«АМАЛ» – АЛАШТЫҢ ТОЙЫ, ҰЛТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯНЫҢ НАҚ ӨЗІ!

«АМАЛ» – АЛАШТЫҢ ТОЙЫ, ҰЛТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯНЫҢ НАҚ ӨЗІ!

 

«АДАЙ АТА – ОТПАН ТАУ» ЭТНО-МƏДЕНИ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ  ЖҰМЫСЫНА НЕГІЗ БЕРЕТІН ҚАРАПАЙЫМ ҚАҒИДАЛАРҒА ЖАЛПЫ ТҮСІНІК

(«Қазақ халқының ататек шежіресі», «қара шаңырақ», «қара қазан», «көрісу», «ұран от» атты ұғымдарға қысқаша шолу)

Халықтық қарапайым қағидаларымызға ұлттық салтанатымыздың төрінен орын беріп, жаһанданудың тасқынынан қорғану –  «Амал» мерекесінің ішкі мазмұны мен мақсаты. Жарайды, олай болса, халықтық қарапайым қағидаларымызды қалай пайдалансақ болады? Маңғыстау өлкесіне қарасты, Отпан тау мекеніндегі дәстүрлі «Амал» мерекесінің сыры неде? Тәуелсіздіктің іргетасын мықтай түсуге, әлемдік кеңістікте кемел келбетімізді орнықтырудың амалы қайсы? Бұқара халықтың өз ынта-ниет, амал-әрекетін, күнделікті тұрмыс пен санадағы қуат көзін жалпы ұлтқа ортақ бірліктің жанды ұйытқысына қалай айналдыруға болады?.. Саясаттанушылар бар, ғылым бар, ғалымдарымыз да жеткілікті, ел бұл сұрақтардың да бір шешімін табар. Осы орайда дарияға қосылған жылғадай біз де өзіміздің күнделікті өмірдегі бұқаралық тәжірибемізді баян еткіміз келеді. Артығы болмас, алашқа тілектес жандардың біріміз.

 

Ұлт өлмесін, ұлт өлсе – ұл-қызыңның болашағынан үміт үзе бер. Жал-құйрығын келте күзеп нелер дәурен өтпеді, соның барлығын тау мен тасқа –  таңба, сөзге – өрнек, ойға – өріс қылып тастап кеткен бабаларым-ай!..

Қызыл тіл – жанның мияты,

Абырой – ердің қуаты.

Өтірік – ұят,

Шын – мият – деп, қазекем баяғыда мақалдатып қойған. Киелі сөздің, абыройдың, ұяттың, шындықтың мөрін басқан бабалардың аманаты  – біздің жүрер жолымыздың бағдаршамы!

Қазақ шежіресін болымсыз тарих, орынсыз ой-түйіндердің ауызекі сұлбасы деп қарайтындарын қайтерсің, жә, мейлі, қарасын! Ұлтқа тән құндылықтардан кір іздеп тұратындарды да, жайдақ атқа мінгендей жұлқынып шыға келетіндерді де көріп жүрміз.

 

