Осыдан 4-5 жыл бұрын жаз мезгілі, таң ата ватсаптағы құрдастар чаты абыр-дабыр болып кетті. Сөйтсек, бір досымыздың дәм-тұзы таусылып, қайтыс болғаны туралы хабар алдық. Кейін білсек, ажалына себеп болған «синтетикалық» есірткі екен.
Соңғы жылдары қоғамға тырнағын батырған үлкен індет – синтетикалық есірткі. Оның қауіптілігі сол – санаулы секундтар ішінде адам санасын улап, жүйкесін істен шығарады.
Мамандардың айтуынша, мұндай заттардың әсері кәдімгі марихуана мен анашадан 10-15 есе күштірек. Ең ауыр соққыны жастар көруде. Жаны жаңалыққа, әсерге құмар жасөспірімдер бұл удың алғашқы құрбандарына айналып жатыр. Ең сорақысы синтетикалық есірткі саудасы қазір жасырын пәтерлерде емес, интернет кеңістігінде жүріп жатыр. Бетпе-бет кездесудің қажеті жоқ: сатып алушы мессенджер арқылы «тапсырыс» беріп, төлемін онлайн жасайды, ал саудагер тауарды қай жерден алып кету керектігін хабарлайды. Барлығы көзге көрінбейтін қашықтықта жүзеге асады.
Бұл іске шатылған жастардың тағдыры белгілі. Сатушы да, арадағы делдал тасымалдаушы да, тұтынушы да ақыры не абақтыға, не қабірге барады. Кімде-кім бұл торға түссе, ғұмыры қысқаратыны анық.
Бұл мәселе Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ерекше назарында. Ол Ұлттық құрылтайда да, Жолдауларында да нашақорлыққа қарсы шараны басты тақырыптардың біріне айналдырып келеді. Жуырда Президенттің төрағалығымен өткен Қауіпсіздік Кеңесінің арнайы отырысында ел басшысы нашақорлықтың алдын алу шараларын күшейтуді, әсіресе, білім беру мен ақпарат саласында кеңінен жұмыс жүргізуді және трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимылды, сондай-ақ есірткі сататын орындар мен зертханалардың иелерін әшкерелеу жұмыстарын күшейту қажеттігін айтты. Синтетикалық есірткі – жай ғана заңсыз зат емес, ол – болашаққа қасақана жасалған шабуыл. Ол бір жастың ғұмырын ғана қырқып қоймайды, бүтін бір ұрпақтың тағдырын улайды. Мемлекет қазір бұл кеселге қарсы барлық тетікті қосып, арнайы заңдарды қабылдады. Ендігі мәселе жастардың өз қолында, олар да бұл дертке қарсы тұра білу қажет.
Ләззат АХАТОВА,
Ақмола облыстық адвокаттар алқасының мүшесі