Анталия форумы әлемдік саясатқа ықпал ете ала ма?

Анталия форумы әлемдік саясатқа ықпал ете ала ма?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 17 сәуір күні Түркияның Анталия қаласына барып, дәстүрлі дипломатиялық форумға қатысып, маңызды сөз сөйледі. «Mapping Tomorrow, Managing Uncertainties» панелдік сессиясында әлемнің 20-ға жуық елінің Президенттері мен Үкімет жеткішілері және өзге де лауазымды тұлғалары бас қосып, жаһандық дипломатия мен көз алдағы сын-қатерлер туралы ой бөлісіп, пікір алмасты.

 

Әлем билік дағдарысымен қатар бағыт дағдарысын бастан кешіруде

 

Түркия Президенті Ердоған Анталия дипломатия форумының ашылуында сөз сөйледі. Ол өз сөзінде Анталияның тарих, мәдениет және дипломатия қаласы екенін айта келіп, Жерорта теңізінің бар сұлулығын бойына сыйғызған көркем қалада қонақтарды қабылдағанына қуанышты екенін білдірді.

Ердоған баяндамасының алдында, сәрсенбі күні Кахраманмараштағы қайғылы оқиғаға байланысты төңіректің төрт бұрышынан көңіл айтқан барлық лауазымды тұлғаларға алғысын білдіріп, ешбір елде, ешбір отбасында мұндай қайғылы оқиғаның қайталанбауын тіледі. Биыл 5-ші рет ұйымдастырып отырған Анталия дипломатия форумының аймақ пен бүкіл әлем үшін пайдалы болады деп үміт білдірген президент Ердоған Түркияның Анталия дипломатия форумын дипломатиялық байланыс тұжырымдамасының шеңберінде шектемейтінін айтты.

«Біз бұл ұйымды әлемнің қайда бара жатқаны, адамзат қандай құндылықтарға біріге алатыны және өзара әрекеттесудің қандай жаңа салалары болуы мүмкін екендігі туралы терең консультациялар алаңы ретінде қарастырамыз. Біз бәріміз бүгінде дипломатияның тек мәселелер, қақтығыстар және мүдделер, келіссөздер жүргізілетін сала емес екенін жақсы білеміз. Дипломатия сонымен қатар адамзаттың ортақ болашағы қандай қағидаттар аясында талқыланатын алаңды білдіреді. Бес жыл бұрын біз дипломатияның тынысын өлшеу үшін жаһандық платформа құру мақсатымен жолға шықтық, ал бүгінде Анталия дипломатия форумы жаһандық ақыл-ой, жаһандық ар-ұждан және әсіресе болашаққа үміт үшін ортақ платформаға айналғанын көріп отырмыз. «Ертеңді қалыптастыру, белгісіздіктерді басқару» тақырыбында үш күн бойы өтетін талқылаулар форумның осы бірегей және ерекше аспектісін одан әрі айқындай түседі деп ойлаймын. Сіздердің терең ойларыңызбен форум Түркияның бейбітшілік кілті ретіндегі миссиясына үлес қосады. Оған сіздердің үлес қосатындарыңызға сенемін және алдын ала әрқайсысыңызға алғыс айтамын!» – деді Түркия президенті.

Онан ары сөзін жалғастырған Ердоған мырза қазіргі әлемдік саясаттағы дағдарыстарға тоқталып өтті.

«Бүгінде халықаралық жүйедегі төңкерістерді тек күш тепе-теңдігінің өзгеруі арқылы түсіндіру бізді мәселенің мәнінен алшақтатады. Биліктің бөлінуі өзгеріп жатыр. Жаңа актерлер пайда болуда. Бәсекелестік күшейіп, тереңдеп, деструктивті бола түсуде. Дегенмен, мұның бәрі біздің әлдеқайда қатал алшақтыққа тап болып отырғанымызды өзгертпейді. Бүгінде әлем билік дағдарысымен қатар бағыт дағдарысын бастан кешіруде. Біздің ауыр және қауіпті табалдырықта екеніміз анық. Ережеге негізделген жүйе ережелер бұзылған жерде үнсіз қалады, ал адам құқықтары мен жаһандық қауіпсіздікті қорғау міндеті жүктелген тетіктер ең ауыр шабуылдарға қарамастан тиімсіз және көбінесе немқұрайлы болып қала береді. Мұндағы басты мәселе – селективті әділеттілік, құралдандырылған қағидаттар және билік қатынастарына айыпталған ортақ құндылықтарымыз. Сондықтан жаһандық жүйедегі дағдарыс, ең алдымен, моральдық және экзистенциалдық дағдарыс. Бұл дағдарыстың ауқымын көру үшін 7 қазаннан кейінгі Газаға қарау жеткілікті.