Қазақ халқының жадында сақталған рулық шежіреде бүгінгі қазақтың барлығы Қазақ Атадан өсіп-өнген бір кісінің баласы екендігі айтылады.  Тегін іздеп тереңдеген сайын бүгінгі барлық қазақты бір кісінің (қазақ атаның) баласы қылып шығаратын идеологиялық тұтастыққа негізделген тайға таңба басқандай ұлттық шежіренің құрылымында, жүйесінде түбегейлі түйін бар, бір атаның қаны бар, бірліктің темірқазығы бар. «Тегін білген қазақтың бәрі туыс (авт.)» дейтініміз сондықтан. Біз осы құрылымдық жүйені «Амал» мерекесіне, «қара шаңырақ» ұғымына тұғырнамалық қағида қылып алдық. «Күллі қазақ бір атаның ұрпағымыз!..» деген ортақ сенім мен сезімді «көрісу» дәстүрінің шеңберінде, «ұран от» жағу рәсімімен асқақтатып, «бірлік отын» ұранға айналдырдық.  Этно-мәдениетімізді (барлық құндылықтарымызды) ұлттың рухани тұтастығына дәнекер болуға икемдеп, талпынып келеміз.  Халықтық шежіренің құрылымдық жүйесі, ұлтымыздың әдет-ғұрып, салт-дəстүрі, жол-жоралғы, наным-сенімдері    қоғамда əрбір адамның (қазақтың) орын-орнымен сыйлы да сенімді ғұмыр кешуіне кепілдік берген. Қауымдық жауапкершіліктің аясында  адамдар өзін қауіпсіз сезінген. Ұлттық тәлім-тәрбиенің, бабалар рухының түсірер жарығы, төгер сəулесі, түсіне білсек, қадірлей білсек, қашанда  молынан болмақ. Қазақ салт-дəстүрінің құдіреті сонда, тіпті, орнымен əзілдесіп, күліп-ойнап бір-бірінің көңіліне сыпайы ғана шаттық пен қуаныштың сəулесін сыйлау үшін нағашы мен жиенге, жезде мен балдызға, құрбы мен құрдасқа, жеңге мен қайныға ұлттық əдептің шеңберінде мүмкіндік берілген. Дастарқан басында, тұрмыстың, қоғамның жиын-мерекесінде жақын-жуық, ағайын-туыс, құдайы қонаққа дейін ескерусіз, шет қалмаған.

 

 

