– Бақыт Серікбайұлы, қазіргі уақытта азаматтық қоғам мен оны дамыту туралы ұғым жиі айтылып жүр. Сіз өзіңіз басқарып отырған «Тәуелсіздік – 1986 – Желтоқсан» атты қоғамдық бірлестігінің төрағасы ретінде айналаңызда болып жатқан жағдайларға үнемі алаңдаушылық білдіріп отыратыныңыз анық. Жалпы азаматтық қоғам мен дамыту жөнінде не айтар едіңіз?
– Иә, армысыздар! Сұрағыңыз өте орынды. Өзімнің пайымдауыммен жауап беруге тырысайын. Бәріміз де осы еліміздің, қоғамымыздың азаматымыз ғой. Азаматтық қоғам деген ұғымды жеке тұлғаның негiзгi құқықтары мен еркiндiктерi заң жүзiнде қамтамасыз етiлетiн және саяси қорғалатын, мемлекеттен тыс қатынастар саласы үйлесiмдi дaмығaн қoғaм деп түсінеміз. Оны iшкi мемлекеттiк қaтынacтapдың өркендеуіне ықпал жасайтын адамдардың топтарының ұйымдасқан әpeкeтi деп те aнықтayғa болады. Азаматтық қоғам – мемлекет ішінде адам құқықтары мен бостандықтары қорғалған қоғам. Мемлекет азаматтардың саяси белсенділік танытуына қажетті жағдайлар жасап, қолдап отыруы керек. Міне, осыған байланысты Президентіміз халыққа Жолдау жасап, тапсырма берді. Онда Қазақстан Республикасында үкіметтік емес ұйымдарға қолдау жасаудың мемлекеттік тұжырымдамасы жасалған. Қоғам өмірін демократияландыру мен құқықтық мемлекет қалыптасуының алғышарты Қазақстандағы азаматтық қоғамның қалыптасуына ықпалын тигізеді. Жоғары жақ азаматтық қоғамды мемлекеттік саясат деңгейіне дейін көтеру керек.
– Елімізде азаматтық қоғамның даму барысына көңіліңіз тола ма?
– Көңіл көншітерлік деп айта алмаймын. Азаматтық қоғам мемлекет ішіндегі әртүрлі мәселелерге (әлеуметтік-тұрмыстық, саяси-экономикалық, экологиялық және қабылданып жатқан заң жобаларының дұрыстығына т.б.) араласып отыру қажет. Менің ойымша, мемлекет азаматтық қоғаммен бірігіп, оларға қолдау көрсетіп жұмыс жасаса, біраз жағынан ұтар еді. Елімізде қазіргі жағдайда билік пен халық арасындағы сенімді нығайтуға барлық күш салыну керек. Болып жатқан оқиғаларға біржақты баға беру шешімін таппайтын қиындық тудырады деп ойлаймын. Қазіргі уақытта елімізде 23 мыңдай үкіметтік емес ұйымдар тіркелген екен. Оның бәрі еліміздің дамуына бар үлесін қосады деп айту қиын.
Президентіміз Қ.К.Тоқаев қаншама Жолдау жасап жатыр, бірақ сол айтылған сөз қағаз жүзінде қалып қойып, әлі арыла алмай келеміз. Қазіргі уақытта қандай да бастаманы бастап шын кірісуге халықтың ынта-құлқы жоқ. Мен өзім «Тәуелсіздік – 1986 – Желтоқсан» қоғамдық бірлестігінің төрағасы ретінде байқағаным, билік азаматтық қоғам мүшелерімен қоян-қолтық жұмыс жасайды деп айта алмаймын. Тәуелсіздік алуға мұрындық болған Желтоқсан көтерілісінің ардагерлерінің мұң-мұқтажын, талап-тілектерін жоғары жаққа әлі жеткізе алмай келеміз. Ешқандай жеңілдіктері жоқ, ақталмаған желтоқсандықтардың қатары да шетінен селдіреп барады. Көбінің денсаулықтары жоқ, тұрмыс жағдайлары нашар. Ең болмаса емхана, шипажайларға тегін немесе жеңілдікпен емделу шаралары қарастырылмаған.
Соңғы уақытта халықтың құқықтық білімі мен жалпы көзқарасы өзгерді. Әлеуметтік желілер мен сайттар арқылы басқа дамыған және дамушы елдерде болып жатқан өзгерістерді көріп, өздерін толғандырып жүрген ұсыныс талаптарын қоюда. Алайда, өкінішке орай, көбіне солар аяқсыз қалады немесе сол азаматтық қоғам мүшелері билікке сын айтты деп қудалауға ұшырайтын кездер де болды. Билік пен жоғары жақ сол үшін азаматтық қоғамдарға қолдау көрсету керек. Қымбатшылық болса мынау келе жатқан. Азық-түлік, коммуналдық қызмет, әртүрлі тұрмыстық қызмет түрлері – бәрі-бәрі күн санап қымбаттап, елді қыса түсуде. Халықтың өмір сүру деңгейі барған сайын нашарлап барады. Билік бұқарамен тығыз байланыста болып, олардың әлеуметтік-экономикалық дамуына жағдай жасауы қажет. Міне, сонда ғана қоғамдағы азаматтардың билікке көңілі толып, толыққанды мемлекет бола аламыз деп ойлаймыз.
– Азаматтық қоғамды дамытуға атсалысып жатқан мемлекеттің қандай игі істерін айтар едіңіз? Осы бастамалар ары қарай жалғасын табады деп ойлайсыз ба?
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та өз Жолдауында «Азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ аса маңызды жалпымемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет» деп атап кеткен еді. Президенттің бұл сөзінен қоғамдағы белсенділігі жоғары адамдардың заң шеңберінде бірлескен іс-қимылының және халық пен атқарушы биліктің ортақ мүдде орайында ықпалдасуының қажеттілігін аңғарамыз. Өйткені азаматтық қоғамның белсенді болуы адам капиталын, әлеуметтік-экономикалық дамудың, демократиялық құндылықтардың ел игілігіне айналуының негізгі алғышарттарының бірі болып табылады.
Азаматтық қоғамның дамуына байланысты мемлекет тарапынан атқарылып жатқан біраз игі істер бар. Олар мыналар:
- мемлекет азаматтық қоғамды дамыту барысында азаматтармен ашық кездесу жұмыстарын ұйымдастырып жатыр.
- министрліктің қабылдауына жазыла алады.
- әрбір депутаты, басшысы сайттар арқылы тікелей байланысты орнату талабы қойылды.
- цифрлық жоба бойынша халықпен байланыс бар.
Дегенмен қосымша айтатын болсақ, барлық азаматтардың әлеуметтік желілерді пайдалануға мүмкіндіктері жоқ. Еліміздің дамуына, өсіп-өркендеуіне халықтың тұрмыс деңгейінің жақсаруына барлық күш салыну керек, сонда ғана азаматтық қоғам жақсы дамып, өз жалғасын табады деп ойлаймын. Азаматтық қоғамға қолдау көрсету құқықтық мемлекет болуына жол ашады. Заң жоғары тұрған жерде барлығы оңынан болады. Сол үшін мемлекеттің азаматтық қоғамға көңіл бөлуі келешекте жақсы оң нәтижелер береді және әрмен қарай жалғасын таба береді деп сенемін.
– Бақыт Серікбайұлы, сұхбатыңызға рақмет! Қоғамдағы азаматтармен бірлесіп жасап жатқан істеріңіз оңынан туып, алға баса беруіне тілектеспіз.
Сұхбаттасқан –
Шаргүл ҚАСЫМХАНҚЫЗЫ