Өткен аптада Рио-де-Жанейро қаласында өткен БРИКС мүшелері мен серіктес елдердің басын қосқан 17-саммиті болып өткен еді. Күн тәртібіне қойылған маңызды тақырыптардың бірі денсаулық сақтау саласындағы жаһандық ынтымақтастық болса, тағы бір маңызды тақырып климаттың өзгеруі төңірегінде өрбігенін өткен нөмірімізде жазған болатынбыз. Саммитке Қазақ елі атынан Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу қатысып, жаһандық проблемалар туралы ой өрбітіп, қазақ елінің игі бастамалары жайында пікір білдірді. Саммит шеңберінде өткен «Қоршаған орта, СОР30, жаһандық денсаулық» сессиясында сөз сөйлеген Мұрат Әбуғалиұлы экожүйелерді сақтау, ормандарды қорғау, Арал теңізін қалпына келтіру және мұздықтардың еру үдерістерін тежеу бойынша бірлескен күш-жігердің маңыздылығына назар аударды. Бұл туралы СІМ-ның баспасөз қызметі хабарлады. Климаттық қатерлердің алдын алуға басымдық беру қажеттігін атап өткен М.Нұртілеу ерте ескерту жүйелерін дамыту, төтенше жағдайларға дайындықты арттыру және көпжақты үйлестіруді күшейтуге шақырды. Осыған байланысты ол Қазақстанның климаттық мониторинг пен төтенше жағдайларды болжауға арналған ұлттық спутниктік технологияларын пайдалану жөніндегі бастамасын таныстырды.
Министрдің баяндамасында денсаулық сақтау мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Қазақ тарапы мемлекеттерді Алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту жөніндегі жаһандық коалицияға қосылуға шақырды. Оның негізі денсаулық сақтау саласындағы маңызды халықаралық құжат – 1978 жылғы Алматы декларациясынан бастау алады.
Қорытындылай келе, М.Нұртілеу: «Елдеріміз табиғи ресурстарға, білімге және әлеуетке бай. Бірақ ең бастысы – бізді ортақ мүдделер біріктіреді. Қазақстан адамзат пен планета игілігі үшін БРИКС-пен серіктестікті нығайтуға дайын. Бірлесе және алдын ала әрекет етейік. Осы орайда Сіздерді 2026 жылы Қазақстан БҰҰ-мен серіктестікте өткізетін Өңірлік экологиялық саммитке қатысуға шақырамын», – деп атап өтті.