Бәріне құрмет көрсеткен, оны міндет емес, парыз санаған. Адамның – адам көңілін аулап, қас-қабағына қарауды бесігінен берік ұстанып, ашылған құшақ, төгілген тілекпен өмір сүруді тіршіліктің салтына айналдырған.  Болмысының борбай еті созылып, боздағы шыққан бүгінгі заманның, соғыстан көз ашпаған  әміршіл әлемнің «сыпайы» сиқы, қарсақ езу «қарқалази» түрі мынау.  Дегенмен күні кешеге дейін ауылға барсаң аңқылдаған қазақтың бейіл-шапағатынан жұмақтың жұпары есіп тұратын еді. Жылы сөз, ақ бата, арлы əрекет, ибалы мезірет, имандылық пен əділ шешімді, шыншыл уəде, селкеусіз сертті əрбір қазақ табиғатынан кісіліктің туындай жанына серік еткен. Аллаға сеніп, әруақтарды құрмет тұтып, аз ғана өмірдің мəні мен мағынасын  көбірек сыйласудан, адал еңбектен, ар мен намыстан, қарапайым кісіліктен, ақиқаттан іздеген. Осы асыл қасиеттердің барлығы бірте-бірте көмескіленіп, сордың суындай сарқылып, тұзданып барамыз. Әр қазақ, əр аймақ жəне баршамыз жеке-жеке жетімдік пен жалғыздықтың шырмауында шырғалдап, қақпанында қалжырай бастаған секілдіміз. Жабырқау мен налудың, торығу мен зарығудың, қатыгездік пен қайырымсыздықтың, секемшілдік пен сенімсіздіктің, ермелік пен енжарлықтың, үмітсіздік пен үрейдің (т.с.с.) боданына айналып бара жатқан сияқтымыз ба, қалай?! Араласпаса ағайын жат екенін білеміз деп жүрміз. Ал, көріспесе, көңіл татулыққа себеп іздемесе, ұлттық рухтың өлетінін неге ескермейміз?!.. «Амал» мерекесі, «көрісу» т.с.с. біз айтып жүрген амал-әрекеттер сол үшін керек. Мұны да бір ескеріп қойғанымыз жөн. Біздің жан-жүрегімізді: Əр қазақтың бойында бар қазақтың ары бар екендігіне, бар қазақтың бойында әр қазақтың қаны бар екендігіне сендіріп, еңсемізді көтеріп, тұтастық пен туыстыққа, жалындаған ар мен намысқа, асқақ арман мен үкілі үмітке бастайтын шыншыл шара, шырылдаған әкелік қамқорлық, аналық алақан керек. Ұлт ояу санадан, өміршең  еңбектен, өзінің тамыр-тарихынан, ғылым мен білімнен қуат алсын! Дәстүрлі дінін, мөлдір ділін, мөрлі әдеп, иман, ұлттық салтынан адаспасын! Ұлттық билік ұлтқа біткен «Ұят!..» пен «Обал!..» атты ұғымның уызынан қанып ішкен зиялы жанкештілерден құралсын! Алашордашылардан үлгі алсын!..  Баяғы.., сол... жолаушының үмітіндей үзік-үзік сырлар ғой, оны кім тыңдап жатыр. Айту, амалын тауып үлгі көрсету – туған елдің алдындағы перзенттік парызымыз! Байқайсыз ба?.. Зиялы жұрттың бағзыдан баян іздеген  Қорқыттың қоңыр қобызындай зарлай беретіні, мұнарлы көңіліне мұңнан дәру тапқандай «аһ» ұрып, күрсіне беретіні сондықтан. Зығырданыңды қайнатқан зіл мен батпанның жіліншігіңді жеміріп, омыртқаңды кеміретін тұсы да сол аңғалдық пен самарқау салғырттықтың күбірткелі күйігі. Күрмеуі қатты көп жұмбақтан шаршадық!..   Оңашада ошарылып бүк түсіп.., қамығасың. Әңгіменің шындығы солай. Осы сабау қамшы – сансыз сұрақты  от ішінен үн қатқан бозторғайдай шырылдап, шырқырап тұрып айта бергің келеді. Бірақ «баяғы жартас – бір жартас», жауап жоқ. Сарқылмас сағыныш пен үкілі үміттің әңгімесі ғой дейтіндер де болар. Ұлт болашағы және ізденіс пен мәңгілік талпыныс – билік пен бұқара халыққа бірдей төл міндет, тел салмақ. Осы орайда «Амал» мерекесі және оның ішкі мазмұны өркениеттік өлшемдермен, өзіндік этно-мәдениетіміздің арқауын қатар, орайластыра  өруге бейім, ауқымды рухани кеңістік. Бір жақты бағыт алып қырын кетіп, қия баспауға және уақыттың легінен қалыс қалмауға мүмкіндік беретін, жасампаздыққа үндейтін символдық мәдени шаралардың жиынтығы. Біз сол үшін «Амал» мерекесін  қазақы шежіре мен қағидалардың негізінде  бұқара халықтың өзіне ұйымдастыртып, ұлттық бірліктің рухани алаңын өз қолдарымен жасауға ұйытқы болуды көздеп жүрміз. Бүкіл қазаққа тұлға болған  елге таныс есімдерді әлпештеп, әр аймақтан өкілдер  шақырып, қандастық құрмет жасауға құштарлық танытудан айныған емеспіз. Түбі бірге түркі жұртына хабар салып, азаматтарды, өкілдерді қонақ қылып шақыруды қолға ала бастадық.  

 

 