«Газада болып жатқан оқиғаларды тек гуманитарлық трагедия ретінде қарастыру жеткіліксіз», – деген Ердоған мырза Газадағы қайғылы оқиғалар мен құрбан болған бейбіт тұрғындар туралы айта келіп, Израильдің әрекетін қатты сынға алды.

«Тек күштілердің заңын құрметтейтін жаһандық жүйе адамзатты қақтығыстар мен әділетсіздіктердің әлдеқайда терең, әлдеқайда үлкен тұйығына әкеледі. Біздің аймағымызды 40 күн бойы оқ-дәрінің иісіне бөлеген соғыс – мұның соңғы мысалы. Біз Израиль үкіметінің арандатушылығымен басталған бұл мағынасыз және өте қымбат соғыста құрметті бауырым, Пәкістан Премьер-министрінің бастамалары арқылы жарияланған 15 күндік атысты тоқтату келісіміне қуанып отырмыз. Біз атысты тоқтатумен ашылған мүмкіндік терезесін ұзақ мерзімді бейбітшілікті орнату үшін ең тиімді түрде пайдалану керек деп санаймыз. Келіспеушіліктер қаншалықты терең болса да, қарудың сөздерді қайтадан алмастыруына, ал қанды күрестің келіссөздерді алмастыруына жол бермеу керек. Бейбітшілікке апаратын ең қысқа жол – сындарлы диалог пен дипломатия екенін ұмытпайық. Сонымен қатар, осы маңызды кезеңде біз Израильдің келіссөздер процесін саботаждау әрекеттеріне дайын және сақ болуымыз керек», – деді Ердоған.

Түркия президенті баяндамасында әлемдегі болып жатқан қақтығыстарға дерлік тоқталып өтті. Түркияның шиеленіс күшейіп келе жатқан Ормуз бұғазына қатысты ұстанымы өте айқын екенін мәлімдеп, «Егер Ормуз бұғазының бір жағы Иран болса, екінші жағы Оман. Парсы шығанағы елдерінің ашық теңізге шығу құқығы шектелмеуі керек», – деді.

Онан ары сөзін жалғаған Ердоған мырза Украинада болып жатқан қақтығыстарды айта келіп, Түркияның қай кезде де келіссөздер алаңы болуға дайын екендігін жеткізді. Сондай-ақ терең тарихи байланыстармен қалыптасқан Балқан көзқарасында бейбітшілікті, тұрақтылықты және өркендеуді нығайту басымдық болып қала беретінін және осыны ескере отырып жүзеге асырған Балқан бейбітшілік платформасына өзгеше үміт артатынын мәлімдеді. Президент Ердоған Еуразиядағы бейбітшілік пен тыныштықтың кепілі деп санайтын Түркі мемлекеттері ұйымын нығайтып жатқанын атап өтіп, биылғы жылдың соңғы тоқсанында Түркияда өтетін 13-ші Түркі әлемі саммитінде Әзербайжаннан мерзімді төрағалық қызметін қабылдайтынын мәлімдеді.

«Әзербайжанмен үйлестіре отырып, біз көршіміз Армениямен қарым-қатынасымызды қалпына келтіру процесін біртіндеп алға жылжытып жатырмыз. Осыған байланысты Азия мен Еуропа арасындағы сауданың ең сенімді бағыты болып табылатын Каспий теңізі транзитінің шығыс-батыс орта дәлізі бастамасын қатты қолдаймыз. Біз Эгей теңізі мен Шығыс Жерорта теңізін тұрақтылық пен өркендеу бассейні ретінде көргіміз келеді», – деді.

