Тоқтаған USAID және Тоқаев дипломатиясы

Тоқтаған USAID және Тоқаев дипломатиясы

2025 жыл әлемдік саяси кеңістікте айтарлықтай жаңалықтармен басталды. АҚШ билігіне қайта оралған Доналд Трамп Американың экономикалық мүдделерін алға шығару мақсатында саси және экономикалық салаға қатысы бар көптеген жарлықтарға қол қоя бастады. Солардың ішінде 60 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан АҚШ Халқаралық даму агенттігінің (USAID) қызметін тоқтату туралы жарлығы елеулі оқиғалардың бірі ретінде тарихқа енді. Бұл үрдістен Қазақстан да шет қалған жоқ. Елімізде 32 жылдан бері жұмыс істеп келген USAID бұдан былай түрлі бағдарламалар мен мақсаттарға қаржы бөлуін тоқтатты. Бұл жаңалықтың қазақ қоғамына болатын әсері туралы біраз талқылаулар болған еді. Ал Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылы 24 сәуірде ашылған Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясындағы баяндамасында айтылған кейбір сөздер тағы да шетелдік ықпал мен арандату мәселелерін қайтадан ортаға шығарған еді.

 

Тоқаев не деді?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел ішіндегі тұрақтылыққа әсер еткісі келетін сыртқы қауіптер туралы ойларын жасырған жоқ. Президент өз сөзінде: «Әрине, елімізде азаматтар бір-бірін немесе мінберде сөйлеп тұрған адамды «мына тілде сөйле» деп мәжбүрлемеуге тиіс. Тіл мәселесін ту етіп қоғамда алауыздық туғызғысы келетін, ел ішіндегі жағдайды шиеленістіруге ұмтылатын әрбір әрекетке тосқауыл қойылып, заң жүзінде жазаланады. Бұл ретте үй ішіндегі ғана емес, шетелде отырып әлдебір ұйымдардың ақшасы мен тапсырмасына деструктивті әрекетпен айналысатын арандатушылар туралы да айтып отырмыз», -деді.  Мемлекет басшысы соынмен қоса: «Өздерін сөз еркіндігінің жақтаушысы ретінде көрсеткісі келетін кейбір құқық қорғау ұйымдарының өкілдері, блогерлер мен журналистер еліміздегі әр істен саяси, жағымсыз астар іздеп, шын мәнінде, арандатумен айналысып жүргенін айтпасқа болмайды. Бұл Қазақстаннан көшіп кетіп, шетелде жүріп халқымызға шабуыл жасайтын, тіпті, мемлекеттік органдарды бопсалайтын бұрынғы азаматтарымыздың әрекеті. Олар шет мемлекеттер берген ақшаны ақтауға жұмыс істеп жүр. Бүгінде мұны бәрі біледі. Демократияны біреудің қаржысымен орнатуға болмайды. Еліміздің әл-ауқаты, соның ішінде демократия мен сөз бостандығы үшін шетелде ешкімнің басы ауырып, балтыры сыздамайды. Оны нақты түсінген жөн.

Жақында шетелдік үкіметтік емес ұйымдардың әрекеттері әшкереленді. Сонда олардың арам ниеті, ашкөздігі мен Қазақстанға жаны ашымайтыны анық көрінді. Сондай-ақ кейбір танымал грант алушы отандастарымыздың көлеңкелі әрекеттері де белгілі болды. Қазақстанда проблема жоқ демейміз. Әрине, басқа елдердегідей бізде де түйткілдер бар. Бірақ біз оны әлдекімдердің үйретуімен немесе әдістемесімен емес, өзіміздің ұлттық мүддеміз бен заңнама аясында шешеміз»,- деді нықтап тұрып.

Президент көрші елдермен болатын қарым-қатынас туралы да айта кетті. «Ресей – Қазақстанның бұрыннан келе жатқан негізгі стратегиялық серіктесі әрі сенімді одақтасы. Қытай елімен ықпалдастық тамыры да тереңде жатыр. Қытай халқы қазақ халқына ешқашан зиян келтірген жоқ, болашақта да зиян келтірмейді»- деді ол.

Кезекті сессиядағы Президент баяндамасының кейбір тұстары қоғамда қызу талқыланып жатыр. Әлеуметтік желі қолданушылар- Тоқаев меңзеген адамдардың Мұхтар Әбілиязов пен АҚШ-та тұрып ел билігін қатты сынап, Қытай-Қазақстан, Ресей-Қазақстан қарым қатынастарына қарата ашты сындар айтып жүрген Серікжан Біләшұлы екендігін тұспалдады. Сондай-ақ Мемлекет басшысының Ресей мен Қытай туралы жылы лебізін дипломатиялық шеберлікке балады.

