Сізге мемлекетіміздің тұрақты дамуы мен ел игілігі жолындағы аса жауапты қызметіңізде толағай табыс, биік белестер мен жемісті еңбек тілейміз. Қабылдаған әрбір бастамаңыз баянды болып, ел мүддесі жолындағы еңбегіңіз лайықты нәтижесін бере берсін.
Сізге мықты денсаулық, отбасыңызға амандық, жұмысыңызға береке және зор жетістіктер тілейміз!
Ізгі ниетпен,
«Qazaqstan dauiri» газеті, «Елана» сайты, «Мөлдір бұлақ» журналы ұжымы
Белгілі журналист Нұртөре Жүсіп Үкімет басшысы болып тағайындалған Олжас Абайұлы туралы ФБ парақшасында былай деп жазды.
«Мемлекет басшысының Жарлығымен Олжас Абайұлы Бектенов Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі лауазымына тағайындалды.
Осылай болатынын болжауға да болатын еді. Президент сайлау күні Үкіметтің жұмысына көңілі толатынын білдірген. Демек, елдегі экономикалық реформалардың орындалу барысына Мемлекет басшысы тарапынан қатты сын болған жоқ. Бұл – бір.
Екіншіден, Олжас Бектенов Премьер-министр лауазымына алғаш тағайындалғанда «қолы да, ары да таза азамат келді» деп жазған едік. Сол сөзді қайта еске алған артық болмас.
Үшіншіден, Бектенов жалаң ұран, жадағай пиардың адамы емес екенін көрсетті. Үндемей отырып та үлкен істерді атқарып келеді. Бұл Үкімет басшысының ұстамды адам екеніне тағы бір дәлел.
Үшіншіден, Парламентте жүргенімізде бюджетті бекітуге арналған қос палата жиынына келгенде Олжас Бектеновтің біліктілігіне, қойылған әр сұраққа екі тілде бірдей салмақты түрде жауап бергеніне куә болғанбыз. Көпірме қызыл сөз, жалған уәде беру, болмаса сұрақтан жалтару деген болған емес.
Төртіншіден, қазір әлемдегі турбуленттік жағдайға қарамастан ел экономикасы өсіп отыр. Бәрі бірдей керемет болмаса да Қазақстан бірқатар салада оң өзгерістерге қол жеткізді. Бұл тікелей Үкімет басшысының жауапкершілігі мен іскерлігінің арқасы екені де рас.
Бесіншіден, Олжас Абайұлы халықтың жағдайын жақсы біледі. Ұтқыр шешімдер қабылдай алады. Жауапкершілікті мойнына ала алатын жігерлі жас!
Алдағы уақытта Үкімет жұмысын барынша оңтайландырып, кейбір қожыраған салалардағы шаруаны реттеп, жақсы басқарады деп сенеміз».

Олжас Бектенов мырзаны Қазақстан Республикасының Премьер-министрі қызметіндегі өкілеттігінің сақталуымен шын жүректен құттықтаймыз!
Мемлекет басшылығы тарапынан көрсетілген жоғары сенім — Сіздің ел алдындағы елеулі еңбектеріңізге, кәсіби біліміңіздеріңізге, мол тәжірибелеріңіз бен іскерлік қабілеттеріңізге берілген лайықты баға.
Осы орайда, Сізге жаңа кезеңдегі жауапты қызметіңізге зор табыс, қажымас қайрат және толағай жетістіктер тілейміз. Кәсіби біліміңіз бен мол тәжірибеңіз ел игілігі жолындағы жаңа міндеттерді абыроймен атқаруға берік негіз болсын.
Ел алдындағы биік жауапкершілігіңізді абыроймен атқарып, мемлекетіміздің дамуы мен болашағы жолындағы еңбектеріңіз әрдайым жемісті болсын!
Тағайындаулар әлі де жалғасары анық! Үкімет құрамы да қайта жасақталу үстінде! Барша қызмет тізгінін ұстаған шенеуніктерге мемлекетшіл болуды нәсіп етсін! Жаңа қызметтеріңіз құтты болсын!
Ізгі ниетпен,
«Qazaqstan dauiri» газеті, «Елана» сайты, «Мөлдір бұлақ» журналы ұжымы
Ерұлан Өмірсеріков, қоғам белсендісі:
«Құрылтайдан кейін көпті күпті қылған тағайындаулардың басы басталды. Осы тағайындауларға байланысты өзімнің бес тиынымды қосып кетейін. Е.Карин вице-президент қызметіне келді.
