АҚТӨБЕ – КІТАП ОҚИТЫН ӨЛКЕ

АҚТӨБЕ – КІТАП ОҚИТЫН ӨЛКЕ

Елімізде «Кітап оқитын ұлт» республикалық кітап оқу марафоны басталғаны белгілі. Мемлекет басшысының 2026 жылғы 16 мамырдағы №1279 «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығына сәйкес қоғамда кітап оқу мәдениетін кеңінен насихаттау, азаматтардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру және зерделі ұрпақ қалыптастыру – мемлекеттік маңызы бар міндеттердің бірі.

Осы міндеттерді өңір деңгейінде жүйелі түрде жүзеге асыру мақсатында 2026 жылғы тамыз айында Ақтөбе облысының әкімдігі мен «Кітап оқитын ұлт» қоғамдық қоры арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

– Меморандум аясында Ақтөбе облысында 2026 жылғы қыркүйек айынан 2027 жылғы сәуірге дейін «Кітап оқитын ұлт» республикалық кітап оқу марафоны өткізіледі. Жобаның негізгі мақсаты – тұрғындардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, тұрақты оқу дағдысын қалыптастыру, кітап оқитын ортаны кеңейту және қоғамның зияткерлік әлеуетін арттыру. Марафон жеті негізгі бағыт бойынша ұйымдастырылады. «Кітап оқитын мектеп» бағытына 6-10 сынып оқушылары, «Кітап оқитын колледж» бағытына колледж студенттері, «Кітап оқитын университет» бағытына жоғары оқу орындарының студенттері қатысады. Сонымен қатар «Кітап оқитын педагог» бағыты мектеп мұғалімдері мен колледж оқытушыларына, «Кітап оқитын әулет» отбасылық командаларға, «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» мемлекеттік қызметшілерге арналған. Ал «Кітап оқитын зияткер» бағытына жасына және қызмет саласына шектеу қойылмайды. Оған кітап оқуға қызығушылық танытқан барлық азамат қатыса алады, – дейді Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама  басқармасының басшысы Алтынай Юнисова. 

Жобаны өңірде ұйымдастыру және үйлестіру мақсатында облыстық жобалық кеңсе Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының базасында құрылды. Сонымен қатар қалалық және аудандық жобалық кеңселер тиісті қалалық және аудандық кітапханалардың базасында ұйымдастырылды.

Жобалық кеңселердің негізгі міндеттері – марафонға қатысушыларды кеңінен тарту, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу, бағыттар бойынша іс-шараларды үйлестіру, қатысушылардың белсенділігін арттыру және жобаның өңірде сапалы әрі жүйелі жүзеге асырылуын қамтамасыз ету.

Марафонға қатысу үшін азаматтар READING-NATION.KZ бірыңғай цифрлық платформасы арқылы тіркеледі. Қатысушыларды тіркеу 2026 жылғы 15 қыркүйекке дейін жүргізіледі. Алтынай Юнисованың айтуынша, қазіргі таңда Ақтөбе облысы қатысушылар саны бойынша республикада көш бастап тұр – өңірден 50 мыңға жуық адам тіркелді.

– Марафонға қатысушылардың әрқайсысы өз бағыты бойынша арнайы іріктелген 330 кітаптан тұратын қордан 15 кітап оқуы тиіс. Оның ішінде 165 кітап қазақ тілінде, 165 кітап орыс тілінде ұсынылған. Кітаптар тізіміне отандық авторлардың шығармалары, әлем әдебиетінің классикасы және заманауи туындылар, жалпыұлттық дауыс беру нәтижесінде «100 кітап» тізіміне енген шығармалар, сондай-ақ әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының лауреаттары мен әлемдік бестселлерлердің туындылары енгізілген.  Марафонның негізгі оқу кезеңі 2026 жылғы қыркүйек айынан 2027 жылғы наурыз айына дейін жалғасады. Осы кезеңде қатысушылар белгіленген кітаптарды оқып, платформадағы жеке кабинеттері арқылы оқыған шығармалары туралы пікірлерін жариялап отырады, – дейді ол.  

2027 жылғы наурыз-сәуір айларында марафонның қорытынды кезеңі өткізіледі. Бұл кезеңде қатысушылардың білімін бағалауға бағытталған қорытынды тестілеу мен зияткерлік квиздер ұйымдастырылады. Марафон қорытындысы бойынша әр бағытта үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар анықталып, ақшалай сыйлықтармен марапатталады және республикалық деңгейдегі кезеңге жолдама алады. Жеңімпаздарды марапаттау 2027 жылғы 23 сәуір – Ұлттық кітап күніне орай өткізіледі.

– Бұл жоба – тек кітап оқу сайысы ғана емес, ең алдымен өңірде тұрақты оқу мәдениетін қалыптастыруға, әр жастағы азаматтарды кітап оқуға тартуға және қоғамда кітап оқуды күнделікті өмір салтына айналдыруға бағытталған маңызды бастама. Сондықтан барша Ақтөбе облысының тұрғындарын «Кітап оқитын ұлт» марафонына белсенді қатысуға шақырамын, – деді басқарма басшысы. 

 

 

09.09.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 27530
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 27038
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 44378
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 40125
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 44720