МЕКТЕПТЕРДЕ СТОМАТОЛОГИЯЛЫҚ КАБИНЕТТЕР АШЫЛУДА

 МЕКТЕПТЕРДЕ СТОМАТОЛОГИЯЛЫҚ  КАБИНЕТТЕР АШЫЛУДА

Ақтөбе облысындағы мектептерде стоматологиялық кабинеттер жұмыс істейді. 

Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің 2025-2028 жылдарға арналған «Болашаққа – сау тіспен» Жол картасын іске асыру аясында мектептерде стоматологиялық кабинеттер ашылып, ауыз қуысы ауруларының алдын алу және оларды ерте кезеңде анықтау жұмыстары оқушылардың білім алатын жерінде жүргізіліп жатыр.  Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының ана мен баланы қорғау бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Ботакөз Мырзалының айтуынша, Жол картасы шеңберінде жалпы облыс бойынша оқушы саны 1000-нан асатын 59 мектепте стоматологиялық кабинет ашу жоспарланған.

– Оның ішінде 51 мектеп Ақтөбе қаласында, 8 мектеп аудан орталықтарында орналасқан. 2025 жылы 14 мектепте, оның ішінде Ақтөбе қаласында – 12, аудан орталықтарында – 2 мектепте стоматологиялық кабинеттер ашылды. 2026 жылы 15 мектепте стоматологиялық кабинеттер ашу жоспарланып отыр, оның 12-сі – Ақтөбе қаласында, үшеуі аудан орталықтарындағы мектептерде ашылады. Оқушыларға көрсетілетін стоматологиялық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру мақсатында биыл денсаулық сақтау ұйымдарын заманауи медициналық жабдықтармен жарақтандыру көзделген. Облыстың білім беру ұйымдарындағы стоматологиялық кабинеттер үшін 15 стоматологиялық қондырғы сатып алу жоспарланды, – дейді Ботакөз Мырзалы. 

Жыл басынан бері 7 847 оқушы профилактикалық стоматологиялық тексеруден өткен. 1 719 баладан жеңіл және орташа дәрежедегі кариес анықталыпты. Стоматологиялық мәселелер анықталған жағдайда балаларға қажетті медициналық сүйемелдеу көрсетіліп, әрі қарай ем алу бойынша ұсынымдар беріледі.

Ақтөбе қаласындағы Әл-Фараби атындағы №21 мамандандырылған гимназияда стоматологиялық кабинет өткен оқу жылында ашылды. Заманауи талаптарға сай жабдықталған кабинетте №4 Ақтөбе қалалық балалар емханасының тіс дәрігері белгіленген кесте бойынша оқушыларды тексереді. Қажет болған жағдайда балаларға ем алуға жолдама беріледі.

– Оқушылардың тіс саулығына ерекше көңіл бөлеміз. Кабинеттің ашылуы балаларды уақытылы тексеруден өткізуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар сынып сағаттарында дәрігер мен медбике оқушыларға тіс күтімі мен ауыз қуысының гигиенасы туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Баланың тіс тазалығына ерте жастан мән беру – денсаулығын сақтаудың маңызды қадамы, – дейді гимназия директоры Амангелді Унгарбаев.

Бүгінде гимназияда 2013 оқушы білім алады. Білім ордасында 62 сынып-комплект бар. Жоспарға сәйкес оқушыларды стоматологиялық тексеруден жылына екі рет өткізу көзделген.

Ақтөбе қаласындағы №56 мектепте стоматологиялық кабинет былтырдан бері жұмыс істейді. 

– Баланың денсаулығы тістен басталады. Былтырдан бері мектебімізде стоматологиялық кабинет жұмыс істейді. Өткен оқу жылында мектептегі тіс дәрігері 2 265 оқушыны тексеруден өткізді. Балалардың тісін жұлмайды, тек сүйемелдейді, қажет болған жағдайда дәрігерлерге жолдама беріледі. Сонымен қатар стоматолог кластарда тісті дұрыс тазалау және ауыз қуысына күтім жасау туралы дәрістер өткізеді. Мұның барлығы балалар арасында ауыз қуысы мен тіс ауруларының алдын алуға бағытталған. Стоматологиялық кабинеттің барлық қажетті құрал-жабдығын №3 КДП қамтамасыз етеді. Менің ойымша, бұл өте маңызды жұмыс. Себебі барлығы өскелең ұрпақтың дені сау болуы үшін жасалып отыр, – дейді №56 мектептің директоры Гүлнара Нарымбетова.

Мектептердегі стоматологиялық кабинеттердің негізгі жұмысы –  ауыз қуысы ауруларының алдын алу және оларды ерте кезеңде анықтау. Жыл сайын оқушылардың ауыз қуысына жаппай тексеру жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша қосымша бақылауды немесе емді қажет ететін балалардың тізімі жасалады.

– Кабинеттерде балалар дәрігер-стоматологтары немесе дантистер жұмыс істейді. Сонымен қатар медициналық мейірбикелер процедураларды жүргізуге көмектесіп, құралдарды зарарсыздандыру жұмыстарын атқарады. Осылайша, мектеп стоматологиясы облыста кариес пен басқа да ауруларды ерте анықтаудың ғана емес, сонымен қатар ауыз қуысына күтім жасау мәдениетін бала кезден қалыптастыруға бағытталған жүйелі профилактикалық жұмыстың маңызды бөлігіне айналып келеді. Балалардың бойында дұрыс әдет қалыптастыруға да ерекше көңіл бөлінеді. Стоматологтар профилактикалық сабақтар өткізіп, оқушыларға тісті дұрыс тазалау, оны қаншалықты жиі тазалау керектігін, сондай-ақ тіс щеткасы мен пастасын дұрыс таңдау жолдарын түсіндіреді, – дейді Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының ана мен баланы қорғау бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Ботакөз Мырзалы. 

Ақтөбе облысында балаларға стоматологиялық көмек негізгі Облыстық балалар стоматологиялық емханасында көрсетіледі. Қазіргі таңда, емхананың екі филиалы жұмыс жасап  тұр.  Сонымен қатар балалар стоматологиялық көмекті МӘМС шеңберінде қосымша 14 жеке стоматологиялық клиникада көрсетіледі.

Бетті дайындаған – М. ТАБЫН,

Ақтөбе облысы

 

09.09.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 27530
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 27038
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 44378
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 40125
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 44720