Негізі дұрыс тағайындау деп санаймын. Ішкі саясатты ішек-қарнымен қоса жақсы білетін маманның тағайындалуы идеология бойынша көп жұмыстың барлығын айғақтайды. Елдегі көптеген саяси шоуларды ұйымдастырғанмен, ешқашан күндейтіндердің көзіне көрінбеуі Е.Кариннің саяси сахна өнерін өте жақсы меңгерген мықты маман екенінің дәлелі. Сонымен қатар қазақылығы, мәдениеті, жасы, біліктілігі мен білімі бүгінгі күннің вице-президент қызметіне дәл келіп тұр.
Бектеновтың Үкіметтің басына қайта тағайындалуы көп бастаманың бітпеуіне байланысты деп ойлаймын. Ең бастысы және ауыры биылғы жылы елдің жаңа салық көдексіне өтуі. Осы жұмыстардың нәтижесіне байланысты Президент өзіне бір шешім қабылдауға мүмкіндік қалдырды ма деп деп отырмын. Сонымен қатар әлсіздеу Үкіметтің ең осал саласына Н.Нәлібаевтың келуі осы сала жұмысының реттелетініне сенім әкелгендей.
Ал А.Балаеваның Қауіпсіздің кеңесіне келуі елдің қауіпсіздігіне біраз адамдардың мүдделі екенін көрсетеді ме деп тұрмын.
Қорыта айтқанда, бүгінгі күні елдің ертеңіне елеңдеуді Президенттің осы азаматтарға жүктегенін көріп отырмыз».
«ЖАҚСЫ СӨЗ – ЖАРЫМ ЫРЫС» ДЕЙМІЗ БЕ?
Асхат Қасенғали, саясаткер:
«Бектенов орнын сақтап қалды. Жалпы солай болады деп біраз сарапшы болжады да. Неге? Себебі Бектенов Үкіметті тізгіндеген сәтте Қазақстанның ЖІӨ-мі алғаш рет 300 млрд доллардан асты. Осы үшін де Үкіметбасы өз орнында қалған сияқты.
Қазақстанның алдында 2029 жылға дейін жалпы ішкі өнім көлемін 450 млрд долларға дейін жеткізу міндеті тұр. Президент осындай нақты тапсырма қойған болатын. Былтырғы экономикалық өсім 6,5 пайыз болды.
Жалпы ішкі өнімді арттыру міндеті тікелей Үкімет басшысына жүктелетіні белгілі. Бектеновтің қайтадан Премьер-министр болып тағайындалуы Президенттің экономикалық саясаттың сабақтастығын сақтап, стратегиялық мақсаттарды жүйелі түрде жүзеге асыруға басымдық беретінін көрсетеді.
Үкіметбасы Бектеновтың кабинеті экономикалық өсімді қамтамасыз етуге, әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың құрылысын жандандыруға, сондай-ақ цифрлық шешімдерді енгізуге басымдық берді. Қазіргі таңда Үкіметтің алдына да осы міндет қойылған.
Сондықтан Бектеновтің премьер-министр қызметінде қалуы осыған дейін атқарылған жұмысты одан әрі ілгерілетеді. Алда Үкіметті ауқымды жұмыстар күтіп тұр.
Ол қандай жұмыс?
Біріншісі – экономиканы әртараптандыруды күшейту. Яғни, өңдеу саласына инвестиция тартуды арттыру қажет.
Екіншісі – логистикалық жобаларды жалғастыру және логикалық нүктесіне жеткізу. Бұған жолдар, теміржолдар, әуежайлар, порттар салуды айтуға болады. Қоймалар санын арттыру да осыған жатады.
Үшіншісі – агросаланы (жалпы ауыр шаруашылығын) дамытуға күш салу.
Төртінші – цифрлық саланы, ЖИ-ді дамыту, әлеуметтік саланы қолдауды күшейту дегендей. Осы және басқа жұмыстар Үкіметті күтіп тұр.
Тоқтар Жақаш, журналист:
«Бүгін мемлекет үшін үш маңызды органның басшылары тағайындалды. Екеуін Президент Тоқаев Құрылтай депутаттарымен келісе отырып тағайындады. Вице-президент лауазымына Ерлан Қаринді қолдап, 140 депутат дауыс берсе, Олжас Бектеновті қолдап 137 депутат дауыс берді. Осылайша, Вице-президент қызметіне заңды түрде Ерлан Қарин тағайындалса, Үкіметті Бектенов қайта қолына алды.
