Туған жер марапаты ерекше сезім, зор рух сыйлады

0
876

Құттықтаймыз!

Сәрсенбінің сәтті күні Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов журналистика саласының жыл үздіктерін марапаттады. “Qazaqstan zamany” газетінің Бас директоры Сәуле Мешітбайқызын да өңір басшысы “Облысқа сіңірген еңбегі үшін” төс белгісімен марапаттады. Айта кету керек, бұл — басылым басшысына Жаңа жыл қарсаңында Жамбыл облысының жасаған тосын сыйы болды. Сәуле апаның өзі мұндай зор құрметті күтпегенін айтып, аймақ басшысы Асқар Исабекұлына шексіз алғысын білдірді. Айта кету керек, бұқаралық ақпарат құралдары үшін арналған осынау тамаша кешке Сәуле Мешітбайқызын арнайы шақырған облыс әкімдігіне Ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Құрманғали мен ұжымына айтар алғысымыз шексіз. Бір күн, бір сәт, бір мезет болса да бұл журналистер қауымы үшін жадта жатталар, ұмытылмас керемет сәт еді!

Жаңа жыл қарсаңында Ел анасына деген бұл үлкен ілтипат, облыс атынан жасалған ерекше құрмет-сый болды. Сәуле апамызды осынау құрметті марапатымен шын жүректен құттықтаймыз! Адал еңбектің әділ бағасы деген осы!

Әрине, мұндай жоғары марапаттардан Сәуле Мешітбайқызы кенде емес.  Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі «Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткері» атағын тікелей тапсырған болатын.  Дегенмен туған жердің бұл сыйы зор мәртебе дейді Сәуле Мешітбайқызы.   «Туған жердің бұл сыйы мен үшін, ұжымым үшін зор мәртебе, зор қуаныш. Мен бұл өңірде дүние есігін ғана ашқан жоқпын, мектепте оқыдым, еңбек еттім, өмір сүрдім, жалындаған жастығым өтті. Кімге болса да туған жер ыстық қой, шіркін! Еңбегімді елеп, осындай сый-құрмет көрсетіп жатқан облыс әкімі Асқар Исабекұлына, Берік Құрманғалиұлына, әкімшілікке, жерлестеріме, сондай-ақ менің қуанышыма ортақтасып жатқан мыңдаған жанкүйерлеріме алғысым шексіз, Аллам разы болсын!» — деді Сәуле Мешітбайқызы тебірене, толқи сөйлеп.

Иә, ол кісі айтқандай Шу өңіріне келін болып түсіп, сонда біраз жылдар мұғалім мамандығында жұмыс істеді. Кейін Алматы қаласында Ахмет Жұбанов атындағы мектепте мұғалімдік қызметін жалғастырып, оның басшылығына дейін өсті. «Қазақтелекомда» мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуде де орасан зор қызмет етті. Ал осыдан жеті-сегіз жыл бұрын алпыс үш жасында «Қазақстан zaman» газеті бас директорының бірінші орынбасары болып тағайындалғанда жұрт Сәуле Мешітбайқызына күмәнмен қараған. Сәуле Мешітбайқызы осы қызметте, яғни менеджерліктің аясында қалған жоқ. Еліміздегі көкейтесті мәселелері бойынша шоқтығы биік, қалың оқырманды елең еткізер мақалалар жазды. Бір айта кететін жайт ол кісі туған елі Жамбыл облысындағы игі істер жайлы газетте үнемі материалдар жариялап, өңір мерейін талай мәрте көтерді. Сәуле апай «ЕлАна» қоғамдық сайтын ашты. Елдің Еланасы атанды. Биыл газетте бас директор болды. Мұның бәрі зор тынымсыз еңбектің, қазақ қызының қайсарлығы, ұлы даламыздың кеңдігіңдей біліктіліктің арқасы. Бүгін міне Сәуле Мешітбайқызына туған өңірінің жұртшылығы осындай тосын сый жасады. Қалай қуанбассың, қалай тебіренбессің!

Сәуле Мешітбайқызы, осы марапатыңыз құтты болсын! Өзіңізге зор денсаулық, отбасыңызға, ұжымыңызға береке-ырыздық, қуаныш-шаттық, бірлік пен ынтымақ тілейміз. Ресми жаңа жылда да табыс мол, осындай көзайым қуанышты сәттеріңіз көп болсын!

«ЕлАна» сайты,”Qazaqstan zamany” газеті

мен «Мөлдір бұлақ» журналының ұжымдары

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.