Түркия басшысы баяндамасында Африка елдерімен болған қарым-қатынастарын ары қарай жалғастыра беретіндігін, Африкадағы қақтығыстар мен тұрақсыздықтарға бейжай қараймайтындығын атап өтті. Президент Ердоған Түркияның Еуроатлантикалық аймақтың ұжымдық қауіпсіздігіне кепілдік беретін НАТО-ның жетекші елдерінің бірі ретінде биыл 7-8 шілдеде Анкарада көшбасшылар саммитін өткізетінін еске салып, саммитте одақты болашаққа мықты алып баратын маңызды шешімдер қабылдауға үміттенетіндерін және бұған негіз қалағандарын мәлімдеді. Түркияның Еуропаның ажырамас бөлігі екенін, тарих, география және геосаясат бізге әр мүмкіндікте еске салатынын айта келе, президент Ердоған: «Бүгінгі таңда кездесетін ортақ қиындықтар Еуропамен серіктестігіміздің стратегиялық құндылығын тағы да көрсетті», – деді. Әрі сөзінде Еуроодаққа мүше болуға онан ары талпынбайтындығын да айта кетті.

– Ердоған сөзінің соңында: «Тарих бойында бейбітшілік, тұрақтылық және әділеттілік тек күш арқылы ғана емес, сонымен қатар ынтымақтастық арқылы да жүзеге асырылды. Ұлы ойшыл Ибн Халдун атап өткендей, қоғамды қолдайтын, сол күшті мағыналы ететін нәрсе оның күші емес, керісінше, оның бірлігі, бірлік сезімі, ортақ тағдырды түсінуі, ынтымақтастық. Ар-ұждан иелері ретінде біз соғыс пен геноцидке қарсы бейбітшілік пен адамзат майданын неғұрлым күшейтсек, болашағымызға соғұрлым сенімді қарай аламыз. Сондықтан, бүгінде мәселе тек жаңа институттар, жүйелер немесе тәртіптер құруда ғана емес. Нағыз мәселе – ынтымақтастықтың жаңа негізін қалау. Сіздердің Анталия дипломатия форумына қатысуыңызды осы ынтымақтастық негізін құруға көрсетілген құнды қолдау деп санаймын», – деді.

Форумның ашылу салтанатына Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Катар әмірі шейх Тамим бин Хамад Әл-Тани, Әзербайжан президенті Әлиев, Сирия президенті Ахмед Шара, Молдова президенті Майя Санду, Солтүстік Кипр Түрік Республикасының (СКТР) президенті Туфан Эрхурман, Сербия премьер-министрі Дуро Мачут, Пәкістан премьер-министрі Шариф, Грузия премьер-министрі Ираклий Кобахидзе және Ирак Күрдістан аймақтық үкіметінің (ИКРГ) президенті Нечирван Барзани сияқты қонақтар қатысты.

 

Қасым-Жомарт Тоқаев: «БҰҰ-ның   рөлі  төмендеп кетті»

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Анталия дипломатиялық форумының панелдік сессиясына қатысып, сөз сөйледі. Қасым-Жомарт Кемелұлы Түркия елінің Режеп Тайип Ердоғанның басшылығымен халықаралық аренадағы беделін арттырып келе жатқанын айрықша атап өтті.

«Ең алдымен, көреген көшбасшы Режеп Тайип Ердоғанның жетекшілігімен Түркияның осы аймақта зор рөл атқаратынын айтқым келеді. Өңір әлсін-әлсін бетпе-бет келіп отырған өзекті мәселелердің шешімін табуға елдеріміз айтарлықтай атсалыса алады деп ойлаймын. Орайлы сәтті пайдалана отырып, Президент Ердоғанның келесі айда Қазақстанға жасайтын мемлекеттік сапарына ерекше мән беріп отырғанымызды жеткізгім келеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті өз сөзінде әлем елдері тап болып отырған сын-қатерлер туралы ойларын ортаға салды.

