Гүлмира Жанбатырова, невропатолог-дәрігер: «Кім болса да өз ісінің маманы бола білу керек»

Гүлмира  Жанбатырова, невропатолог-дәрігер:  «Кім болса да өз ісінің маманы  бола білу керек»

Дәрігер – үлкен жауапкершілікті талап ететін  мамандық. Оның басты міндеті – адам өмірін сақтау үшін күресу. Бұл өте абыройлы да жауапты іс. Осындай үлкен жауапкершілікті абыроймен атқарып жүрген дәрігерлердің бірі – Алматы қаласындағы №10 қалалық  аурухананың  күндізгі емдеу бөлімінің меңгерушісі,  жоғары  санатты  невропатолог-дәрігер  Жанбатырова  Гүлмира  Қайыртайқызы. Ол жоғары санаттағы дәрігер, түрлі  Алғыс  хаттармен, Алматы қаласы әкімінің мақтау қағазымен,  «Денсаулық  сақтау ісіне қосқан  үлесі үшін» төсбелгісімен  марапатталған. Күнделікті үсті-үстіне ағылып келіп жатқан науқастарға  ем-шаралар  көрсетуден  бөлек,  аурухананың өзге де күйкі  тірлігіне  қарамастан  кейіпкеріміз  әрқашан  жайдары  мінез  танытып  жүруден  жалыққан  емес. «Гиппократ» антын қабылдап, сабырлылықты жанына  серік  еткен Гүлмира Қайыртайқызын  адам  жанының  инженері  десек,  артық  айтқанымыз емес. Өзінің сүйікті мамандығына  нағыз  берілген  жан  адам денсаулығының  сақшысы  қызметін  абыроймен  атқарып  жүр. Біз бүгін осынау білікті дәрігермен сұхбаттасқан болатынбыз.

– Гүлмира  Қайыртайқызы, бұл мамандықты  таңдауыңызға  не  себеп  болды? Жалпы өзіңіз туралы аз-кем сөз қозғасаңыз.                                       

– Өзім туралы айтар болсам, 1964  жылы  20  шілдеде Қарағанды қаласында  дүниеге келіппін. Бала күнімнен дәрігер  болуды армандадым. Сол арманымның жетегінде осы салаға келдім. 1989  жылы  Қарағанды  қаласындағы медициналық  иниститутты  бітіріп, 1990 жылы  интернатураны  аяқтап, Қарағанды  қаласында  емханада  невропатолог-дәрігер  болып  еңбек   жолын  бастадым. 1996 жылы  Алматы  қаласына  көшіп келіп, 2004 жылға дейін  Қазақстан  Республикасының  Президенті  іс Басқармасының  емханасында  неврологиялық  бөлімшенің  меңгерушісі  болып  жұмыс  істедім. Ал 2004 жылдан  қалалық  емханада  күндізгі  бөлімінде  меңгеруші  қызметін  атқарып  келемін.  Медицина саласында 36 жыл  еңбек  өтілім бар.  Еңбек жолымда көптеген тәжірибе жинап, халқыма адал қызмет етуден жалыққан  емеспін.  «Дәрігер боламын» деп шешім қабылдаған жан дәрігердің  халық  алдындағы жауапкершілігін сезінсе, білімін әрдайым шыңдап отырса, білікті дәрігер  болары сөзсіз.  Дәрігердің қызметіне  жүгінбейтін жан бұл  өмірде  кемде-кем. Өз істерінің нағыз шебері бола білген  ақ халатты  жандар  талай  адамның  жүрегіне үміт отын жағып, өмір гүлін сыйлап келеді. 

Дәрігер болу өте  үлкен жауапкершілік  пен  біліктілікті  талап  етеді. Себебі, денсаулық  ең  қымбат  қазына  болғандықтан, оның  кері  кетуіне түрткі  болған  дәрігер  қателігін  ешкім де кешіре  қоймас. Әйтсе де әрбір емделушінің  көңілін табу оңай емес. Ең  бірінші  кезекте алдыңа келген науқастың көңілін табу керек. Әсіресе, дертіне шипа іздеп келген адам баласына  тіптен қиын.  Сол себепті  дәрігер әрі  психолог болуымызға тура келеді. 

– Өзіңіз басқаратын күндізгі ауруханада науқастарға қандай қызметтер көрсетіледі?