Қытай да Қазақстан билігі де Серікжан Біләшұлын арандатушы санайды

Мұхтар Әбіләзов – Францияда жүрген, тіркелмеген «Қазақстанның Демократиялық Таңдауы» қозғалысының жетекшісі. Ол әлеуметтік желі арқылы елдегі азаматтарды түрлі наразылықтарға үндеп, билікке қарсы мәлімдемелер жасап келеді.

Серікжан Біләшұлы – бастапқыда Қытайдағы этникалық қазақтардың құқықтарын қорғаумен танылған, кейін АҚШ-қа қоныс аударып, Қазақстандағы ішкі саяси процестерді тікелей сынай бастаған белсенді. Оның мәлімдемелері көбіне радикалды сипатта, мемлекетке қарсы бағытталған риторикамен ерекшеленеді.

Міне, осыған байланысты Қазақ және қытай билігі Серікжан Біләшұлын жіті бақылап отыр. Тіптен, Қытай тарабы Серікжан Біләшұлын АҚШ қолдап, қаржыландырып отыр деп ашық айтып жатыр.

Қытаймен қарым-қатынас жалғаса бермек

Қазақстанның Қытаймен болған достық әрі теңқұқылы қарым-қатынасы тәуелсіз мемлекетіміздің көпвекторлы саясатының бір тармағы саналады. Екі ел арасындағы ынтымақтастық – сауда, инвестиция, инфрақұрылым және білім беру салаларындағы ынтымақтастығы- тұтас Орталық Азия аймағында алдыңғы орында тұрады. 2023 жылдан бастап Қытаймен Қазақстан арасында визасыз режим орнағалы екіжақты қатынастар жаңа деңгейге көтерілді. Алайда бұл шешімді кей саясаткерлер ашық сынап, халықты көшеге шығуға, билікке қарсы тұруға шақырғаны бар. Жеке тұлғалардың мұндай көзқарастары екі елдің де билік жүйесіне жақпайтыны белгілі.

Қытай – Қазақстан үшін алып нарық қана емес, стратегиялық серіктес. Сондықтан мұндай риторикалар тек ақпараттық шабуыл ретінде ғана емес, дипломатиялық қарым-қатынастарды бүлдіруге бағытталған арандату әрекеттері ретінде де қарастырылады. Ал, Қытай үшін Қазақстан жай көрші ғана емес, құрлық жолындағы батысқа шығар үлкен қақпасы әрі «Бір белдеу, бір жол стратегиясының» өзегі болып табылады. Сондықтан екі ел де байланысты онан ары дамытуға мүдделі.

USAID-тың жабылуы сыртқы ықпалды әлсірете ме?

АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио 2025 жылғы 10 наурызда USAID-тің 82% жобасы жойылғанын, қалған 18%-ы Мемлекеттік департаментке берілгенін жариялады. Бұл шешім Трамп әкімшілігінің сыртқы көмекті қысқарту саясатына сәйкес қабылданды. USAID Қазақстанда 1992 жылдан бері жұмыс істеп келген. Денсаулық сақтау, демократиялық институттар, БАҚ және ҮЕҰ-ларды қолдау бағытында қазірге дейін бірнеше миллиярд доллар қаражат бөлген. Оның ішінде «адам құқықтары мен теңдігін», соның ішінде ЛГБТ мәселелерін алға тартқан жобаларға демеушілік көрсеткен.

Бұл жобаға қарсы шыққан қоғам белсенділері мен саясаткерлер де болған еді. Биыл ақпан айында Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдап, шетелдік агенттер туралы заң қабылдауды сұрағаны есімізде. Ол бұдан бұрын да USAID қызметіне қатысты депутаттық сауал жолдаған еді. Смирнова өз сөзінде: «Үкіметтің ресми деректеріне сүйенсек, елімізде 165 түрлі донор грант бөлумен айналысады. Соның ішінде 53-і – халықаралық ұйымдар, 31-і – шетелдік мемлекеттік құрылымдар, 81-і – шетелдік және қазақстандық ҮЕҰ. Бұған қоса, елімізде тіркелмеген басқа да шетелдік құрылымдар отандық ҮЕҰ-ларға қаржылай, материалдық-техникалық көмек көрсетеді», -деді. Кейбіреулер бұл ұсынысты Ресей моделін көшіру деп сынады. Алайда Қазақстан қоғамында шетелдік ықпалдың нақты салдарын көрсететін мысалдар айқын біліне бастаған еді. Ал сырттан келетін қаржылық қолдаулар азайған жағдайда біраз ҮЕҰ-лар қызметін тоқтатуы әбден мүмкін.

