Тасқаладағы тіршілік табысты істермен жалғасуда

Тасқаладағы тіршілік  табысты істермен жалғасуда

 Батыс Қазақстан облысына қарасты Тасқала ауданы еліміздің батыс қақпасы саналады. Тоқсан жылдан астам тарихы бар ауданның ауылшаруашылығы мен экономикасы қатар дамып, тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық ахуалы да жыл санап жақсарып келеді. 

 

Ауылшаруашылығы өркендеуде

Облыс әкімінің Тасқалаға сапары кезінде аудан әкімі Талғат Шакиров биылғы жылдың тасқалалықтар үшін жағымды жаңалықтарға толы болғанын атап өткен еді. Осы ретте біздер де ағымдағы жылы аудан көлемінде атқарылған істерді республика жұртшылығына ұсынуды жөн көрдік.  

Аудан экономикасының дамуының негізгі кепілі инвестиция көздері екені сөзсіз. Осы ретте ағымдағы жылдың 7 айындағы көрсеткіш бойынша, Тасқалада негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 2 млрд 574 млн теңгені құраса, жеке инвестиция көлемі 1,9 млрд теңгені (75 пайыз) құраған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың есептік кезеңімен салыстырғанда 2 есе артқаны көңіл қуантады. Аудан әкімінің айтуынша, бүгінгі таңда құны 450 млн теңге болатын Алмалы ауылына газ құбырын тарту, Тасқала ауылына Beeline мұнарасын орнату, Ақтау ауылындағы темір-бетон бұйымдары өндірісі, Амангелді ауылындағы «Масқар» мейрамханасы секілді төрт жоба аяқталыпты. Бұлардан бөлек тағы 17 инвестициялық жобаның (1 млрд 984 млн теңге) іске асырылып жатқаны белгілі болды. Олар іске қосылған соң 75 жұмыс орны ашылмақ.

Ауданда ауылшаруашылық саласы жыл санап қанатын кеңге жаюда. «Жер – ырыстың кіндігі» демекші, осы жылы Тасқалада жоспарға сәйкес 52 272 мың гектарға егіс жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар 31 гектарға – картоп, 15,2 гектарға – көкөніс,  2,5 гектарға – бақша  егілсе, 17 гектарға ұжымдық  бақша егілген. 

Ауыл халқының күнкөріс көзі төрт түлік мал екені белгілі. Ауданда биылғы тамыз айындағы жағдай бойынша 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда ірі қара саны – 10,7 %-ға (51209), құс – 4,4 %-ға (21339) артқан. Ал қой-ешкі саны – 107 678, жылқы малы 17174 басты құрайды. Ауданда бұл саланың тұрақты дамуына мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау да өз септігін тигізуде. Бүгінде ауданның 63 агроқұрылымына  «Асылтұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнiмдiлiгi мен сапасын арттыруды субсидиялау» ережесі бойынша 277 млн теңге (2024 ж. – 466 млн 195 мың 900 теңге) субсидия төленген. 

Мал шаруашылығының ажырамас тағы бір саласы – ветеринария. Осы бағытта ауылдық жерлердегі ветеринария саласы мамандарына жұмыс істеуге қолайлы жағдай жасау мақсатында Амангелді және Мереке ауылдарында жаңа екі ветеринариялық пункт пайдалануға берілген. Сондай-ақ Екінші Шежін, Ақтау, Достық, Атамекен ауылдарында осындай нысандардың құрылысы жүргізілуде. 

Шағын және орта кәсіпкерлік салаларының дамуы да аудан экономикасының қозғаушы күші деуге болады. Бұл бағытта Тасқалада 1200-ден астам бизнес субъектілері белсенді түрде жұмыс атқаруда.

 

Мүмкіндігі мол бағдарламалар

 

Жалпы облыс бойынша үлкен мүмкіндіктерге жол ашқан «Ауыл аманаты» бағдарламасының игілігін тасқалалықтар да елмен бірге көруде. Ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған бұл бағдарлама аясында биыл өткен жылғы қаражат есебінен 9 жоба (63,8 млн теңге) қаржыландырылған. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасуда. Халық арасында «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. 

