Елімізде құқықтық сананың деңгейін арттыру, құқықтық саясатты іске асыру, құқықтық мәдениет қалыптастыру саласында мемлекеттік деңгейде ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Яғни бұл тақырыптар мемлекеттік саясаттың маңызды бір саласы ретінде орнықты деуге болады. Президент тапсырмаларын жүзеге асыру аясында 2022 жылы сәуірде Қазақстан Республикасы Үкіметі «Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі құқықтық саясат тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын бекіту туралы» Қаулы қабылдағаны белгілі. Сонан бері де талай ілкімді жұмыстардың басы қайырылып, біраз реформалар өмірге келді. Осы тұста, Мемлекет басшысының өзі баса назар аударып, Жолдаулары мен тапсырмаларында жіті назарда ұстап отырған осы стратегиялық маңызы зор жұмыстың нақты нәтижелері қандай болып жатыр? Қандай оң өзгерістер байқалып отыр деген сауалдарға жауап іздеп, республикаға танымал адвокат, Ақмола облыстық адвокаттар алқасының мүшесі Ләззат Ахатова ханыммен сұхбаттасқан едік.
– Ләззат Кендебайқызы, Қазақстанда құқықтық саясатты жүзеге асыру, құқықтық сананың деңгейін арттыру, құқықтық мәдениет қалыптастыру саласында Мемлекеттік деңгейде біраз шаруалар жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Қарапайым адам ретінде кейде мемлекеттік саясаттың қалай және қай жағынан жүзеге асып, қоғам игілігіне айналып жатқанын байқамай да қалатынымыз да бар. Ең әуелі осы төңіректе атқарылған жұмыстарға тоқтала кетіңізші.
– Мемлекеттің саясатына шолу жасайтындай тісқаққан саясаткер немесе құзырлы мекеменің басшысы да емеспін ғой. Дегенмен біраз жыл сотта, кейін біржолата адвокат болып жұмыс істеп келе жатқандықтан, сенің сұрағың маған бейтаныс емес дер едім. Жалпы құқықтық сананың деңгейін арттыру, құқықтық мәдениет қалыптастыру дегеніңіз – өте ауқымды әрі біртіндеп қалыптасатын мәдениет. Біз өркениетті елдердің мысалынан осыны аңғарамыз. Өз басым Мемлекет басшысы жолға қойып отырған бұл саясаттардың маңыздылығы және еліміздің дамуы мен өркендеуіне тигізетін ықпалының зор екендігін толық түсінген адаммын. Шыны керек, біздегі құқықтық сана мен құқықтық мәдениетті өркениетті елдермен салыстыра алмайсың. Президент осындай ақтаңдақтықтың орнын толтырғысы келіп отырғандай.
Елімізде 3-4 жылдың көлемінде құқықтық сананың деңгейін арттыру, құқықтық мәдениет қалыптастыру мәселесі мемлекеттік саясаттың маңызды саласы ретінде жолға қойыла бастады. Бұл жағында тұжырымдап айтуға тұратын тұстары баршылық. Ол тіпті біз сөз етіп отырған тақырыптың шеңберінен де асып түседі. Бізде Президенттің бастамасымен «Заң шығару қызметін жетілдіру» жағында біраз жұмыстар жүзеге асты. Оның ішінде Конституцияға, Қылмыстық, Азаматтық, Салық, Еңбек т.б. сынды салалық кодекстерге өзгерістер енгізіліп, күнделікті өмірге енгізілді. Әрі бұл заңдардың Электронды үкімет платформасы арқылы көпшіліктің талқысына тасталып, ашықтық деңгейінің барынша көрнекіленгендігін айрықша атап өткен жөн.
Бұдан ары қарай тіке өз салама қатысты «Сот жүйесін реформалау» тақырыбын ерекше айтар едім. Бұл да өз кезегінде елімізде құқықтық мәдениеттің қалыптасуына айрықша ықпал етіп жатқан реформа. Қазір жұрттың құлағы үйренген судьяларды іріктеу және тағайындау жүйесіндегі оң өзгерістер, сот шешімдерінің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін «электронды сот төрелігі» жүйесі осы сөздерімізге нақты мысал болады. Бұған татуласу рәсімдері, медиация және арбитражды дамытуға деген құлшыныстарды да қоса кетейін.
– Құқықтық саясат дегенде бірден құқық қорғау қызметкерлері еске түседі. Бізде бұл салаға да біраз реформа жасалды ғой, жалпы полиция мен халықтың қарым-қатынасы, құқық қорғау органдарының қызметіне айтылып жататын кейбір сындар туралы не айтар едіңіз?
