БАЛАЛАР МЕН ЖАСӨСПІРІМДЕР АРАСЫНДАҒЫ СУИЦИД ӨРШІП ТҰР

БАЛАЛАР МЕН ЖАСӨСПІРІМДЕР  АРАСЫНДАҒЫ СУИЦИД ӨРШІП ТҰР

Суицид жасау бойынша Қазақстан әлем елдерінің арасында 20-орында тұр. Әсіресе балалар мен жасөспірімдердің өзіне қол жұмсауы бүгінгі күні қоғамдағы ең өзекті проблемалардың бірі болып отыр. Бұл мәселенің алдын алу үшін отандық ғалымдар елде психологиялық қолдау қызметін дамыту қажет екенін алға тартады.

Балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицидтік мінез-құлықтың алдын алу шаралары елімізде жолға қойылып келеді. Бұл орайда  психологиялық қолдау білдіруге дайын психолог мамандардың еңбегін ерекше атап өткен жөн.

Балалар психологы Меруерт Байтуменова жасөспірімдердің мінез-құлқындағы алаңдатарлық белгілерді қалай тануға болатынын айтып, қайғылы жағдайдың алдын алу үшін маңызды кеңестер беріп келеді.

- Оқшаулану және тұйықтық

Бұрын белсенді әрі ашық болған жасөспірім достарымен, отбасымен қарым-қатынас жасаудан қашқақтап, көп уақытын жалғыз өткізеді. Қызықтыратын іс-шаралардан немесе хоббилерінен бас тартуы мүмкін.

- Көңіл күйдің жиі өзгеруі

Көңіл күйдің күрт ауысуы. Өзін әлсіз сезінуден агрессияға дейін. Болмашы себептермен тез ашулану.

- Ұйқы және тәбет

Ұйқы режиміндегі кез келген айтарлықтай өзгерістер. Тамақтану әдеттеріндегі өзгерістер. Салмақтың күрт артуы немесе азаюы.

- Үлгерімнің төмендеуі

Сабақтарға қатыспай, оқуға қызығушылығы жоғалуы, үлгерімнің төменеуі.

- Үмітсіздік және шарасыздық білдіру

Жасөспірім болашағының мәнсіздігі туралы сөйлей бастайды. «Ештеңе жақсармайды», «Ештеңенің мәні жоқ» секілді сөздер. Бұл өткінші сөздер сияқты көрінсе де, өте маңызды мәлімдемелер.

Суицидтік ойларды айту. Өлім туралы тікелей немесе жанама әңгімелер. «Менің болмағаным жақсы еді», «Мен бұл өмірден шаршадым» деген сөздерді елемеуге болмайды.

- Жаман әдеттер, мінез-құлық өзгерістері

Аутоагрессия, алкоголь, есірткі, қауіпті әрекеттерге қызығушылық таныту. Өзін-өзі зақымдау. Мұндай әрекеттер не ауырсынуды жеңуге тырысу, не көмек сұрау болуы мүмкін.

- Жеке заттарын тарату 

Достарына және туыстарына күтпеген сыйлықтар табыстауы, жанына жақын заттарын достарына қиналмай беруі мүмкін дейді психолог маман. Егер осы айтылған нәрселер бала бойынан байқалса, оған жедел түрде психологиялық көмек қажет. Бұған қоса қазақстандық жастардың арасында өзіне-өзі қол жұмсаудың ең көп тараған себептері мыналар:

психикалық күйзеліс, депрессия;

қаржылық проблемалар;

жалғыздық, қажетсіздік сезімі;

ата-анамен екі арадағы жанжалдар.

Ал мамандар көбінесе өмірімен ерте қоштасуға:

қыздар;

жұмыс істемейтін қала тұрғындары;

жоғары білімі жоқтар;

дінге сенбеушілер асығады деп санайды.

ДДҰ мәліметтері бойынша жасөспірімдер арасындағы суицидтің кем дегенде 800 себебі бар. Оның ішінде: 41 % – себебі белгісіз, 19 % – жазадан қорқу, 18 % – психикалық ауру, 16 % – үйдегі қайғы-қасірет болса, қалғаны ақшалай шығындарға, тұрмыстық жағдайларға байланысты болады. Бұл ретте, қазақстандық психологтардың пікірінше, жасөспірімдердің өзіне-өзі қол жұмсау себептерінің 30 % – психикалық патология, ал қалған 70 % қолжетімді тұрғын үйдің, білімнің болмауы сынды қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық тұрақсыздыққа тіреледі екен. Осы ретте, баланың өмір сүруге деген құлшынысын жоятын бірнеше себептер бар. Қоғамнан көретін қысым, отбасылық кикілжің, күнделікті ата-анадан таяқ жеу сияқты іс-әрекеттер. Нәтижесінде бала өз өміріне балта шабу, аталған қиындықтардан құтылудың ең оңай жолы деп ойлайды. Сондықтан ата-аналар балаларының жүріс-тұрысына, мінез-құлқына үнемі назар аударып, қажет жерінде сырласып, сөзге тартып, психологтың көмегіне жүгініп тұруылары тиіс.

 

Нағашыбай Қабылбек
16.07.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 15469
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 15360
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 30507
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 29137
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 32703