– Ауылшаруашылық өндірістік кооперативін құру және дамыту – ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын көтерудің бірден-бір жолы. Тұрғындар кооперативке бірігу арқылы мемлекеттік қолдауларға қол жеткізуге, ауылшаруашылығы өнімдерін өндірудің өзіндік құнын арзандатуға және өнімдерін кепілді өткізуге мүмкіндік алады, – деген аудан басшысы Талғат Асқарұлы биыл мемлекет тарапынан 6 ауылшаруашылығы өндірістік кооперативіне 17,4 млн теңге субсидия төленгенін жеткізді. Сонымен қатар Мереке және Шежін ауылдық округтерінде ауылшаруашылық өндірістік кооперативтерінің пайдасын ескере отырып, жобалық кеңсе шешімімен қаржыландыруға арналған құжаттар тізбесі «Aqjaiyq» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына тапсырылған. Нәтижесінде жобалары комиссия қарауымен мақұлданған «Мереке-Ет» және «Ағайын А.А.» ауылшаруашылық өндірістік кооперативтері берілген қаржыға тракторлар және шөп шабуға, тырмалауға, жинауға, тиеуге арналған техникалар сатып алған. Бүгінде бұл кооперативтер ауылдастарына шарапаттарын тигізіп, өз қызметтерін көрсетуде. 

Облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған «Қаладан – ауылға» бағдарламасы бойынша ауылдық жерге қалалық көпбалалы отбасылар көшіріліп, олар тұрғын үймен және жұмыспен қамтамасыз етіліп, өзге де қолдау шаралары көрсетіліп келеді. Атап айтқанда, бұл аудандағы Оян және Мереке ауылдарына жалпы саны алты отбасы қоныс аударған. Бұл өз кезегінде сол ауылдардағы мектеп оқушыларының санының толығуына да ықпалын тигізуде.

Мектеп демекші, ауданның білім саласындағы игі істердің бірі – мектептерде қаңқалы бассейндердің іске қосылуы. Балалардың қауіпсіз суға шомылуын ұйымдастыру мақсатында Ы.Алтынсарин атындағы ЖОББ мектебі мен «Шұғыла» жазғы лагерінде және аудандық спорт мектебінде 4 қаңқалы бассейн жұмыс жасауда. Ал биыл Қ.Сәтбаев атындағы мектеп-гимназиясының ауласына да қаңқалы бассейн орнатылып, іске қосылған.

 

Тұрғындардың 

қуанышы көбеймек

 

Тұрғындармен кездесулерде жиі көтерілетін тұрғын үй мәселесі бойынша да бірқатар жұмыстар атқарылуда. Жалдамалы үйде тұрып жатқан І және ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі жеті азамат баспаналарын жекешелендіріп алса, бір көпбалалы жанұяға қайтарымсыз 1,5 млн теңгеге тұрғын үй сертификаты табысталған. Биыл екі пәтерлі 20 тұрғын үйдің құрылысын іске асыру жоспарланыпты. Соған сәйкес ауылдық округтерде ескі үйлер мен ғимараттар бұзылып, орындарына жаңа үйлер тұрғызылуда. Достық, Қосшы, Мереке, Мерей, Ақтау, Шежін және Амангелді ауылдық округтерінде халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған үйлердің құрылысы жүргізілуде. Олар мемлекет тарапынан бөлінген қаражат есебінен сатып алынып, кезекте тұрған азаматтарға берілмек. Ал баспаналары апатты деп танылып, кезекте тұрған азаматтарға арналған Тасқала ауылындағы екі қабатты 26 пәтерлі үйдің құрылысы ағымдағы жылы аяқталады деп күтілуде. Жалпы бүгінде Тасқала ауданы бойынша 469 азамат тұрғын үй кезегіне тіркелген.