«Амал» мерекесі, «көрісу» салты бұрыннан бар, қазаққа ортақ дәстүрдің үрдісі. Соның нәтижесінде  «Амал» мерекесі республикалық дәрежеде қайта жанданды, ұлттық мерекеге айналды. «Көрісу» салты,  «қара шаңырақ» ұғымы, қара қазаннан дәм тату дәстүрі жаңғырып, қалыптасты. Бұл – Маңғыстау халқының соңғы жиырма жылда жасаған адал еңбегінің, ақ уыз ниетінің айғағы. Осы мәдени шаралардың негізгі жүгін жастарымыз көтеріп, игілікті іске мұрындық болуда. Ұлттық құндылықтар жастардың санасына берік орныға бастады. Өз орталарында халықтық шараларға белсене кірісіп, бірегей тұлғалық бейнесін сомдай бастаған тәжірибелі азаматтардың (ұйымдастырушылардың) қаймағы  пайда болды. Олар елдің жүгін көтеріп, жауапкершілік алып, «Амал» мерекесінің үздіксіз ұлттық мүддеге сай өтуіне жылдар бойы басшылық жасап, қорған болып жүр. Ояу сана дегеніміз осы шығар.  Міне, біз талмай талпынып, қазақы шежірені, ұлттық қарапайым қағидаларды,  «Амал» мерекесінің ішкі мазмұнымен астастырып, қазақ халқының бірлігіне пайдалануға ниетті екендігімзді дәлелдеумен келеміз. Әлі қанша уақыт керек, білмедім?.. Жастардың, жалпы бұқара халықтың ұлт тағдырына деген жауапкершілікті өз бойларынан іздеп, тәжірибе алуына осылай жұмыстанғаны дұрыс деп шештік. Адай Ата ұрпақтары «қара шаңырақ» ұғымын және оның жауапкершілігін асқан табандылықпен қабылдап, сабақтастыра білді.   Ұран от – тамаша көрініс!.. Жастарға жігер беріп, тұтас ұлтымыздың жанартау тектес жалынын, бірліктің қуатын паш етіп тұрады. Сезімді жалғайды, сенімді орнықтырады. Әнұранның бейнелі белгісіндей көңіліңнің көрігін қыздырады,  қиялыңның қызғыш құсы қалықтай жөнеледі. Бүкіл қазақтың рухани болмысы бір сәтте тұтастықтың тұнбасынан ішіп, бірліктің мерейінен шексіз ләззат алады. Маңғыстау халқы – қазақтың қара шаңырағы! Қара шаңырақтан бастау алған ұран отты ұлықтай білуіміз керек.

 

 

Ұлтымыздың жыл басы «Амал» мерекесінің құрметіне жағылатын ерлік пен елдіктің, бірлік пен берекенің  алауын күллі қазақ даласында бірге қарсы алсақ, барлық жерде ұран от (бірлік оты) алауын жақсақ, халықтың рухы көтеріліп, қайраулы қылыштай жүзі жарқырар еді. Енді, сірә, елімізде  сағат тілінің мерзімдік көрсеткіші де  бір уақытқа көшкелі  тұр. Бұл да қолайлы мүмкіндік туғызады. Жарнамалай білсек,  қазақ даласына саяхатшылар да толассыз келіп «Амал» мерекесін қызықтар еді. Достың мерейін асырып, дұшпанның кеудесін басар еді. (Аймақтардан арнайы алаңдар жасақталса, көрісуге, ұран от жағуға, «Амал» мерекесінің тәрбиелік сипатын аша түсуге мүмкіндік жасалса дейміз. Көп айттық, кейде көңілі түскір құлазып та кетеді. Өкінішті.., әрине, қызықпаймыз, талпынбаймыз, ұлттың рухын көтеруден сақтанамыз, қорқамыз, дәл осы дерттен бойымызды және ойымызды аластайтын, тазартатын уақыт болды. Құлдық сана етегін басып, езіле бергісі келеді. Неге?.. Сәбилеріміз ұран от жағып атойлап, ұлттық сезім мен сенімнің уызынан қанып ішіп, еркін өссе теріс пе?.. Барлығын кейінге ысырып, бұға бергенде не ұтамыз?..) Ұран от – ұлттық рух пен намыстың салтанаты! Қайталап айтамын!.. Ерлік пен елдікті дәріптеу – сақтық пен сергектіктің ұраны!.. Әсіресе, солтүстік аймақтарда ерекше мәнге ие болар еді.  Ғаламтор жүйесі арқылы бір мезетте жалындаған үміт пен арманның, жігер мен намыстың, ортақ ұлттық мүдденің жылуы мен жарығына шомылар едік. Бүкіл әлем қазақтарының көңіл шаттығына, мақтанышына айналар еді. Мұның барлығы ниет болса, қиын шаруа емес, ағайын!.. 

