Құрмет төрінде – мәдениет пен өнердің өкілдері

Құрмет төрінде – мәдениет пен өнердің өкілдері

Мәдениет және өнер саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай  осы салаға ерен еңбегін сіңірген батысқазақстандықтар марапатталды. 

Атаулы күнге орай Оралдағы «Атамекен» өнер орталығында ұйымдастырылған мерекелік кешке қатысқан Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев сала өкілдерін құттықтап, шығармашылық еңбектеріне табыс тіледі. 

– Облысымыздағы 680 мәдениет мекемесінде алты мыңға жуық адам жұмыс істейді. Бүгінде мемлекетіміз саланы дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Жыл сайын мәдениет мекемелерінің инфрақұрылымы мен материалдық-техникалық базасын жаңғырту жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Кейінгі үш жылда өңірімізде 16 жаңа мәдениет нысаны салынып, 42 ғимаратта күрделі жөндеу және ғылыми-реставрациялық жұмыстар жүргізілді.  

Сонымен қатар еліміздің мәдениет саласында алғаш рет «Қазақстан халқына» қорымен бірлесе 25 ауылдық кітапхананы модернизациялау жобасы жүзеге асты. Соның нәтижесінде облысымыздағы алты аудандық, 19 ауылдық кітапхана ғимаратына жөндеу жүргізіліп, қажетті заманауи құрылғылармен жабдықталып, кітап қоры толықтырылды. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі жалғасады. Облыс орталығындағы Островский атындағы орыс драма театрын ғылыми-реставрациялық жөндеу жұмыстары толық аяқталды, ал Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театрын алдағы айларда аяқтап, сүйікті көрерменімен қауыштыру – күн тәртібінде тұрған басты мәселе. 60 жылдық тарихы бар Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияға «академиялық» мәртебе берілуі де – осы атқарылған жұмыстардың жарқын жемісі деп білемін. Биыл өңірімізде республикалық деңгейде Бөкей хандығының 225 жылдығы, дәстүрлі әнші Мұхит Мерәліұлы мен жыршы Марабай Құлжабайұлының 185 жылдығы, күй анасы Дина Нұрпейісова мен дәулескер күйші Сейтек Оразалыұлының 165 жылдығы және басқа да мерейтойлар атап өтілуде. 

Өздеріңізге мәлім, күні кеше Мемлекет басшысы «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды. Осы тұрғыда жыл сайын Ақ Жайық өңірінде бірнеше жобалар сәтті іске асырылып жатқаны қуантады. Облыс орталығындағы «Ғалымдар – кітапханада», «Бір көше, бір тарих», «Кітаппен бірге жолда» жобалары, ал былтыр Казталов ауданынан басталған «Мен оқыған 30 кітап» жобасы оқырман тарапынан үлкен сұранысқа ие болды. Берекелі бастаманы биыл Шыңғырлау ауданы ұйымдастырып жатыр. Қалған аудандарды да осы жобаны қолдауға шақырамын, – деді өңір басшысы Нариман Төреғалиұлы. 

Бұдан әрі мәдениет пен өнерді дамытуға сүбелі үлес қосып жүрген жерлестеріміз сахна төріне көтерілді. Танымал суретші, композитор, өнертанушы Қуандық Мәдір кеудесіне «Құрмет» орденін тақса, облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы кітапханасының директоры Марфуға Айтқалиеваға «Шапағат» медалі табысталды. Сондай-ақ сала ардагерлері Бақтыгерей Сүлейменов пен Дәржан Сыдықова «Еңбек ардагері» атанды. Бұлардан бөлек бір топ сала өкілдері ҚР мәдениет және ақпарат министрінің, облыс әкімінің алғыс хаттарымен, облыс әкімінің арнайы сыйлығымен, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен БҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының Құрмет грамоталарымен марапатталды. Мерекелік марапаттар мұнымен толастамай, қос саланы өркендетуге өлшеусіз еңбек сіңірген батысқазақстандықтарға «Қазақстанның құрметті кітапханашысы», «Кітапхана ісінің үздігі», «Еңбек даңқы» төсбелгілері табысталды. 

Салтанатты шарада М.Ғұмаров атындағы Жалпақтал халықтық театрының режиссері Шалқыма Меркулова «Мәдениет саласының үздігі» атанды. Театр өнері саласында он жылдан астам уақыттан бері еңбек етіп келе жатқан жас маман мәдениетті дамытуға азды-көпті үлесін қосып үлгерді. Шалқыма Самалқызының жетекшілігімен бірнеше жаңа спектакльдер, «Тамаша» ойын-сауық отауына арналған  интермедиялар, мектеп оқушыларына арналған жаңа қойылымдар жарыққа шықты. Жалпақтал мәдениет үйі үжымымен бірлесіп, басшылықтың бастамасымен  2014 жылы театр жанынан алғаш рет қуыршақ театры ашылды. Сонымен қатар режиссер Ш.Меркулова сахналаған көптеген қойылымдар түрлі деңгейдегі байқауларда жүлделі орындардан көрініп, жеңімпаз атанды. Өткен жылы ақын Қадыр Мырза Әлінің 90 жылдығына арналған аймақтық халық театрлары фестивалінде «Үздік режиссер» аталымын иеленген болатын.       

– Мәдениет пен өнерге сіңірген еңбегім бұған дейін де елеусіз қалған емес. Ал бүгінгі марапаттың мен үшін жөні бөлек. Осындай жоғары деңгейдегі марапатқа лайық деп тапқан ұжымыма ризамын. Оның үстіне бұл төсбелгі маған үлкен жауапкершілік жүктеп отыр. Алдағы уақытта барлық күш-жігерімді қазақ театр өнерін өрістетуге жұмсайтын боламын, – деді қуанышымен бөліскен режиссер Ш.Меркулова. 

Салтанатты іс-шараны жергілікті өнерпаздар ән-бимен көркемдеді. 

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА,

Батыс Қазақстан облысы

28.05.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 25438
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 24924
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 42344
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 38197
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 42695