Президент өңірдің жұмысын оң бағалады

Президент өңірдің  жұмысын оң бағалады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола және Қостанай облыстарының әкімдерін қабылдады. Әкімдер өңірлердің бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық даму барысы мен алдағы кезеңге арналған жоспарды баяндады. Мәселен, Ақмола облысында жаңа оқу жылы қарсаңында үш ауысымды мектептердің мәселесі толық шешілді. Екі жыл ішінде 21 мың оқушыға арналған 33 мектеп салынды. Президенттің қабылдауында болған облыс әкімі Марат Ахметжанов осылай деп есеп берді.

 

 Ақмола облысының қаласы да, даласы да түлеп жатыр.  Өңірде ауылшаруашылығын дамытуға, инвестициялық жобалардың санын арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықты баспанамен қамтуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Екі жыл ішінде 4700 ақмолалық баспаналы болған. «Ақмола облысында 5,5 млн га жерге дән себілді. Өздеріңізге мәлім, Ақмола облысы агропромның жүрегі болып саналады. Қазіргі таңда инвестиция тартып, алған астықты терең өңдеу мәселесі бойынша 4 индустриялық орталық ашып отырмыз. Оның біреуі республикалық деңгейде», – деп атап өтті облыс әкімі Марат  Ахметжанов.

Сондай-ақ Ақмола облысы  ауылшаруашылық өнімдерін 1,2 триллионға жеткізуді көздеп отыр екен.  Биыл майлы дақылдар алқабы 2,5 есеге ұлғайыпты. Аршалыда «Ақмола индустриялық аймағы» құрылған. Төрт миллиардқа жуық инвестиция тартып, 10 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашуды көздеп отырғанға ұқсайды. Жыл соңына дейін 9 елді мекенге газ құбыры тартылмақшы, қазірдің өзінде қыста жылудың зардабын тартатын қараша көмірден құтылып, газбен жылынып отырған ауылдар да баршылық. 200 мыңға жуық тұрғынды сапалы сумен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

Кездесу барысында  Президентіміз  «Реновация» бағдарламасы арқылы халықтың әлеуметтік осал тобын баспанамен қамтудағы облыстың оң тәжірибесін атап өтті. 

Көкшетау қаласы қазіргі уақытта қаншалықты көріктеніп, абаттанып келе жатса да,  бұл шаһарда әбден тозығы жеткен, ескірген тұрғын үйлер әлі де көп.  ХХ ғасырдың  елуінші-алпысыншы жылдары салынған  екі немесе үш қабатты тұрғын үйлер  әлі де бар.

 Қылшақты өзенінің жағалауына сол елуінші-алпысыншы жылдары салынған  барак  үйлер жылда көктемде суға кететіні және де бар. Сол үйлердің тұрғындары су қайтқан соң үйлерін жаз бойы кептіріп, тұра беруге еттері әбден үйреніп алған-ды. 

Және де осы маңда бес қабатты тұрғын үй сонау 90-жылдары қисайып, іргесі сөгіле бастаған да болатын. Үрейленген тұрғындар сол үйде тұрып та келді. Сол кезде осы апатты үйді темір сыммен құрсаулап тастап, «ал тұра беріңдер» деген соң, барар жер, басар таулары қалмаған, амалдары құрыған жандар сол апатты үйде ұзақ жылдар бойы тұрып келді.

Көктемгі су тасқыны кезінде Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов жаяулап осы Қылшақты өзенінің жағасындағы сұрқы кеткен ескі үйлерді көріп, «мына үйлерде адамдар қалай тұрып жүр?» деген таңданысын жасырмап еді.

Сол жолы Марат Мұратұлы батыл шешім қабылдап, осы тозығы жеткен осы ескі үйлерді сүріп тастап, олардың иелеріне соңғы жылдары салынған үйлерден пәтер беріп, мына ескі үйлердің орындарына жаңа тұрғын үй салуды ұйғарған еді. Және де бұдан өзге Көкшетау қаласының Шоқан Уәлиханов атындағы көшенің бойындағы қос қабатты үйлердің орындарына да жаңа үйлер салу жөнінде шешім қабылданған болатын. «Реновация» атты бағдарлама қабылданып, Көкшетау, Щучье,  Макинск  қалаларында,  Аршалыда жүзеге асырыла бастады. Тозған, ендігі арада адам баласы тұруға жарамсыз ескі үйлерді сатып алуға,  2024 жылы жергілікті бюджеттен 700  млн теңге қаржы бөлінді. Міне, осы ақшаға ескі үйлердің иелері өздері қалаған пәтерлерін сатып алды.