Ұран от – үш жүздің алақанына салынған қазан бейнесіндегі алау жағатын орын.

(Отпан таудағы ұран от тұғыры солай жасалған).

  Ұран – ойлануға, белгілі бір іс-əрекетке дер кезінде мəн беруге, аса маңызды шаралар мен шаруаларды айшықтап көрсетуге шақыру. Көпшілікті қоғамдағы ең бір өзекті мəселеге қарай жұмылдыру, үндеу.  От – жарық, сəуле, жылу. Қозғалыс жəне өнеркəсіп пен өндірістік мəдениеттің күш-қуаты. От – Күннің жарығы, Айдың сəулесі. Күн – тіршіліктің көзі.  

 Қара шаңырақтың төрінде, Отпан таудың өрінде  қара қазаннан дəм тату, көрісу сияқты ұлттық салт-дəстүр мен қағидаларды себеп қылып, билік: бұқара халықтың ортасына келіп, бей ресми мәшһураттасып жатса, ғанибет емес пе?!  Ым мен ишарадан түсіністік тауып отыратын қоғам пайда болар еді. Халыққа жақындау    ақиқаттың айнасынан өзіңді көру.

Қара шаңырақ – ұлы, негізгі, киелі, байырғы, мұрагер, бас шаңырақ деген ұғымдарды береді (т.с.с.). Ұлттық салт-санада қара шаңырақ ұғымы өте əділ шешімін тапқан.  Бұл ата-бабасына жəне ұшқан ұясына деген құрмет. Ұлттық тұрғыдан қарайтын болсақ, атамекенге, ата дəстүрге, ата-салтқа, баба-тарихқа деген құрмет. Ортақ ұлттық қағиданы мойындап, əрбір əрекетімізді бауырластық пен туыстыққа икемдеу.  Қалай болғанда да даусыз ортақ нүкте тауып, қазақ халқының санасы мен сезіміне, қанына «Ұлтым!..» дейтін ұғымды сіңіру.  

 

 

 Қара шаңырақтың  төріндегі қара қазаннан дәм тату рәсімінің де тәрбиелік мәні зор. Қазан – киелі ұғым. Қазан көтеру – үй болу. Үй болу – ұрпақ сүю. Ұрпақ сүю – сансыз жауапкершілікті мойныңа алып, адал да тынымсыз еңбек ету, тыныштық пен бейбітшілікті, бірлік пен берекені көксеу жəне сақтау! Іздену мен шыңдалу. Күндіз-түні ақыл мен парасатқа, білім мен тәжірибеге жүгіну. Өзіңе сену, өзіңді өзгенің орнына қоя білу. Ащы шындық, тəтті үміт пен өмір сүру.  Жеке отаудың қара қазаны осыншалықты мəн мен маңызға ие болғанда, ұлттық салт-дəстүр, дəстүрлі халықтық қағидалар деңгейіндегі қара шаңырақтың қара қазанының мəні мен маңызын, киесі мен қадір-қасиетін ақылға салып шамалай беріңіз.   «Амал» мерекесінің 13-і мен 14-інде Отпан тауға жиналып, қазақтың үш жүзінен шақырылған ақсақалдар мен азаматтар, сол ортақ қара шаңырақтың қара қазанынан  дәм татып, ас қайтарып, дұға оқығанын көргенде, жүрегіңіз жыр мен нұрға толады. Ел екеніңді сезініп, елжіреп, кең дүниеге керемет бір махаббатпен қарайсың. Қазақ көрсең шетінен құшақтап, бауырыңа баса бергің келеді. Үш жүзден арнайы шақырылған алтын алқалы аналарымыз, жеңгелеріміз, келіндеріміз қара қазаннан  ас салып  беріп, алты алаштың құрметіне, алғысына кенеліп жатса, осының өзі  қуаныш емес пе?! Ұрпақтары:  «Менің анам үш жүздің ардақтыларына ас салып берген» деп  үлгі қылмай ма?! Дәм тату  – бір шаңырақтың, бір əулеттің, бір рулы елдің не болмаса тұтас ұлттың, халықтың рухани киесіне ортақтасып, сеніміне кіру! Ақ – адал, уыз ниетін бөлісіп, туыстық пен бауырластықтың аманатын арқалап, ар-ұжданыңның алдында Аллаға ант бергендей əрекетке тең қазақы ұғым! Қазақтың «бір күн дəмге – қырық жыл сəлем» дейтіні содан болар. «Дəм аттаған оңбас» деп жататыны да бар. Қазақтың үйге келген қонаққа: «наннан ауыз ти, ағарғаннан ауыз ти...» деп қиыла қарағаны – «барымды бөлісіп, бауыр болғым келеді» дегені ғой. Осы ақ-адал дəстүрді ұлттың ішкі бірлігіне пайдалансақ жаман ба?.. Ырыс-несібені Құдай береді, сол Құдайдың берген бұйрықты ырыс-несібесін көлденең көк аттымен бөлісуге дайын тұратын қазақтай ақ көңіл, періште тектес халық жер бетінде бар ма екен?! Қазақты Құдай осыншалық рухани тазалығы үшін де сақтап келе жатқан болар! Көрісу – жүздесу. Жүздесу – танысу, білісу, достасу, кешіру, сырласу, мұңдасу, түсінісу, сену, қанағаттану. Ойлап қараңыз: түсінісу, сену, қанағаттану – адамдарды барлық жақсылыққа бастайтын рухтың тəңірлік нəрі емес пе?!   Бата дарыған елміз ғой, жақсылыққа қарай талпына беруіміз керек. Заң әділ, заман тыныш болсын! Бата – Алланың тарапынан нұрланып, сəулеленіп рухани күш-қуатқа ие болған шын алғыс пен тілек.