Енді, АҚШ USAID арқылы қолдау және қаржыландыру ісін мемлекеттік департамент арқылы жүзеге асыратын болды. Оның ішінде, демократияны ілгерлету және адам құқықтарын қорғау мәселелеріне бағытталған гранттар тоқтатылатын болды. Есесіне, экономикалық мәселелерге назар аударуы әбден мүмкін. Бұл Дональд Трамптың ұстанымына сәйкес келеді.

Гранттар және USAID-тан қаржыландырылған ұйымдар

Қазір ресми ақпарат көздерінде 2024 жылы USAID-тан қаржыландырылған ұйымдар қатарында «FemAgora», «Answer», «Ты не один», «ЗУБР», «Тауан», «КАМЕДА», «Халықаралық құқықтық бастама» және басқа да қоғамдық қорлардың болғандығы айтылып жатыр. Кейбір дереккөздер бұл ұйымдардың әлеуметтік және құқық қорғау бағытында жұмыс істегенімен, саяси риториканы күшейткенін айтады.

Мысалы әлеуметтік желі беттерінде, дәстүрлі қоғамның наразылығын тудырып келген «Феминита» қозғалысы жетекшілерінің аты аталып, олардың шетелдік қорлардан 160 млн теңге алғаны туралы ақпарат тарап жатыр. Сонымен қатар, «Нағыз Атажұрт» ұйымының өкілдерімен АҚШ консулының кездесуі, Шыңжаңдағы жағдайды БҰҰ-да көтеру әрекеттері де USAID жобаларымен байланысты деген пікірлер де айтылаған.

USAID-тың ресми сайтындағы мәліметте «Консулдығы Алматы қаласында орналасқан және бүкіл Орталық Азия аймағындағы даму жобаларының бастамашысы болып отырған АҚШ Халқаралық даму агенттігі (USAID) әлемнің 100-ден астам елінде американ халқының атынан халықаралық даму мақсаттарында көмек көрсетеді. USAID Қазақстанға көмек көрсетуді 1992 жылы бастады. Сол кезден бері американ халқы USAID арқылы елдегі экономикалық секторды, денсаулық сақтау жүйесін және демократиялық институттарды дамытуға көмектесетін бағдарламаларға жарты миллиард доллардан астам қаржы бөлді»,- деп жазылған.

Негізі Трамптың USAID-ты жабу туралы бұйрығы жарияланғаннан кейін біздің елдің ақпарат кеңістігінде бірнеше түрлі хабарлар таралды. «Orda.kz» сайтында 2025 жылы 14 наурызда «USAID Қазақстандағы қаржыландыруды қысқартады: Қаржыландыруды тоқтатқан гранттар тізімі жарияланды» атты материял жарық көрді. Онда: «Құжатқа сәйкес, 5 наурыздан бастап Орталық Азияда, оның ішінде Қазақстан мен Қырғызстанда да келісім-шарттар жойылды. Ақпаратта Қазақстандағы жобаларды жүзеге асыруға байланысты екі келісімшарттың бағасы  2,350 миллион және 3,350 миллион доллар болған.

Бірінші қаражат  «Қазақстандағы азаматтық қатысуды нығайту» тақырыбындағы жобаны қаржыландыруға қатысты. Екінші қаржыландыру «Адам құқықтары мен теңдігін нығайту» мақсатын жүзеге асыруға арналған, ол «Қазақстан мен Қырғызстандағы ЛГБТ ұйымдарының ЛГБТ өкілдерінің және барлық адамдардың адам құқықтарын толық тану және құрметтеу үшін тұрақты және қауіпсіз қорғау үшін әлеуетін нығайту»- деп жазылған екен.