«Дипломаттар мен саясаткерлер адамзат жолайрықта тұр дегенді мысал етеді. Біріккен Ұлттар Ұйымының бұрынғы Бас хатшысы Кофи Аннанның: «Біз әлі де жолайрықта тұрмыз» деп жиі айтатыны есімде. Халықаралық шиеленісті азайтуға қатысты айтар болсақ, бұл жағдай ешқашан өзгермейді. Қазіргі қақтығыстар өңірлік ауқымнан шығып, жаһандық сипатқа ие болды. Әрине, БҰҰ – баламасы жоқ әмбебап ұйым, сондықтан әрбір мемлекетке белгілі бір жауапкершілік жүктеледі. Біріккен Ұлттар Ұйымына қолдау көрсету керек екенін жұрттың бәрі айтады. Бұл – факт. Бірақ Ұйымға қолдау көрсетіп қана қоймай, оған реформа жасау керек. Бұл да шындық. Ашығын айтқан жөн, «Ұйымға тез арада реформа жасалады» дегенге ешкім сенбейді. Өйткені БҰҰ-ны реформалау, өзгерту, қызметін қайта қарау мәселесін көптен бері көтеріп жүрміз. Одан ешқандай нәтиже шыққан жоқ. Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау, ең алдымен, Қауіпсіздік Кеңесінен басталуы керек екенін мойындауымыз қажет», – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі әлемдік деңгейдегі көшбасшылардың ең алдымен халықаралық қауіпсіздік пен бейбітшілік мәселелеріне жауапкершілікпен қарауы, сабырлы болуы қажет екенін айтты. Мемлекет басшысы Таяу Шығыстағы ахуалға қатысты пікірін жеткізді.

«Әлемде орын алған жағдайларға байыппен қарауға кеңес берер едім. Мәселен, бәрі Иранды талқылап жатыр. Әрине, бұл елдегі ахуал өте күрделі. Оған қатысты қандай да бір пікір айту қиын. Қазақстан Шығанақтағы елдерге тілектестік білдірді. Біз тараптарды стратегиялық ұстамдылыққа және әскери іс-қимылды тоқтатуға шақырдық. Бұл қақтығыстың ауыр салдарын бәрі сезінді. Ең әуелі экономика құлдырады. Бүгінде Ормуз бұғазында кемелердің еркін жүзуіне қойылған тосқауыл туралы айтылып жатыр. Бірақ дәліздің қақтығысқа дейін еркін сауда жасауға ашық болғанын ескеру қажет. Сондықтан мәселенің мәніне үңілгеніміз жөн. Ал түйткіл ядролық технология мен ядролық қарудың таралуында еді. Бұл Иран төңірегіндегі қақтығысқа қатысты келіссөздердің басты тақырыбына айналуы керек. Бірақ қазір жаһандық сауда мәселесін талқылауға көшіп кеттік. Қиындықтарға қарамастан, ғаламдық сауда-саттық көлемі өсіп келеді. Былтырдың өзінде өсім 2,5 пайызды құрады. Яғни әлемдік саудадағы жағдай жаман емес. Алайда сауда-саттықтың сапасы мен мазмұны – үлкен проблема», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау мәселесіне жауапкершілікпен қарауға шақырды. Сонымен қатар Қауіпсіздік Кеңесі тұрақты мүшелерінің ұстанымын Ұйымдағы дағдарыстың басты себептерінің бірі ретінде атады.

«Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау туралы айтқанда, барынша прагматикалық көзқарас ұстануымыз керек деп санаймын. Әйтпесе, алдағы уақытта да жолайрық, стратегиялық құндылықтар мен басқа мәселелер жайында айта береміз. Біз жаһандық, өңірлік кездесулер, конференциялар мен түрлі жиындар өткіземіз. Қазақстан және Түркия сияқты орта державалардың маңызы мен оң ықпалын атап өткім келеді. Әрине, әлемде бізге ешкім тең келмейді деп мақтанудан аулақпын. Бірақ жаһандық үдерістерде жоғары деңгейде жауапкершілік танытып жүрміз. Мұны дипломатиялық іс-әрекетіміз көрсетіп отыр. Сондықтан жаһандық мәселелердің шешіміне жиі қарсы келетін Қауіпсіздік Кеңесіндегі ірі державалардан гөрі орта державалардың жауапкершілігі жоғары десек, артық болмайды», – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы БҰҰ мен басқа да халықаралық институттарды жетілдіру жөніндегі ойымен бөлісті.

