Соңғы кезде қарап жүрмей, байлықтан басы айналып, тайраңдағандар үшін бетімнен отым шығып ұялатын мінез тауып алдым. Біз жабайы аңдар жайлаған елсіз, сусыз қалың ағашты орманда өмір сүрмейміз ғой. Ұлан-байтақ жері, үлгілі мәдениеті, өнеге тұтар әдебиеті, сан ғасырлық ұлттық салт-дәстүрі, тағылым алар тарихы бар ұлттың ұрпақтары емеспіз бе? Қоғамдық ортаның, ел-жұрттың сын пікірлеріне құлақ түріп, санасады-ау деген зиялы қауымның арасында ой деңгейі төртінші сыныптың оқушысынан аспайтын байшыкештерді көргенде таң қаламын. Жарайды, бай екенсің, бар екенсің. Сол барлық пен байлықтың барлығына қарапайым жұрттың ықпалымен қол жеткізгеніңді мойындайтын шығарсың. Ешкім де дәл қазір Қазан төңкерісін жасап, байлардың жиған-тергенін кедей-кепшікке үлестіріп бергелі отырған жоқ. Алайда қарапайым халықты оның ішінде ішсе тамаққа, кисе киімге жарымай, бір баспанаға зар болып жүргендерді сыйламауды олар қай ата-бабасынан енші қылып алды екен?
Бай отбасыларын пиар жасауға шебер бір белгілі телеарнада атақты әншінің анасы хан сарайындай жекеменшік үйін көрсетіп, жарты сағат мақтанып, масаттанды. Мақтанып қана қойған жоқ, шкафын ашып жіберіп, 200 туфлиі, 100 көйлегі бар екенін көрсетіп үлгерді. Ар жағында қымбат көліктер, құндыз тондар мен асыл бұйым заттардың әңгімесі басталды. Көгілдір экранның бер жағынан соны көріп отырып, қатты ашуым келді. Мақтанатын нәрсені тапқан екен! Иә, есепсіз байлықтың барлығы күні-түні ән шырқайтын ұлыңның арқасы шығар, қызғанбаймыз. Алайда ол өзін сана-сезімі бар, ар-ожданы биік, мәдениетті деп санаса, қаншалықты панасыз балаларға, кедей-кепшікке, қараша халыққа қайырымдылық жасағанын, жанашырлық көрсеткенін айтып мақтанбайды? Қанша әдеби кітап, қаншалықты баспасөз құралдарын оқып, рухани дүниесін байытқанын тілге тиек етіп, жарасымды әңгіме жасамайды? Жарайды, қайырымдылық жасау да, жасамау да олардың өз еріктерінде. Онда жұмған аузын ашпасын, елден артық бай екенін мақтан етіп, қалың көрерменнің ашу-ызасын тудырмасын. Ауылда егін егіп, мал өсіріп күндіз-түні дамыл таппай, бала-шағасын қалай бағып-қағып өсіремін деп ебіл-себілдері шығып жүрген әйелдерге сенің 200 туфлиің мен 100 көйлегіңнің бар екені қызық емес.
Осы біздің елдің телеарналарында байшыкештердің сойылын соғып, сенсация қуатын ақпараттар құмырысқадай қаптап кетті. Идеология құралының бірі болғандықтан, телеарналардың ұлттың тәлім-тәрбиесіне қосар үлесі салмақты емес пе? Қазіргі кезде басты телеарналар тойға барып, қомақты қаламақыны көсіп алып, байлықтары шаш етектен болған әншілерді пиар жасауды әдетке айналдырды. Екінші бір айтпағымыз, көп жағдайда Ресейдің телеарналарындағы бағдарламалардың көшірмесін жасап, көрсетуге әуес екенін көзіміз көріп жүр. Олар тамақ түрлерін жасауды үйретсе, әлдеқандай шоу байқауларын ұйымдастырса, соны біздің телеарналар айна-қатесіз қайталап әлек. Ары қарай тырнақ астынан кір іздеп тізбелемей-ақ қояйық. Ал сол орыс телеарналары еліндегі тарихи шығармаларға деген оқырмандардың қызығушылығын арттырып, көңілін аудару үшін атақты жазушысы Лев Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» атты романын бүкіл Ресей жұртшылығы болып дауыстап оқып, кеңінен дәріптегенін білеміз. Тарихи шығарманы дауыстап оқығандар арасында мүйізі қарағайдай жазушылар, саясаткерлер, әншілер, ғалымдар, атақты әртістер және басқалары бар. Бұл туған еліне деген патриоттықтың бір көрінісі болды. Ал біз неге Абайдың қара сөздерін, Мұхтар Әуезовтың «Абай жолын», Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсіреповтың және басқа ақын- жазушылардың шаң басып жатқан шығармаларын дауыстап оқытуды ұйымдастырмаймыз? Жоқ, оны ұйымдастыру телеарналар үшін тиімді емес. Оның орнына күні-түні сүйдім-күйдім, сенсіз маған өмір жоқ деген мағынадағы арзанқолды әндерді шырқаған той-думанды насихаттау, атыс-шабыс, адамды қинап өлтіру секілді қантөгіске толы фильмдерді көрсету көрермендерді экран алдына жинаудың басты амалына айналған.
Теледидар мен ғаламтордың бетін бермей жүретін бір аты шулы байшыкеш әйелді некелі байы соққыға жыққан екен, бүкіл телеарна соның соңында біраз күн дуылдады. Дардай-дардай балалары бар, байлықтан басы айналған әйел нақсүйерімен тайраңдап, ашық жүріске салынған соң, ашулы күйеуі қол көтермей қайтеді? Сол әйел балаларының әкесін абақтыға қаматып, жазасын бергізді. Көп ұзамай ол қайтадан байға тиетіні жөнінде сүйінші сұрап үлгерді. Өзінің жүріс-тұрысын жөн көрген бай әйелдің іс-әрекетіне мен ұялдым. Жапанға жар салатын жайт па? Байлықтан бастары айналып, ерігіп жүрген әйелдердің ойына не келсе соны істей беруіне бола ма? Мешкей деген жақсы ат емес. Сонда өздері өмір сүретін қоғамдық ортаға деген титтей де болса сый-құрметтен жұрдай болғаны ма? «0» төзбеушілік ұстанымымыз неге жоқ? «Сен тимесең, мен тимен» деген қағида қанымызға сіңіп бара жатқаны қатты қынжылтады. Шөміштің тұтқасын ұстаған телеарналар тәлім-тәрбиенің иісі жоқ, жаманатымен шыққандарды, байлықтары асып-төгіліп жер баса алмай жүргендерді жарнамалағанды тоқтатқаны дұрыс. Ақтың ақ екенін қараның қара екенін айтуға келгенде тілдері байланып қалатындарын тіпті айтпай-ақ қояйық. Жалпы, қоғамдық ортада іс-әрекетімен белгілі адамның жалған мақтаумен абырой беделін көтеруге болмайды. Халық кімнің кім екенін жақсы біледі.

Нұрила Бектемірова

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз