Алматы қаласында ҚР ҰҒА Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты ұйымдастырған «Бозымұлы Сары би және қазақ қоғамындағы билер институты: тарихы мен ұрпақтар сабақтастығы мәселелері» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Жиын барысында М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, журналист, ғалым, өнер зерттеушісі, филология ғылымдарының кандидаты Сағатбек Медеубекұлының «Бозымұлы Сары би» атты кітабының тұсаукесері жасалды.

Ауқымды ғылыми іс-шараға белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, саясаткерлер, тарихшы ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, әдебиеттанушы ғалымдар және БАҚ өкілдері қатысты.
Конференцияның негізгі мақсаты – XVII өмір сүрген көрнекті би, батыр, шешен, мемлекет қайраткері Сары Бозымұлы мұрасын ғылыми айналымға енгізу, сондай-ақ қазақ қоғамындағы билер институтының тарихи рөлін жаңа деректер негізінде зерделеу, халыққа таныту еді.

Аталған шарада Нұрлан Оразалин, Мереке Құлкенов, Нұртөре Жүсіп, Жанарбек Әшімжан, сынды қаламгер аға-інілері бейнеүндеу арқылы құттықтау жолдап, конференцияның жұмысына сәттілік тіледі. Сонымен қатар профессор, филология ғылымдарының докторы Дүкен Мәсімханұлы өзінің ақжарма тілегін былай жеткізді: «Қазір Қазақстанның түкір-түкпірінде ұлтжанды, өте белсенді өшкен тарихты тірілтуге жанкешті еңбек етіп жүрген өлкетанушылар баршылық. Солардың бірі де бірегейі, біздің бүгінгі жиынға үлкен зерттеу еңбегін ұсынып отырған Сағатбек ағамыздың еңбегі айрықша. Бұл еңбек тек бір өңірдің тарихын тарқату емес, тұтас ұлттың өткенін тануға қызмет ететін маңызды зерттеу».

Ғылыми басқосуда Тұрғанжан Төлебаев, Жапар Әлдибеков, Шамек Тілеубаев, Меңдігул Ноғайбаева, Рашид Оразов сынды елімізге белгілі тарихшы ғалымдар, Шынарбек Сейітхан, Алмас Оралбек жас буын тарихшылар баяндама жасап, Қазақ қоғамындағы билер институтының тарихи маңызы, Сары бидің елдік жолдағы қызметі мен ұлт тарихындағы орны және ұрпақтары жайлы терең зерттеулер, автордың көп жылғы ізденісінің нәтижесінде жарық көрген еңбектің тарихи деректерге, ауыз әдебиеті үлгілеріне және шежірелік мәліметтерге сүйене отырып жазылғанын атап өтті. Кітапта Бозымұлы Сары бидің өмір жолы, елшілік қызметі, Тәуке хан дәуірімен байланысы және қазақ қоғамындағы билер институтының ерекшеліктері жан-жақты қамтылған.
«С.Медеубекұлының қолымыздағы кітабы Сары би Бозымұлын тану арқылы ол өмір сүрген заманды, сол замандағы тарихи оқиғаларды, ол оқиғаларға қатысқан ұлт тарихын білуге көмектеседі. Кітапта келесі бір назар аударатын нәтиже – Сары би Бозымұлының Тәуке ханға қатыстылығы. Рас, Тәуке хан 1690 жылы Тобыл әскери әкімшілігіне Сары есімді батырды және оған қосып Келдейді елшілікке жіберген. Автор архивте сақталған әскери мекеме басшыларына берген жауабындағы мәліметтерді саралағанда, елшілікке барған Сарының Жетісу өңірінде өмір сүргендігі белгілі болады. Белгілі болған айғақтарды ел ақсақалдары жеткізген деректерімен салыстырғанда, оның Ұлы жүз құрамындағы Албан тайпасынан шыққан төбе би Сары Бозымұлы би екендігі анықталады. Батыр, би және елші болғандығын айғақтайтын істерімен халық санасында жаңғырып келе жатқан Сары Бозымұлы секілді тарихи тұлғаға қатысты ауызша жеткен ақиқаттар архивтік құжаттармен, ғылыми зерттеу деректерімен салыстырыла сараланып, тиянақты ой түйінделген кітапты халық үшін де, ғылым үшін қажетті еңбек деп білемін», - деп жоғары бағасын берді ҰҒА академигі, Қазақстан Тарихшылар қауымдастығының төрағасы, тарихшы Мәмбет Қойгелдиев ағамыз.
Кітап авторы Сағатбек Медеубекұлы оқырмандарға зерттеу жұмысының жазылу барысы туралы айтып, тарихи тұлғаларды тану – ұлттың рухани жаңғыруының бір көрінісі екенін жеткізді. Сағатбек ағамыз өз сөзінде:«Бұл ғылыми конференцияда тарихшы ғалымдар Бозымұлы Сары би арқылы сол замандағы ұлтымыздың да айтылмай жатқан ақиқаттарын ақтарды. Сары би бабамыздың Қазақ хандығының іргесін нығайтуға, халықаралық сауда-экономикалық байланыстарын күшейтуге атсалысқан, бүгінгі тілмен айтсақ, мемлекеттік деңгейдегі қайраткер әрі дипломат болғанын айқындады» деді. Жиын қорытындысында арнайы қаулы қабылданып, Бозымұлы Сары би мұрасын кешенді зерттеу, конференция материалдарын ғылыми айналымға енгізу және бұқаралық қпарат құралдарында кеңінен жариялау жөнінде ұсыныстар жасалды. Жаңа еңбек тарихи деректер мен ауыз әдебиеті үлгілері арқылы Сары бидің өмір жолын, ел арасындағы беделі мен қоғамдық қызметін кеңінен қамтиды. Кітаптың таныстырылымы көпшілік тарапынан жоғары бағаланып, тарихи танымды тереңдететін құнды еңбек ретінде аталды.
Бозымұлы Сары би айтыпты:
«Тірліктің күші бірлікте, бірліктің күші білікте...»
«Шөп жаманы болады - отқа салсаң тұтанбас, мал жұлғанмен, жұта алмас.
Адам жаманы болады - айтқаныңды құп алмас, бергеніңді тұта алмас».
«Қарағай тамырына, қарлығаш ұясына тартады».
«Ажал адам таңдамайды».
«Жұрттан сайақ жүрген сырттан тайақ жейді».
«Сауысқан сақ болады, сақ болған соң тақ қонады».
«Өз қадірін тауысқан құс жаманы - сауысқан,
Өз-өзімен суысқан ел жаманы – туысқан».
«Орнымның елдің ортасында болғаны жақсы».
«Қариясы бар үйдің қазынасы бар».
«Топталып ұшқан торғайды, Құдайдың өзі қорғайды».
Салтанат Бакеева,
Алматы қаласы.