«Біз өңірлік және жаһандық қақтығыстарды талқылаймыз. Алайда Сіз Түркияның бұрынғы сыртқы істер министрі ретінде келіссөздер БҰҰ мен басқа да ірі халықаралық ұйымдар алаңында емес, одан тысқары жерлерде өтіп жатқанын аңғарған шығарсыз. Тараптар БҰҰ-да емес, белгілі бір елдердің астаналарында, жекелеген конференц-залдарда кездеседі. БҰҰ жоғары өкілдерінің қақтығыстарға араағайындық жасағанын көре бермейміз. Бұл – ойланатын мәселе. Демек БҰҰ-ның рөлі төмендеп кетті деген сөз. Мен оған қатты алаңдаймын. Өйткені өзім де БҰҰ мен басқа да халықаралық ұйымдарда қызмет еттім. Қазір жұрт келесі БҰҰ Бас хатшысы кім болады деген тақырыпты талқылап жатыр. Менің ойымша, бұл аса маңызды емес. Ең басты түйткіл – ұйым қазіргі күйінде әрі қарай қызметін жалғастыра ала ма?» – деді Президент.

Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде БҰҰ-ға уақыт талабына сай келмейтін идеялар мен ұстанымдардан арылу қажет екендігін айтты.

«Аталған Ұйымның негізі 80 жыл бұрын қаланды. Кейбір адамдар ұйым әбден ескірді, құлдырап бара жатыр деген пікір айтады. Келісуге тура келеді. Бізге БҰҰ Жарғысына мұқият мән берген жөн. Жарғыда «дұшпан мемлекеттер» деген ұғым бар. Рас, 80 жыл бұрын бәрі түсінікті еді. Ал қазір әлгі «жау елдер» Ұйымды қаржыландыру және бейбітшілікті қолдау ісінде маңызды рөл атқарып отыр. Ең бастысы – БҰҰ-ның беделін көтеріп, тиімділігін арттыру», – деді ол.

PS: Анталия форумына әлемнің 20-дан астам елінен саясаткерлер мен лауазымды тұлғалар келіп, үш күн бойы біраз мәселелерді талқыға салып қайтты. Бұл форумға Ресей мен Украинадан, АҚШ, Израиль, Иран елдерінен салмақты саясаткерлер келген жоқ. Яғни бір-бірімен араздасып отырған мемлекеттердің лауазымды тұлғалары бір үстелде бас қоса қойған жоқ. Біз осы жерде Анталия дипломатиялық форумының ең алдымен Түркияның әлемдік саясаттағы құлшыныстарын айғақтайтын, аймақта өзіндік салмағы бар медиатор екендігін көрсетуге тырысқан ізгі ниетінен туған диалог алаңы екендігін ашық айта кеткеніміз жөн. Анталия дипломатиялық форумы нақты шешімдер қабылданатын маңызды мінбер емес. Дегенмен осында айтылған түрлі пікірлер мен жаһандық қауіпсіздік мәселелеріне арналған салихалы ойлар үлкен келіссөздердің басталуына түрткі болуы да ғажап емес дер едік. Сондықтан Анталия форумында айтылған ойлар әлемдік саясатқа ықпал етпесе де бейбітшілікке деген талпыныстарды айғақтайтын маңызды басқосу болғаны сөзсіз. Мәселен, Қазақстан Президенті БҰҰ-ын реформалау керек деген ұстанымын тағы да қайталап өтті. Ол бұл пікірін былтыр күзде Нью-Йоркте өткен БҰҰ-ның саммитінде ортаға салған еді.

Форумға жиналғандардың көпшілігі ең алдымен аймақтағы қақтығыстарды тоқтатуға үндеу жасады. Мұнда АҚШ-Иран арасында араағайындық танытуға күш салып жатқан Пәкістан Премьер-министрі де болғандығын айта кеткен жөн. Ал Түркия елі болса 4 жылдан бері Ресей-Украина қақтығысын бейбіт келіссөздер арқылы шешуге атсалысып келе жатқаны белгілі. Демек 5-ші рет өткен Анталия дипломатиялық форумы жаһандық қауіпсіздік мәселесін талқыға салған айтулы жиындардың бірі ғана болып қана қоймай, нақты әрекетке көшуге әсер ететін, айтулы диалог алаңы ретінде есте қалды деген сөз.

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ
22.04.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 24557
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 24220
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 41672
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 37563
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 41941