– Бұл салаға реформа керек екендігін көзі қарақты азаматтар айтып та, жазып та келе жатыр. Қоғамда қалыптасқан пікірлер Президенттің назарынан тыс қалған жоқ. Құқық қорғау органдарының қызметін жаңғырту мәселесінде біраз өзгерістер болып жатыр. Қазір учаскелік инспекторлардың рөлі күшейіп келеді. Бұл үрдіс жалғаса беретін болса, біздің елде де дамыған, мәдениетті елдердегідей жылымық орнайтын күн алыс емес... Кейде азаматтарымыз құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне сыңаржақтылы баға беріп жатады. Олардың ерен еңбегі мен қоғам амандығы үшін төккен терін бағалаудың орнына ішінара кемшіліктерін жарапазанға айналдырып алатындар бар. Дегенмен барды бағалайтын, ерлердің еңбегіне құрмет ететін үлгімізден жаңылмағанымыз жөн бе деймін.
– Иә, кез келген реформа, саяси өзгерістер біртіндеп жүзеге асып, уақыт сынынан өткесін барып мойындалып жататыны бар ғой. Оны өзіміз де байқамай қаламыз.
– Саяси реформалардың жүзеге асырылуына біраз уақыт керек. Оны салынып жатқан құрылыспен салыстырсаңыз қателесесіз. Яғни белгілі бір нысандар тез арада салынып бітті, адамдар игілігіне берілді, сөйтіп қаланың көркіне айналды дейікші. Біз әдетте өзгеріс деп осындайды бағалаймыз. Ал саяси реформалар басқа қырынан көрініс табады. Қазіргі таңда күнделікті өміріміздің бөлшегіне айналып кеткен цифрлық өзгерістердің өзі неге тұрады? Тіпті көп елдерден көш ілгері кетіп қалдық қой. Бұл өзгерістердің өзі біздің құқықтық санамыз бен мәдениетімізге айрықша ықпал еткенін ұмытпағанымыз жөн. Қазір цифрландыру және құқықтық қызметтердің қолжетімділігі, «eGov.kz» порталы арқылы құқықтық құжаттарды алудың оңтайландырылуы, цифрлық қолтаңба арқылы сотқа жүгіну, арыз-шағым беру мүмкіндігін пайдаланып жүрміз. Бұл – үлкен жетістік! Жалпы алғанда, Қазақстанда құқықтық саясатты іске асырудың басты мақсаты – құқық үстемдігін орнату, әділ сот төрелігін қамтамасыз ету және азаматтардың құқықтарын қорғау.
– Бізде құқықтың сананы арттыру, мәдениет қалыптастыру саласы қолға алынғанына бірнеше жыл болды. Әдетте реформаның нәтижесі 5 жылда көріне бастайды деген түсінік бар. Яғни бұл саланың нәтижелерінің «құлағы қылтиятын» кезі келді ғой деп ойлаймын.
– Мен енді барлығын қорытындылап, арнайы зерттеп талдау жасап отырған адам емеспін. Дегенмен тілге тиек етуге тұратын өзгерістер жоқ емес. Біздің қоғамда отбасылық зорлық-зомбылық мәселесі бар екенін жасыра алмаймыз. Бұл өзі тұтас Орталық Азия елдерінің түйткілді бір мәселесі деуге болады. Кейде осыны желеу еткен батыс елдері біздегі ішкі ахуалға теріс баға беріп жататыны бар. 2024 жылдың сәуірінде қабылданған заң отбасылық зорлық-зомбылық үшін қылмыстық жауапкершілікті қайта енгізу арқылы жазаларды күшейтті. Яғни Қуандық Бишімбаев сынды зорлықшылар қатаң жазаға тартылып жатыр. Сонымен қоса бала құқықтарын қорғау мәселесінде де ауыз толтырып айтатын жаңалықтар көп.
Жақында ғана іске қосылған Кассaциялық сот жүйесі де үлкен жаңалық дер едім. Бұл сала бойынша 2025 жылдың 1 шілдесінде қылмыстық, әкімшілік және азаматтық істер бойынша үш дербес кассациялық сот жүйесі іске қосылды. Бұл жүйе өз кезегінде азаматтарға құқықтарын қорғауда қосымша мүмкіндіктер береді. Осы жерде бір мысалды айта кетейін. Өткен айда Астанада Кассaциялық сотта бір кәсіпкердің ісі қаралды. 2018-2019 жылдар аралығында Алматы облысы әкімдігі мен Жетісу аудандық әкімдігінің «шешімдері» бойынша бір кәсіпкердің 2 қонақүйі мен Қонаев қаласында орналасқан казиносын, 3 айырбастау пунктін «алып қойған» екен. Қысқаша айтқанда, осылай енді. Әйтпесе 6-7 жылдан бергі арыздану, соттасу процестерінде ондаған томға жүк болатын материал жатыр ғой. Міне, осы дауға Астанада жаңадан құрылған Кассaциялық сот үкім шығарып, кәсіпкердің пайдасына шешім қабылдады.
– Уақытыңызды қиып, ой бөліскеніңіз үшін көп рақмет айтамын!
Сұхбаттасқан – Ерқазы СЕЙТҚАЛИ