 

 

Жеке тұлғаның жəне көпшіліктің жалқы мен жалпыға бағышталған көңіл ілтипаты. Бата алу –  нысаналы бағытыңның шындығы мен ақиқатына қоғамдық негізде көз жеткізіп, кепілдікке ие болу.  Сондықтан, бата бергенде де, бата алғанда да шын ықылас-ниеттілік таныту қайталанбас сəулелі сəт, нұрлы-шуақ, бақ-береке екендігін сезіну керек. Отпан тауда үш жүздің ақсақалдары қоғамның барлық саласындағы озық ойлы, ұлтқа қызмет етіп жүрген ұл-қыздарымызға бата беруді аса бір сүйіспеншілікпен, салтанатпен өткізуі керек. (Дуалы ауыз ақсақалдарымыздың да төбесі көрініп, төр мен босағаның  арасы айқындала түсер еді). Ат мінгізіп, шапан жабу деген де  бір керемет дəстүр бар. Ат – ердің қанаты, шапан – ердің қамсауы, абыройы. Ат мінгізіп, шапан жапқанда да барынша дəріптеп, бағалап, тиісті рəсімдер орындалуы керек. «...Бере салу, ала салу, жаба салу, міне салу» сияқты жадағайлық пен жалпақшешейлік халқымыздың құнын кетіреді. Жалпы ұлттық салт-дəстүр мен өнерді көздің қарасындай сыйлау жəне сыйлату парыз бен қарызымыз. Отпан тауда орнатылған мәдени нысандар мен сәулеттік ескерткіштердің жүйесі мен маңызы өз алдына бір әңгіме. «Адай Ата – Отпан тау» этно-мәдени орталығын салу идеясын ұсындым,оны ұйымдастырып, дәлелдеп,сәулеттік нысандарымен қоса жасап шығудың өзі оңай болған жоқ. Аллаға шүкір, осы орайда халыққа шексіз алғыс айтамын! Ширек ғасырға жақындап келеді, біз де зейнеткерліктің табалдырығынан аттадық. Жастарға аманат!  Ұлттық идеология – халықтың салты мен санасында, жадында! Осының барлығы Маңғыстау халқының тұтас қазақ халқына деген туыстық, қандастық сезімінің, бірлік пен бейбітшілікке деген сүйіспеншілігінің көрнекілік  бейнелері, зер салыңыз, қараңыз!..