– Күндізгі  тәулік  бойы  ауруханада болуды  талап  етпейтін, бірақ  күндізгі  уақытта емдік-диагностикалық шаралар  көрсетіліп  отырған  науқастарға стационарды алмастыратын көмек көрсетіледі. Күндізгі стационар жағдайында науқастарды емдеу жоғары білікті мамандардың бақылауымен пациентке лайықты терапияны таңдауға, пациенттің дәрі-дәрмектерге бейімділігін қалыптастыруға, аллергиялық реакциялар немесе дәрі-дәрмектердің басқа түрлерінің жақпай қалуын бақылауға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда елімізде медицина саласының алдына қойған міндетінің бірі – тұрғындарға қолжетімді әрі сапалы медициналық қызмет көрсетумен қатар, олардың  ауруханаларда  емделмей-ақ күндізгі стационарлар арқылы ем алуын қамтамасыз ету. Яғни, қазіргі таңда қаладағы емхана  орталығында  қажетті  ем-домдарын ала алады. 

Алматы қаласы Әуезов ауданындағы №10 емхананың күндізгі емдеу бөлімінің жұмысы қашанда қарбалас. 30 төсектік емдеу бөлімінде күніне 50-60 адам  жолдама  арқылы ем қабылдайды. Дертіне дауа іздеген әрбір емделушінің  көңілін тауып, жылы сөзін аямайтын ақ халаттылардың  еңбегі зор. Алдымызға келген әрбір науқастың шағымын мұқият тыңдап, диагнозын  дөп  қоюға тырысамыз.                                                                                

– Әйел адамға дәрігер болу қиын ба?                                                                                

– Әрине, кез келген  мамандықтың  оңайы  жоқ. Әйел адам жұмыс пен отбасын қатар алып жүреді. «Әйел адам бір қолымен әлемді, екінші қолымен бесікті тербетеді» деген рас нәрсе. Білім, біліктілік, мейірім, еңбек, адалдық –  дәрігердің  бойында болуы тиіс қасиеттер. Әсіресе, Бірақ    ең  қажетті  қасиет – шыдамдылық.  Жас  мамандарға  шыдам  мен  сабыр және өз мамандығын  жақсы  көруден   басталады  деп  айта аламын. Сонымен  қатар әр адам  өз  мамандығын  жақсы көру керек.                                                  

– Қоғамдағы  дәрігердің  алатын  орны қандай?  

– Азаматтардың  денсаулығы  мен өмірін сақтауды қамтамасыз ету – әр мемлекеттің, қоғамның ерекше міндеті. Халықтың денсаулығын сақтау және лайықты өмір сүру жағдайын қамтамасыз ету – мемлекеттің адамгершілік саясатының көрсеткіші. Бұл әлеуметтік мәселені іске асыруда, дәрігердің кәсіби әрекеті және адамгершілік  қасиеті маңызды болады. Адам өмірін сақтау, аурулардың алдын алу және денсаулығын қалыптастыру, ем қонбайтын дерттерде қиналуын азайту, дәрігердің кәсіби әрекетінің басты мақсаты. Дәрігер өз әрекеттерін ар-ұятына негіздеп, Гиппократ антын және Қазақстан дәрігерлерінің антын басшылық етіп, гуманизміне және қайырымдылығына, әлемдік қоғамдастықтың этика құжаттарына сәйкес орындайды. Ол өз шешімдері мен әрекеттеріне толық міндетті және науқастарға көрсетілген жәрдемнің түрлеріне толық жауапты болады. Сондықтан міндетті түрде және үнемі кәсіби біліктілігін жетілдіруі  керек. Өз әрекетін іске асыруда медицина ілімінің соңғы жетістіктерін қолдануы қажет. Дәрілерді тағайындаған кезде, дәрігер тек науқастың құқығын сақтап, медициналық көрсеткіштерін  басшылыққа  алады. Сондықтан  әркез ізденіс  үстінде  болып,  шеберлігін  дамытып  отыруы  қажет.  

– Гүлмира  Қайыртайқызы, әсерлі әңгімеңіз үшін рақмет! Сізді 61 жасқа толған мерекеңізбен құттықтаймыз! Ақылына ізгілігі, биік парасатына біліктілігі сай, ішкі рухани  мәдениеті  жоғары  адамдық қалпыңыздан айнымай жүз жасай беріңіз! Сізге зор денсаулық, ұзақ  ғұмыр  және  отбасылық  берекелі  бақытты  өмір  тілейміз.        

                                       Сұхбаттасқан –

 Аяужан  ЖАЙЛАУҚЫЗЫ,

 Алматы  қаласы

23.08.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 16664
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 16518
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 31708
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 30313
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 33920