Негізінде адам қоғамы қалай қалыптасты, оның себеп-салдары қандай, әрине, бұл жайлы бір қорытылған нақты түсінік пен қағида жоқ. Дегенмен де осы ұғымды алғаш рет ғылымға енгізген – Адам Смит, Давид Рикардо мен оның саяси сипаттамасын беруші Гегель. Саналы адамдардың ерікті түрде бірігіп, өмір кешуі қоғам болып есептеледі. Яғни бұл дүниежүзілік ғылыми, саяси қайраткерлердің, ойшылдардың пайымдауы мен пікірлері. Адамдардың бір мүдделігі, бір тілектестігі бірігудің негізгі себебіне жатады. Қоғамда екі түрлі мүдде болады екен: жеке адамның мүддесі жəне қоғамның мүддесі. Олар мақсатты біріктіріп, дамытып отырады. Адамдардың өзара ынтымақтастығы осы объективтік даму процесінде қалыптасып, дамиды. Міне, осылар арқылы да жеке адамның қолынан келмейтін, əлі жетпейтін істерді бірігіп істеуіне мүмкіндік болады.
Қоғамның тарихи объективтік қалыптасқан негізгі белгілері:
- саналы адамдардың ерікті түрде ынтымақтасып одақ құруы;
- қоғамдық түпкілікті, нақты, объективтік мүдде-мақсаттың қалыптасуы;
- адамдардың өзара ынтымақтастығының, бірлігінің нығаюы;
- қоғамдық мүдде-мақсат, тілек арқылы қарым-қатынастарды реттеп-басқару, қоғамды басқаратын, қоғамдық тəртіпті қорғайтын мемлекеттік аппараттың қызмет етуі.
Президентіміздің халқына Жолдауындағы тапсырмасына сəйкес Қазақстан Республикасында үкіметтік емес ұйымдарға қолдау жасаудың мемлекеттік тұжырымдамасы жасалды. Қазақстандағы азаматтық қоғамның қалыптасуы қоғам өмірін демократияландыру мен құқықтық мемлекет қалыптасуына негіз болып табылады. Қазір азаматтық қоғамды мемлекеттік саясат деңгейіне дейін көтеретін де уақыт жетті. Яғни үкіметтік емес ұйымдарға қолдау көрсетудің мемлекеттік тұжырымдамасы жасалып қана қоймай, Президент жанындағы демократия жəне азаматтық қоғам мəселелері жөніндегі ұлттық комиссияның өкілеттілігін ұлғайтқан жөн. Осы жағдай азаматтық қоғамды қалыптастыру мен оның институттарын шынайы дамыту мемлекеттік саясаттың бір тармағына айналуы керек.
Қазақстанның саяси жүйесінің демократизациялануы үшін азаматтық қоғамның өркениетті нарықтық экономика мен құқықтық мемлекетті құруда маңызы зор. Елімізде азаматтық қоғамның құрылуы үшін керекті институттық негіз қалыптасқан. Біраз ерікті қоғамдастықтар жəне ІІІ-ші сектор ұйымдары осы құқықтық негізде жұмыстар істеуде. Дегенмен азаматтық қоғамның жақсы жұмыс атқаруына алдын ала институциялық жағдайлар жасау жетпейді. Азаматтық қоғамның елімізде жетілмеу себептері мəдени-əлеуметтік жағдайлардың толық дамуына кедергі келтіреді. Яғни азаматтық қоғамның дамуы үшін əлеуметтік эволюция қажет екен. Азаматтық қоғамның мəдени-əлеуметтік дамуы бекерге күтпей, әрекет жасау керек. Қоғамның жəне оның институттарының белсенді күш салуының арқасында мəдени- əлеуметтік даму уақытқа ғана тәуелді болмай, алға басып өркендей бермек.
Азаматтардың халықаралық дəрежедегі ережелерге сай құқықтары мен бостандықтары сақталса, азаматтық қоғамда заң әрқашанда әділ болып, үстемдік құрады. Азаматтық қоғам негізінде материалдық, қоғамдық, саяси жəне мəдени тұрғыда жоғары дəрежеде дамыған кезде құқықтық мемлекет болып есептеледі екен. Құқықтық мемлекет дегенді қалай түсінуге болады? Ол конституциялық басқару тəртібі бар, шын мəнісіндегі билік бөлінісі мен олардың тиімді қарым-қатынасы мен өзара бақылауы жүзеге асырылған, саясат пен билік құрылымына əлеуметтік бақылау орнатылған, дамыған құқықтық жүйе мен тиімді сот билігі қалыптасқан мемлекеттік құрылым деген мағынада екен.