Адай ата – қазақ халқының қалыптасуында көрнекті рөл атқарған тарихи тұлға.  Үш жүздің қара шаңырағының иесі және киесі. Ата – Атамекен ұғымы! Ескерткіш кесене салынды.

«Қара шаңырақ сарайы» – үш жүздің қара шаңырағы.

«Ақсарай» сарайы – ақылдастар алқасының ордасы, дала мұражайы. Алдындағы алаңға қазақтың үш биінің ескерткіші орнатылды.

Ақсарайдың жанында барлық аналарымыздың құрметіне бағышталған құлпытас тұрғызылды.   

Көкбөрі – көк түркілерден қалған рухани қуат-жігеріміз бен ұлттық болмысымыздың тамыр-тегі, айбыны. Қауымдасып өмір сүрудің қағидасы.

Ту-төбе – Тəуелсіздігіміз бен мемлекеттігіміздің тұғырнамасы. Көк туымызға көрсетілген құрмет.

Жоғарыда аты аталған мәдени нысандар салынып, халықтың игілігіне жұмыс жасап тұр. Сонымен қоса болашақта «Алаш батыры» және «таңбалы тақтатас» даңғылы, «Бата төбе» алаңы салынады.

«Алаш батыры» – тарихтағы барлық Алаш батырларының құрметтеріне арналған бір (жеке) ортақ ескерткіш және барлық ру таңбалары нақышталған  тақтатас даңғылын салу мәселесі күн тәртібінде тұр. Қазақтың ортақ құндылығын, рухани мұрасын  ерекше құрметтеуге тиіспіз.

 Негізгі тұжырымдама:

 1. Салт-дəстүр негізінде қалыптасқан ұлттық, қоғамдық жүйені бүгінгі күннің талап-тілегіне ыңғайлап, қазақтың ішкі тұтастығы мен бірлігіне дəнекер-ұйытқы қылып, төл халықты əр аймақта оқшаулану мен əркелкіліктен сақтауға  бауырластық таныту үрдісін жетілдіру;

2. Ұлттық мүддемізді қорғай отырып, азаматтардың, жекелеген тұлғалардың, саяси  институттардың əлемдік саясаттың сахнасында өз халқының ішкі үйлесіміне, бірлігі мен тұтастығына табан тіреуін қамтамасыз етуге үлес қосу;  

3. Төл мерекенің аясында  билік өкілдері мен зиялы қауымның, ақсақалдар мен азаматтардың бұқаралық негізде жылына бір рет бейресми бас қосып, бір Атаның ұрпағы ретінде сырласып, қауымдасуына жол ашу. Жыл бойы «Амал» мерекесінің  тақырыптық  мәртебесінің шеңберінде қазақ жастарының  және түркі елдерінің  тарихи танымдық этно-мәдени орталықтарымен бірлескен шараларын өткізуді жүйелеу;

4. «Адай Ата – Отпан тау» – тарихи танымдық, ұлттық этно-мəдени орталықта салынған сəулеттік құрылымдардың аясында жастар мен жасөспірімдерді ұлттық мүддеге жұмылдыру. Туристік саяхаттың  деңгейін өркениеттік  дәрежеге келтіріп,   ұлттық болмысымызға, оның танымдық келбетіне кіршіксіз қызмет жасауға баулып, бағыттау!  «Амал» – алаштың тойы, ұлттық идеологияның нақ өзі!

 

 

Сабыр АДАЙ,  

ҚР еңбек сіңірген қайраткері

 («Қарапайым қағидалар» атты танымдық еңбегімнің негізінде жазылды. – Автор)

 Ақтау қаласы

 

 

 

21.02.2024

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 1046
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7093
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 10946
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7159
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7304