Редактордың айтары бар Журналистердің кулуардан қуылғаны төртінші билікті тұқырту ма?

Редактордың айтары бар Журналистердің кулуардан қуылғаны  төртінші билікті тұқырту ма?

Қыркүйек айы қашанда болсын қарбаласқа толы. Ең алдымен Білім күні келіп, қалада, далада жаз бойы үнсіздіктің құшағында тұрған мектептерде, оқу орындарында қазандай қайнаған тіршілік басталады. Оқушылар, студенттер өміріміздің сәнін келтіріп, айналаны көңілді шуға толтырады. Биыл 400 мың балақай алғаш рет партаға отырды. Осының өзі де көңіліңді қуанышқа бөлейді. Олармен бірге депутаттар да жұмысқа кіріседі. Әлбетте, биылғы жыл жаңалыққа толы болды. Жап-жаңа Конституцияны қабылдадық. Жаңа құрылтай сайлауы өткізіліп, оның алғашқы сессиясын да жасап тастадық. Биліктегі екінші адам – Вице-президент креслосына жайғасты.

Айтпақшы, депутаттарымыз ант қабылдап та үлгерді. Ант қабылдау рәсіміне кейбір депутаттарымыздың сүрініп кеткенін қалың көпшілік дабыралап та үлгерді. Анттағы «Қазақстан Республикасының тұтастығы» деген сөзді олар түрлі нұсқада айтып күлкіге ұшырады. Біреулері «тутастыгы» десе, екіншілері «тотастығы» деді. «Тауелсиздик», «тоуелсиздик», «курметлі», «мартебели» деп те айтып жатты. Тіптен кейбір деректер бойынша мемлекеттік тілді айналып өтіп, орыс тілінде сайраған депутаттар да бар. Басқа-басқа, бірнеше сөйлемді айта алмаған депутаттар ертең тұтас заң қабылдағанда қандай күйде болмақ?

Құрылтайдағы тағы бір тосын жаңалық журналистерімізді мұңайтып тастады. Бұрын журналистер Парламент кулуарында депутаттарға ойда жүрген сұрақтарын беріп, жауаптарын алып жататын. Құрылтай аппараты басшысының орынбасары Болат Қальянов енді мұндайға жол берілмейтінін қатаң ескертті. Оның мәлімдеуінше, ендігі жерде журналистер тек баспасөз орталығында ғана депутаттарға сұрақ қоя алады. Сондай-ақ Құрылтай аппараты журналистердің сұхбат алатын орнын өздерінше белгілеуге құқылы екен. Егер де нақты бір мәселе бойынша журналист депутаттың пікірін білгісі келсе, алдын ала онымен келісім жасап, уақытын белгілей алады. Шынын айту керек, Парламент кулуарлары депутаттар мен журналистердің пікір алмасу алаңы еді. Әлбетте, көптеген депутаттар «бәледен қашайық» дей ме, әйтеуір журналистерден қашып, жауап бермеуге тырысатын. Енді мынау іздегенге сұраған болды. Байланыс жолы жабылды. Журналистер бұған наразылық танытты. Кейбір ақпараттық агенттіктер бірлесіп Үкіметке үндеу жасады. Әзірге Үкімет үнсіз. Құрылтай аппараты мұндай әрекетке не үшін барды? Әлде бұл депутаттарды қорғау ма? Иә, иә, тосын сұрақ қойылғанда талай депутат тосылып қалып, жауап бере алмай жататын. Сонау тоқсаныншы жылдары журналистер депутаттардың кез келген маңызды жиындарына еркін кіре алатын. Ол кездері тіпті аккредитацияға тіркелудің де қажеті болмайтын. Кейін мұндайға тыйым салына бастады. Журналистерді іріктеп, олардың ақпарат алуына қысым күшейді. Негізі, халық қалаулылары кез келген сауалға жауап беріп, белсенділік таныту қажет деп ойлаймын. Төртінші билік төрден қуылса, онда ақиқаттың ауылы да алыстай бере ме деген қаупіміз бар.

Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ

 

09.09.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 27530
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 27038
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 44378
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 40125
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 44720