Демократиялық жолмен қабылданған заң алдында барлық қоғам мүшелерінің тең саналып, заңның халықтың еркін білдіруі жəне жеке адамның құқықтары мен бостандықтарының қамтамасыз етілуі құқықтық мемлекеттің бар екендігін білдіреді. Осы бағытта істеліп жатқан шаруалар көп. Қазақстандықтар енді заңдық кеңістікте өмір сүру дағдысына да қалыптасып қалды. Алайда елімізде құқықтық мемлекеттің қалыптасуында айтарлықтай қайшылықтар кездеседі.
Мынадай төрт қайшылықтар бар:
- бірінші қайшылық – басқарушы элита өкілдері мен қатардағы азаматтардың заңды бұзып және орындамайтын жағдайлары жиі кездеседі. Осының нəтижесінде заңдар орындалмай жатады.
- екінші қайшылық – елімізде құқықтық қоғамның батыстық стандартына еліктеп, ұмтылушылық басым. Қазақстан қоғамының тарихи тəжірибесі мен саяси дүниетанымының түп-тамырлары ескерілмей қалады.
- үшінші қайшылық – қазақ елі саяси-құқықтық мəдениетінің ұлттық дəстүрлерінен, сондай-ақ қазақ этносының танымдық кеңістігінен қол үзіп қалуы.
- төртінші қайшылық – қазақстандықтардың құқықтық мəдениетінің төмендігі. Ел халқының коммунистік жасанды идеологияның ықпалында болып, өтірік пен алдаудың билік құруы азаматтардың заңды құрметтеуін, заңды үнемі басшылыққа алып, орындап отыруға құлшынысын əлсіретіп жіберді.
Азаматтық қоғам құру үшін және құқықтық мемлекетке айналуымыз үшін осы аталған қайшылықтар ескеріліп, жойылмаса, біз ешқашан алға баса алмаймыз. Азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекетте ең бірінші орында азамат тұруы керек. Сонымен қатар оның құқықтары мен бостандықтары, заңдық тұрғыда қорғалынуы құқықтық демократиялық мемлекетте ең жоғарғы заңдық күші бар Конституция зор маңызға ие болып, күшіне ене алады. Қазақстан Республикасы 1995 жылы Конституциясы демократиялық қоғам құру мен əрбір жеке адамның автономиясының заң жүзіндегі кепілдіктерін қамтамасыз етуге қажетті құқықтық жағдайлардың негізін қалады. Конституцияда бекітілген азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекетті дамытудың ұстанымдары мен олардың қатарында азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының конституциялық негізде бекітілуі, билік тармақтарының бөлінуі, тəуелсіз конституциялық бақылаудың, заңның үстем болуы, идеологиялық жəне саяси əр алуандылықтың өрістелуі жəне т.б. бар.
Бүгінде қоғамымыз екі жүйеде дамып жатыр. Бір жағынан, ұлтаралық татулық, келісім, халықтың билікке деген сенімі түрлі саяси күштердің барлығының көрінісі болса, ал екінші жағынан – қоғамның барлық саласын қамтыған жемқорлық, қатаң орталықтанған билік, Үкіметке деген сенімсіздік жəне қоғамдағы қалыптасқан жүйеге деген қанағаттанбаушылық кездеседі. Бұған қарап біз азаматтық қоғам әлі де елімізде қалыптасу кезеңінде екендігін аңғарамыз. Бізде шынайы саяси билікке бəсекелес болатын, саяси күштердің теңдігін қамтамасыз ететін, Үкімет қызметіне бақылау жасай алатын күш жетпей отыр. Бұған бұрынғы тоталитарлық тəртіп пен номенклатуралық жүйеге үйренген қоғамдық сана кедергі болып жатыр деп пайымдаймыз. Осындай жағдайлардан соң Қазақстан да өзіне қажетті құндылықтарды енді ғана игеріп, азаматтық қоғам бағытына енді ғана аяқ басып, дамып келе жатқанын байқауға болады.
Шаргүл ҚАСЫМХАНҚЫЗЫ