«Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады» деген бабалар неткен данышпан еді.
Коронавируспен жағаласып мұнай бағасы түскені сол еді, долларға тәуелді теңге «тентіреп», тауар бағасы «еңіреп», артымыз ашылып, барамыз шашылып қалғандай кепке түстік.
Өндіріс пен кәсіпорынның аздығы да жоғарыдағыларға жаңа біліне бастағандай ма, қалай?
Азық-түліктің көбі сырттан келетіндіктен, біздегі нарыққа доллардың «әлімжеттік » көрсетуі заңдылық!…
Жә, доллары құрысыншы, ел ішінде небір білікті азаматтар жүр, сауданың қыры мен сырын білетін. Әттең қолдау аз…Қолдамақ түгілі маңайға жақындатпайды.
Талап қылғандарды салықпен «жасқап», бағынбағандарын қудалап жатқанын билікке ашық айтқан кәсіпкерлер есімде. Құйрығымен дирмен тартқан кей мықтылар кәсіпкерлерді зар жылатып бизнесін тартып алыпты дегенді де талай естідік. Бірақ тыңдаған жан көрмедік.
Елбасыға да, президентке де мұндай мәліметтер жетпейтін болса керек. «Бәрі күшті, бәрі кереметтің» арты қай заманда да жақсы болмаған. Оған әріге бармай- ақ, жетпіс жыл ғұмыр кешкен кеңес заманы жарқын мысал.
Сол жетпістің «жартысын» жасап тастаған біз не тындырдық?!
Билік бір партияның қажыған «солдаттары». Маршалл жат десе жатады, тұр десе тұрады…
Бір партияның билеп – төстеуі ел экономикасының дамуына, халықтың оңалуына емес – аруына (жүдеуіне) бөгесін. Оны көзіміз күнде көріп отыр.
Оның тағы бір залалы демократияға «тұсау» салуы.
Дауысқа салып, белден басу осыдан барып шығады. Сын мен мін айтылмаған мінберден құт қашады. Ырыздық шашылады. Оның арты қайбір жақсы болсын!
Елге жаны ашыған басшы, өзінің билік ғұмырының ұзақ болуын қалаған басшы, қасына жағымпаздарды емес, аңғарымпаздарды, қулар мен сұмдарды емес, елге жаны ашитын шын арлы, иманы берік ( Құдайдан қорқатын) азаматтарды жинауы керек.
Міне, сонда ғана ел басшысы халықтың тұрмысы мен тынысын терең сезіне алмақ! Әйтпесе бәрі бекер. Құр әуре тірлік! Халықтың ашуы мен ызасы күшейе берсе, жарды ұрған толқыннан кем болмасы белгілі ….
Жоғарыдағы кей дөкейлердің бизнесі жүру үшін, ақшасы ит секілді «үру үшін» , тауарды, азық-түлікті сырттан тасымалдау әдетке айналды. Ақшаның бәрі сыртқы кетті.
Сол міне, біздің түбімізге жетті!
Мұны неге айтып жатырмыз.
Қазірдің өзінде ел ішінде ашыға бастаған адамдар бар. Қиналған отбасылар көп. Пәтер ақысын төлеуге, кредитін өтеуге шамасы жетпейтіндер молаяуда.
«Қорғаныстың » алғашқы он күндігіндегі жағдай мынау, егер сақтық шаралары тағы жалғаса түссе, «5 мың», «10 мың» теңгелер тиынға айнала ма деп қорқамыз.
Өйткені базарлар мен дүкендер азық-түлік бағасын өсіруде. Оларға әй дейтін әже, қой дейтін қожа қайда?
Қымбатшылық болмайды деген үкіметтің уәдесі қайда?
Егер қазіргі базар бағасы «тұрақтанып» қалса, азық – түлік осы бағаға «бой үйретіп» алса қиындық сонда болмасына кім кепіл! Өйткені айлы ғы шайлығына әрең жететіндер көп бізде… Олардың ертеңі не болмақ?!

 

Нағашыбай Қабылбек

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз