«Әділет» қожалығы – ауылшаруашылығын әртараптандырудың жарқын үлгісі

«Әділет» қожалығы – ауылшаруашылығын әртараптандырудың жарқын үлгісі

Бүгінгі күннің басты талабы – ауылшаруашылығын әртараптандыру. Осы үрдістен шығып, бүгінде шаруашылықтың бірнеше саласын қатар дамытып отырған қожалықтардың бірі – «Әділет» шаруа қожалығы. Ол 1991 жылы құрылған. Бүгінде қожалыққа Бесбай Қансейітұлы жетекшілік жасап келеді.

Бесбай аға еңбекке ерте араласқанын еске алады. Әкесі Қансейіт Қызтоған ауылында дүкенші, кейіннен колхозда есепші болып жүргенде көзіне темір жаңқасы түсіп, жанарынан айырылыпты. Анасы Күлпатша үй шаруасындағы адам болған. Үйдің үлкені болғандықтан, Бесбай жастайынан жұмыс істеп, ата-анасына сүйеу болыпты. Әкесінің ақылымен көктемде 10-15 бас бұзау алып, күзде сатып, үйдің кірісін толықтырып отырған. 

«Бұл ісімізде бауырларымның да үлесі бар еді. Бәрі әкеміздің басшылығымен жүзеге асатын. Кейін осы тәжірибе менің өз кәсібімді бастамағыма себепші болды», – дейді ол.

Адамды еңбек шыңдайтыны белгілі. Мектепті тамамдаған соң ол Түркістан индустриалдық педагогикалық техникумын бітіріп, туған ауылындағы «ХХІІ партсъезд» колхозында механик болып жұмысқа кірісті. Әскерден кейін техника тізгінінде жүріп, тер төкті. 1978 жылы астық жинауда рекорд жасап, оның бригадасы аудан бойынша бірінші орынды иеленді. Жеңімпазға сыйлық ретінде «Жигули – 2102» автокөлігі табысталды.

– Еңбегіңнің жанғаны деген осы. Қатты қуандым. Сол кезде небәрі 24 жаста едім. Кейін де осындай жүлдеге екі рет ие болдым. Бірақ ол жүлделерді әріптестеріме бердім. Сондай-ақ бесжылдықтың жеңімпазы атанып, Германия Демократиялық Республикасына бір айға демалысқа барып қайттым. Ол жерде шаруашылықтарды аралап, тәжірибе жинадым. Бұл менің болашақтағы бағытымды айқындап бергендей болды, – дейді Бесбай Қансейітұлы.

Осы еңбектің арқасында ол «Еңбек даңқы» орденін де иеленді. Қызмет баспалдағымен өсіп, кеңшардың комсомол хатшысы, кейін бас инженер атанды. Бірақ қайта құру кезеңінде елде қиындықтар басталды. «Коммерсант» деген түсінік пайда болып, шаруашылықтар күйзеліске ұшырады. Сол тұста Бесбай Қансейітұлы әкесінен үйренген кәсіпке қайта оралып, өз шаруа қожалығын құрды. Мал өсіріп, егін екті, шетелден техника әкеліп сатты. 

«Әкемнің бізге 10 бұзау бақтырған тәсілі сол кезде қатты көмектесті», – дейді ол.

Тәжірибелі кәсіпкер ретінде оны аудан басшылығы қарызы көбейіп, жағдайы нашарлаған «Қошқарата» өндірістік кооперативіне басшы етіп қойды. 

«Мен келгенде қоймада небәрі 40 тонна өнім қалған еді. Алдымен қолда бар ірі қараны бордақылап, қарызды жаптым. Сосын тұқым шаруашылығымен келісіп, гектарына 40 центнер өнім алдым. Осылайша шаруашылықты аяғынан тұрғыздық», – дейді ол. 

Алты жыл бойы кооперативті басқарып, оны еңселендірген соң аудандық аумақтық басқармаға жетекшілік етті. Кейін аудан әкімінің орынбасары қызметін атқарып, ауылшаруашылығы саласына өз үлесін қосты. Зейнеткерлікке шыққан соң да қарап қалмай, ұлы Әділетпен бірге қожалықтың дамуына атсалысты.

2000 жылдары қожалық жұмысын әртараптандыру басталды. Мәскеуден келген кәсіпкерлер ауданға 200 гектар бақ отырғызбақ болғанымен, уәдесін орындамай кеткен. Жоба жоспарда қалған соң, Бесбай аға бұл істі өз қолына алады. Әуелі 20 гектарға алма көшетін отырғызып, кейін 50 гектарға жеткізді. Алғашқы жылдары ағаштар қурап, шығын да көп болды. Бірақ тәжірибелі өзбек бағбандардың көмегімен бақты сақтап қалды. Төрт жылдан соң алғашқы өнім жиналды.

Алайда өнімді өткеру оңайға соқпады. Қытай, Иран, Польша алмасымен бәсекелесу қиын еді. Делдалдар төмен баға ұсынды. Қожалық амалын тауып, алмадан қақ жасап, жаңа технологияларды қолдана бастады. Қазір алма Астана қаласына жөнелтіліп, жәрмеңкелерде сатылуда. Сонымен қатар қожалық көшет өсіруді қолға алған. Алма, өрік, шие, алқоры мен сәндік ағаштарды будандастырып, жылына мың түптен сатылымға шығарады. Өткен жылы мектептерге, мешіттерге, саябақтарға мыңдаған түп көшет тегін таратты.

Алма бағының арқасында қожалық бал шаруашылығын да дамытты. 2017 жылдан бастап қолға алынған бұл кәсіп бүгінде тұрақты бағытқа айналған. 30 ұялы омартадан алынған бал тұтынушыларға өткізіліп отыр. Бұдан бөлек, қожалық қымыз өндіруді қолға алды. Жазғы жайлауда 15 биеден саумал алынып, тапсырыс берушілер өздері келіп әкетеді.

Қожалық жетекшісі немересі атынан «Данияр» шаруа қожалығын құрып, асылтұқымды қой өсіруді де дамыта бастады. «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» арқылы несие рәсімделіп, қой саны артуда. Осылайша «Әділет» қожалығы бүгінде ауылшаруашылығын әртараптандырудың нақты үлгісіне айналды. Алмадан бастап балға, қымыздан көшетке дейін сан түрлі өнім ұсынып отырған қожалық еңбектің қадіріне жетіп, ауылдың әлеуетін арттырып отырған айтулы ұжым.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ,

Жамбыл облысы

 

23.08.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 16660
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 16512
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 31706
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 30311
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 33918