Жол мәселесі де – күн тәртібіндегі кезек күттірмес жұмыстардың бірі. Аудан бойынша аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығы 202 шақырымды құрайды. Оның 84,7 шақырымына асфальт жабындысы төселген. Бұл өзекті мәселені шешу бағытында Мереке ауылында ұзындығы 5,6 шақырым болатын кіреберіс жол салынған. Сондай-ақ биыл II Шежінде ауылішілік автомобиль жолдарына (4,9 шақырым) күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатса, Ақкүтір (13 шақырым) және Бастау (7,5 шақырым) ауылдарындағы жолға орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.

Елді мекендерді көгілдір отынмен қамтамасыз ету – тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру жолындағы аса маңызды қадам. Тасқалада көптен бері шешімін таппаған бұл мәселенің де өз мәресіне жетер күні таяу. Биыл бюджет қаражаты есебінен Мерей ауылдық округінің Өркен ауылына газ тарту жұмысы басталмақ. Жыл басында Қазақстан ауылдық округі мен Алмалы ауылының тұрғындары әкімдікпен бірлесіп, өз қаражаттары есебінен ауылға газ құбырын тартып, іске қосқан. Ал Еменжар және Жігер ауылдарына газ тарту жұмыстары басталып кеткен. Бұл – тұрғындар үшін үлкен қуаныш болса, ал ауылдың болашағы үшін тың серпін. Ал ауызсу мәселесіне тоқталар болсақ, аудан халқын орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету көрсеткіші 97%-ға жеткен. Аудандағы 28 елді мекеннің 17-сі орталықтандырылған сумен қамтылған. Халық саны аз ауылдық жерлерді сапалы ауызсумен қамту жұмыстары күн тәртібінен түскен емес. Мысалы, осы жылы маусым айында Қызылбас елді мекенінің тұрғындарын таза ауызсумен қамтамасыз ету үшін күн энергиясымен жұмыс істейтін кешенді блок-модуль су тазартқышы орнатылған. Сонымен қатар Мереке ауылдық округінің Карташов қыстағына да ауызсу құбырын тарту жоспарланған.

«Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде ауылдық елді мекендердің әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамыту бағдарламасы бойынша көше жарықтарын қайта жаңарту және темірбетонды бағаналар орнату жұмыстары қолға алынған. Бұлардан бөлек, су тасқынының алдын алу, тазалық акцияларын өткізу, абаттандыру жұмыстарын жүргізу, интернетпен қамту секілді жұмыстар да кешенді түрде жүргізілуде. 

Мінекей, тамырын тереңге жайған тарихы мен тағылымы мол Тасқала ауданында жыл басынан бері бірқатар игілікті істер атқарылып, ауыз толтырып айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілген. Бұл – жүйелі жұмыстың, аймақты дамытуға деген шынайы ұмтылыстың көрінісі. Алдағы уақытта да ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру, елді мекендерді көркейту, халықтың әл-ауқатын жақсарту және көкейтесті мәселелерді шешу бағытында ауқымды жұмыстар жалғасын табады. Бұл жолда бірлік пен еңбек басты қозғаушы күш болары анық.

Ләззат ҚАЖЫМОВА,

Батыс Қазақстан облысы

 

02.10.2025

Ұқсас жаңалықтар

БАЛА ӨЛІМІНЕ БЕЙ-ЖАЙ ҚАРАУ – БОЛАШАҚҚА ОПАСЫЗДЫҚ ЖАСАУ
Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері - 26.09.2025 344
Бас жоспар   жарты млн тұрғынға арналған
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы (Облыс әкімінің баспасөз қызметінің мәліметі негізінде дайындалды) - 25.09.2025 192
Пәкістаннан пана таппаған қазақтар
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 25.09.2025 488
22 ЖЫЛДЫҚ ТАРИХЫ БАР ЖИЫН НЕСІМЕН ҚҰНДЫ?
Нағашыбай Қабылбек - 25.09.2025 334

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 18248
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 18108
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 33297
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 31848
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 35564