Түркістанда велоспорттан ерлер мен әйелдер арасындағы Қазақстан Республикасының қысқы чемпионаты басталды. 6 күнге созылатын жарысқа 18 өңірден 200-ге жуық велошабандоз қатысады.

Іс-шараның ашылу салтанатына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Қазақстан велоспорт федерациясының бас хатшысы Жетес Сүлейменов, ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушысы Николай Лопатин және Қазақстан паралимпиадашылар федерациясының президенті Кенжеғұл Сейтжан қатысты.
– Бұл жарыс – өңіріміздің спорттық өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі. Велоспорт – тек төзімділік пен шеберлікті ғана емес, сондай-ақ қайсарлық пен жеңіске деген ұмтылысты талап ететін спорт түрі. Біздің аймақ әрқашан спортты дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Мемлекет басшысының бастамасымен бұқаралық спортты қолдау және салауатты өмір салтын насихаттау бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде, – деді Ертай Кенжебекұлы.

ҚР Велоспорт федерациясының президенті Райымбек Баталов өткен жылдың есептік жиынында 2025 жылғы чемпионатты Түркістан облысында өткізу жоспарланғанын айтып, арнайы өткізу құқығын ресми түрде Түркістан облыстық федерация президенті Алмасхан Жамбаевқа тапсырған болатын. Аталған жиында Түркістан жолдары мен табиғаты велосипед спорты үшін ыңғайлы екенін атап айтты.
Жалпы, велосипедшілер осы күндерде жекелей жарыс, топтық жарыс, командалық эстафета бағыттарында жарыс жолына түседі. Олар сайыстан бөлек, Түркістанның туристік мүмкіндігімен танысуға ниетті. Ал бүгінгі сайыс жолына жекелей жарыстан 15 км қашықтыққа 30 паралимпиадашы бақ сынады. Одан бөлек, жарыстың соңғы күндерінде Өзбекстан Республикасынан 8 велоспортшы «Гран-при Түркістан» жарысына қатысатын болады. Осылайша, жарыс халықаралық дәрежеде де өз мүмкіндігін көрсетпек.
Айта кетейік, ерлер мен әйелдер арасындағы ҚР қысқы чемпионаты 24-29 наурыз күндері аралығында өтеді. Юниорлар 25 км-ден 120 км қашықтыққа дейін велосайыста бақ сынайтын болады. Бұл чемпионат Қазақстандағы қысқы велоспорттың дамуына серпін беретін маңызды оқиға болмақ. Жалпы, Түркістан бұған дейін де веложарыстарды қабылдаған. Бұл оның кәсіби, паралимпиадалық және халықаралық деңгейдегі велоспортты дамытудағы рөлін айқындай түспек.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі