Ұлттық кеңес не дейді?

0
2893

Елімізде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды. Тиісті жарлыққа (17.07.2019 жылы) мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды. Кеңес билік пен бұқара арасындағы өзара диалог алаңы болатыны алғашқы күні-ақ белгілі болды.
Билік пен халық арасына ұлттық қоғамдық сенім кеңесі аспалы көпір болуға тиіс-тін. Өйткені екі аралық берік қамал іспеттес. Бір жері шытынаса – екі жаққа да қауіп. Осыны ескерген билік ынтымақтың ірге тасын нығайтуды қолға алды. Құптарлық қадам.

Жасыратын несі бар, қоғамда күрмеуі шешілмеген проблемалар шаш етектен. Көп жағдай да халық әлеуметтік мәселелерді, өзге де түйткілді жайттарды әлеуметтік желі арқылы көтеріп келді. Бұл жердегі жанайқай өз кезегінде билік мінберіне бірде жетті, енді бірде жете алмай тұншығып жатты. Енді осы құрылған кеңестің мүмкіншілігін пайдаланып, көп мәселелерді тиімді шешуге мүмкіндік туып отыр.
Ұлттық сенім кеңесіне депутаттар, саясаттанушылар, қоғамдық бірлестіктердің жетекшілері, кәсіпкерлер мен заңгерлер, қарапайым блогерлер енген. Олар мемлекеттік бағдарламалар мен маңызды стратегиялық құжаттарға қоғамдық сараптама жүргізуге қатысуда. Үкімет бастамаларынан кемшілік анықталса өз ұсыныстарын айтып қана қоймай, ел пікірін билікке жеткізуге ұмтылыс жасауда.
Қуанарлығы, кеңес төрағасы – президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі. Көп жәйттан хабардар. Ал Ақорда барлық өтініштердің ескерусіз қалмайтынын айтып халыққа уәдесін де беріп қойды. Әрине ұлттық кеңес мүшелерінен қандай жұмыс жасап жатқандықтары жайында халық талап етуге хақылы. Биліктің де жұмыс қарқыны көз алдарыңызда болмақ! Сондықтан кеңестің жай-жапсары туралы сұхбаттар, жекелеген адамдардан пікірлер ұйымдастырылмақ алдағы уақытта. Сонысымен де «ұлттық кеңес мінбері» айдарын иеленбек. Құрметті оқырман, ұлттық сенім кеңесі жайлы Сіздің де көзқарасыңыз бізге өте қымбат. Ат салысыңыз, «Ұлттық кеңес мінберін де» Сізге де орын бар. Ұлт тағдыры талқыға салынған жерде бей-жай отыру – қазақ баласына жараспайтын қылық!
Қазақстан Республикасы президентінің кеңесшісі Ерлан Қарин: – Ұлттық кеңестің ережесіне қарайтын болсаңыз, сол кеңеске енген азаматтармен қатар бұл кеңестің отырыстарына аймақтарда жергілікті билік органдарының жанынан құрылған қоғамдық кеңестің өкілдері де қатысатын болады. Соның арқасында ұлттық кеңесте талқыланатын мәселелерді аймақтардың көзқарасымен де талқылайтын боламыз, – деді. Бұл деген сөз, шын мұқтаждар мен қарапайым ағайынның талап-тілегі де жоғарыға жетуі керек деген емеуірін.
6 қыркүйек күні Тәуелсіздік сарайында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің толық құрамдағы алғашқы жиналысы өтті. Онда көптеген пікірлер мен ұсыныстар айтылды. Сын да, мін де қаузалды. Халық тарабынан әлі де көптеген талап-тілектер болуы мүмкін. Өйткені ұлттың атын иеленген Ұлттық сенім кеңесін де не істеліп жатқаны, алдағы уақытта нендей мәселелер көтерілетіні халыққа баяндалып отырғаны дұрыс. Осы ретте «Қазақстан дәуірі» газеті келер номерден бастап айына екі рет Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі туралы тың ақпараттармен оқырмандарын көзайым етіп отырмақ. Құрметті оқырман, ұлттық қоғамдық кеңестің артында халық тұр. Ендеше игі іске мұрындық болып тың бастамаларыңыз болса, игі ұсыныстарыңыз болса бізге жолдаңыздар. Біз сіздермен біргеміз!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.