Қазіргі уақытта Көкшетау, Щучье, Макинск қалаларында және Аршалыда әбден тозған бұрынғы ескі үйлер сүріліп, орындарына заманауи жаңа үйлер бой көтеруде. Қылшақты өзенінің бойында алғашқы салынған жаңа тұрғын үйлер пайдалануға да берілді.

Президент қабылдауында болған екінші әкім Құмар Ақсақалов Қасым-Жомарт Тоқаевқа өңірдің биылғы бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық даму барысы мен алдағы кезеңге арналған жоспарын баяндады. Құмар Іргебайұлының айтуынша, облыстың өнеркәсіп кәсіпорындары 1,82 трлн теңгенің өнімін өндірген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4,3 пайызға жоғары. Құны 337 млрд теңге болатын 13 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Осы арқылы 3,4 мыңнан астам жұмыс орны ашылады.

Маңызды жобалардың қатарында жылына 70 мың автокөлік шығаратын KIA зауыты көп ұзамай іске қосылады. Бұл жаңадан 1500 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жүк автомобильдеріне жетекші белдем өндіретін «Камлит.KZ» зауыты бар. Жобаның инвестиция көлемі – 160,5 млрд теңге. Онда 550 жұмыс орны ашылмақ. Бұдан бөлек, Арқалық әуежайын қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды.

 Мемлекет басшысына жыл басынан бері өңірде 22 әлеуметтік нысан іске қосылғаны туралы мәлімет берілді. Жыл соңына дейін тағы 29 әлеуметтік нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту аясында облыста су тарату және су бұру жүйелеріне қатысты 54 жоба іске асырылып жатыр. Қала халқының 99 пайызы, ал ауыл тұрғындарының 91,3 пайызы орталықтандырылған су құбырына қосылған. Биыл облыстың көлік инфрақұрылымын дамытуға 102 млрд теңге бөлінген. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 40 пайызға артық. 1300 шақырым автожолға, соның ішінде 7 республикалық трассада құрылыс, реконструкция және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жезқазған – Петропавл учаскесінің реконструкциясы аяқталуға жақын. Қостанай – Мамлют жолы толық жаңарды. Екатеринбург – Алматы бағытындағы Сарыкөлден Ақмола облысының шекарасына дейінгі учаскеде жөндеу жұмыстары жалғасуда. Елді мекендердің көшелері мен жолдарын жақсартуға айрықша көңіл бөлінеді. Бюджеттен 103 ауылдағы 400-ден астам көшені жөндеуге 29 млрд теңге бағытталды. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 2,5 есе көп. Кездесу соңында Президент инвестиция көлемін одан әрі арттыру, өнеркәсіп пен аграрлық секторды дамыту, әлеуметтік инфрақұрылымдарды жаңғырту, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту қажеттілігіне назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаев жылыту маусымына әзірлікті уақытылы аяқтап, күзгі жиын-терін науқанын сапалы ұйымдастыруды, сондай-ақ ауыл тұрғындарының ауызсуға қолжетімділігін арттыру үшін жүйелі шаралар қабылдауды тапсырды.

Президент екі өңірдің жұмысын оң бағалап, егін жинау, жылыту маусымына дайындық, су тасқынының алдын алу және инвестиция тарту, реновация бағдарламасы арқылы халықтың әлеуметтік осал тобын баспанамен қамтудағы облыстың оң тәжірибесін атап өтіп, бірқатар тапсырма берді.

Алдағы уақытта өзге де облыс әкімдері Мемлекет басшысының қабылдауында болып,  негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер туралы есеп беріп, аймақтарды одан әрі дамытудың перспективасы жөнінде баяндайды деп күтілуде.

Г. Тұрсынқожа

 

21.08.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 16660
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 16512
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 31706
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 30311
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 33918