Ерлан Қарин – елдің идеологиялық бағытын қалыптастырушы, үйлестіруші тұлға. Ол Президенттің кеңесшісі, көмекшісі, Мемлекеттік хатшысы, Мемлекеттік кеңесшісі, Президент Әкімшілігінің бірінші орынбасары қызметтерін абыроймен атқарған азамат.
Одан кейінгі тағайындау – Олжас Бектенов. Ол Премьер-министр қызметін сақтап қалды. Түрлі экономикалық қиындықтарға қарамастан, ІЖӨ көрсеткіші 6,5 пайыздан асты. Инвестиция тартудан Орта Азияда көшбасшымыз. Жалпы, Үкіметтің жұмысында оң нәтиже басым. Бектенов – жақсы ұйымдастырушы, командамен жұмыс істей алатын азамат. Үкімет алдында тұрған күрделі міндеттер мен ауқымды жұмыс көлемін еңсеріп келеді».
PS: Мемлекет басшысының Жарлығымен лауазымдық тағайындаулар жасалуда. Ұлттық банктің төрағасы ретінде Тимур Сүлейменов орнын сақтап қалды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тізгіні де Ермек Сағымбаевтың қолында қалды. Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Дмитрий Малахов пен Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев та лауазымдарына қайта тағайындалды.
Олжас Бектенов – (Премьер-министр)
● Нұрлыбек Нәлібаев
● Ғалымжан Қойшыбаев
● Қанат Бозымбаев
● Серік Жұмангарин
● Жасұлан Мадиев
● Ержан Саденов
● Дәурен Қосанов
● Ермек Көшербаев
● Айдарбек Сапаров
● Ерлан Сәрсенбаев
● Саясат Нұрбек
● Ақмарал Әлназарова
● Ерсайын Нағаспаев
● Мади Такиев
● Арман Шаққалиев
● Ерлан Нысанбаев
● Нұржан Нұржігітов
● Шыңғыс Арынов
● Ербол Мырзабосынов
● Нұрлан Сауранбаев
● Жұлдыз Сүлейменова
● Ерлан Ақкенженов
● Асқарбек Ертаев
Апта соңына дейін, ҚР премьер-министрі Олжас Бектенов осы 22 адамның лауазымда қалу-қалмауын шешіп, министрлер кабинетін жасақтауы тиіс. Әрине, өз орнын сақтап қалатын шенеуніктер болады. Бірақ 3-4 министрлік басшыларын ауыстыратын тәрізді.
Құрылтайдан кейін көпті күпті қылған тағайындаулардың басы басталды.
Е.Карин вице-президент қызметіне келді. Негізі дұрыс тағайындау деп санаймын. Ішкі саясатты ішек-қарнымен қоса жақсы білетін маманның тағайындалуы идеология бойынша көп жұмыстың барлығын айғақтайды.
Елдегі көптеген саяси шоуларды ұйымдастырғанмен, ешқашан күндейтіндердің көзіне көрінбеуі Е.Кариннің саяси сахна өнерін өте жақсы меңгерген мықты маман екенінің дәлелі.
Сонымен қатар қазақылығы, мәдениеті, жасы, біліктілігі мен білімі бүгінгі күннің вице-президент қызметіне дәл келіп тұр. Бектеновтың Үкіметтің басына қайта тағайындалуы көп бастаманың бітпеуіне байланысты деп ойлаймын.
Ең бастысы және ауыры – биылғы жылы елдің жаңа салық кодексіне өтуі. Осы жұмыстардың нәтижесіне байланысты Президент өзіне бір шешім қабылдауға мүмкіндік қалдырды ма деп отырмын. Сонымен қатар әлсіздеу Үкіметтің ең осал саласына Н.Нәлібаевтың келуі осы сала жұмысының реттелетініне сенім әкелгендей.
Ал А.Балаеваның Қауіпсіздің кеңесіне келуі елдің қауіпсіздігіне біраз адамдардың мүдделі екенін көрсетеді ме деп тұрмын.
Қорыта айтқанда, бүгінгі күні елдің ертеңіне елеңдеуді Президенттің осы азаматтарға жүктегенін көріп отырмыз.