Қазақстан қоғамында қарсы пікір туғызған ЛГБТ мәселесіне қоғам белсендісі Бағила Балтабаева бастаған біраз азаматтар барынша қарсылық танытып келген болатын. Алайда құқық қорғау орындары мен ресми билік бұған қарата ашық көзқарас таныта қоймағаны белгілі. Биыл Доналд Трамп билікке келіп, өзінің «әлемде еркек және әйел дейтін екі жыныс қана бар» деген сөзінен соң Қазақстанда ЛГБТ мәселесі енді қанат жая қоюы екіталай деген пікірлер көтерілген еді.

«USAID өз қызметін ел үкіметімен екіжақты келісім негізінде атқарып жатыр және үкіметтік және үкіметтік емес ұйымдармен, мекемелермен, кәсіпорындармен және қауымдастықтармен бірлесіп жұмыс істейді», -деп жазыпты аталмыш агенттіктің сайтындағы ашық дереккөзде. Демек, бұған дейін олардың ЛГБТ ұйымдарын, сонымен қатар өзге де Үкіметтік емес ұйымдар қызметіне қаржылай көмек көрсту мәселесі ресми биліктің назарында болды деген сөз.

Бір деректерде «Қазақстанда 23335 үкіметтік емес ұйымдар тіркелген. Оның ішінде 18204-і белсенді жұмыс істейді»- деп көрсетілген. ҮЕҰ қызметін қолдау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін де естен шығармаған жөн. Алайда шетелдік гранттарға сүйене отырып жұмыс істеп жатқан ҮЕҰ-лардың қызметіне ендігі жерде бақылау басталатын сыңайлы.

АҚШ Қазақстан мен Қытай қатынасының күшейгенін қаламайды

Мұндағы басты себеп АҚШ пен Қытай әлемдегі ең үлкен екі экономика ғана емес ең үлкен бәсекелестер. Қазақстандағы миллиондаған куб газ бен мұнай өнімдерінің Қытай экономикасының дамуына, оның энергетикалық тәуелділігіне белгілі деңгейде ықпал етіп жатқаны АҚШ-қа ұнамайтыны анық. Оның үстіне, Қытайдан шыққан таурлар Қазақстан арқылы Еуропаға, Орта Азия мен Ресейге кетіп жтыр. Ал визасыз режи жолға қойылғаннан кейін Қытайдан келетін туристер мен инвесторлардың Қазақстанның дамуына белгілі деңгейде ықпал ететіні анық.

Келесі бір тұрғыдан алғанда Қытай үшін Қазақстанның стратегиялық маңызы зор. Қытай өз бәсекелестерінің Қазақстан арқылы өзіне ықпал жасағанын қаламайды. Қытай төрағасы Си Циньпин бір сөзінде: «Біз кезкелген жағдайда қазақстанды қолдаймыз және қорғаймыз»- дегені бар. Сонымен қатар, Шыңжаңдағы ұйғыр сепаратистерінің күш алуына мүмкіндік беретін арналарға тосқауыл қою үшін де Қазақстанмен болған татулықтың маңызы зор болмақ. Ал Қытайдағы миллиондаған қазақ Қазақстанмен тығыз байланыста болады және екі ел арасындағы достық көпірі болатыны даусыз.

Сол себепті Қазақстан мен Қытай екі елі достық және әріптестік байланысты онан ары күшейте береді. Екі елдің татулығына сызат түсіргісі келетін қимылдар мен түрлі ұйымдардың жоспарлы әрекеттеріне қарсы бірлесе күреседі.

PS: Президент Қ. Тоқаев шетелдік арандатушыларға заң аясында тосқауыл қойылатынын, мемлекет тек өз ішіндегі заң мен ұлттық мүддеге сүйеніп шешім қабылдайтынын атап өтті:

«Күріш пен күрмекті, конструктивті сын мен дәлелсіз мін тағуды, көңілге тимейтін пародия мен жиіркенішті қорлауды айыра білу маңызды»,- деді ол.

USAID қызметінің тоқтауы бір жағынан сыртқы ықпалдың азаюына әсер етсе, екінші жағынан Қазақстан қоғамындағы Үкіметтік емес ұйымдардың өз бетінше дамуына, мемлекеттік қолдауға бейімделуіне жаңа бағыт әкелуі мүмкін.

Қазақстан – демократиялық даму жолында, ұлттық мүддесін алдыңғы қатарға қоятын егемен ел. Сондықтан әрбір азамат ақпараттық соғыстың құрбанына айналмай, ел болашағы үшін қабылданатын салмақты шешімдер де барынша сабырлы әрі сергек болуы тиіс.

Жадыра Әбіш

 

21.08.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 16660
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 16512
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 31706
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 30311
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 33918