Нұр шашқан ақ халатты қыздар немесе Қалқаман ауруханасындағы қалтқысыз қызмет

0
335

Оңтүстік астананың Қалқаман шағын ауданында орналасқан қалалық клиникалық аурухананың терапия бөлімі осы аурухана ашылған 1983 жылдан бері халыққа қызмет етіп келеді. Бөлімде соғыс ардагерлеріне арналған 23 төсек болса, тағы 10 төсек гастроэнтерология және жеңілдетілген контингенттің көпсалалы терапиялық бөлімшесінің пациенттерін стационарлық емдеуге арналған.

Оларға: екіншідүниежүзілік соғыс ардагерлері мен мүгедектері, еңбек майданының ардагерлері, Семей ядролық полигонынан зардап шеккендер, Ауған соғысының ардагерлері мен мүгедектері, Кеңес армиясының мүгедектері, Чернобыль атом электростанциясынан зардап шеккендер, репрессияға ұшырағандар, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері, «Госпитализациялау бюросының» порталы арқылы келетін гастроэнтерологиялық пациенттер жатады. Сонымен қатар, оларға төмендегідей бірнеше бағытта жедел әрі жоспарлы көмек көрсетіледі:
1. Жүректің ишемиялық ауруы, стенокардия,жүрек соғуы ырғағының бұзылуы, коронарлық артерияны айналып өткеннен кейінгі жағдайлар, инфаркт алғаннан кейінгі кордиосклероз, жүректің созылмалы дерті;
2. Артериялық гипертензия;
3. Қауымдастық пневмония;
4. Темір тапшылығы анемиясы;
5. Бауыр циррозы. Гастроэнтерологиялық нозология.

Аталмыш бөлімнің өзге емханалардан ерекшелігі: ГОБМ шеңберінде қызмет көрсететін аллергология, пульмонология, нейрореаблитация сиқты бөлімдерінің болуында екен. Сонымен қатар мұнда: ЭКГ, ЭхоКГ, УЗИ, МРТ, рентген-диагностика, эндоскопиялық зерттеме қызметтері де бар.
Міне, халыққа осындай қызметтер көрсететін терапия бөлімінде адам өміріне араша түсіп, көптеген жылдардан бері халыққа адал қызмет етіп жүрген ақ халаттылар арасында бөлім меңгерушісі Байжігітова Нәзипа Бегалықызы да бар.
1990 жылы Астрахань Мемлекеттік медициналық институтын «Емдеу ісі» мамандығы бойынша оқып, тәмамдаған Нәзипа Бегалықызы бүгінде жоғары санатты, тәжірибелі дәрігер. Оның денсаулық саласындағы еңбек жолы 1991 жылы аталмыш емханадан басталған.
2012 жылдан бастап ардагерлерге арналған көпсалалы терапия бөлімінің меңгерушісі болып қызмет етіп келеді. Осы жылдар ішінде дертіне шипа іздеген бірнеше мыңдаған жан Нәзипа Бегалықызының көмегіне жүгінгенсе, солардың бәрі де шын ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын жаудырған екен. «Мен үшін, емделушілердің айтқан алғыстары мен ризашылықтары, берген ақ баталары кез келген марапаттан да, атақтан да артық», – дейді бойында адамгершілігі мен қарапайымдылығы, жүрегінде мейірімділігі мен қайырымдылығы «менмұндалаған» Нәзипа Бегалықызы. Әрине, адам өмірі ойыншық емес екенін екінің бірі біледі. Бұл қағидатты жан-тәнімен түсініп, жүрегімен түйсінген Н.Байжігітова өз білімі мен тәжірибесін үнемі шыңдап отырады. Мәселен, 2015 жылы Францияның Ренн қаласындағы Сан Лоран емханасында «Гериартрияның актуальды мәселелері: Франция және Қазақстан тәжірибесі» атты тақырыпта өткен оқу курсына барып, тәжірибе алмасып, білімін жетілдіріп қайтса, 2018 жылы Қазақ медициналық университетінде осы «гериартрия» мамандығы бойынша өткен курсқа барған.
Өзі жайлы осындай қысқаша ғана мағлұмат беріп, жұмысына асыққан Н.Бегалықызы өзімен бірге істейтін әріптестерінің де еңбектерінің зор екенін айтып, аттарын атай кетті. Олардың ішінде №1 клиникалық аурухананың медициналық директоры Пазилов Сәбит Бексейітұлынан бастап, терапия бөлімінде өзімен бірге сырқаттарға қызмет көрсетіп жүрген көпжылдық тәжірибесі бар жоғары санатты терапевт-дәрігер, гастроэнтеролог Ордаханова Манар, терапевт-дәрігер Жанкисиева Света, аға медбикелер Гусейнова Марина, Жанар Баялиева, Айгүл Нұсқабаева, Бибігүл Әлімжанова, Фатима Халықова, тағы басқа да қызметкерлер бар. Сондай-ақ, Н.Байжігітова емделушілерді зертханалық және функционалдық диагностиканың заманауи барлық түрлерімен қамтамасыз етіп, кең көлемді консультативтік көмек көрсетіп отырған №1 С.Д.Асфендияров атындағы ҰМУ-дің кафедра меңгерушісі Сүгірәлиев Ахметжан, барлық емдік және ғылыми-тәжірибелік үрдістерімізге үнемі атсалысып отыратын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Құрманова Гаухар, тағы басқа да көптеген әріптестеріне деген ризашылын білдіре кетті.
Біз де Нәзипа Бегалықызы мен оның халыққа қалтқысыз қызмет етіп жүрген барлық әріптестеріне деген рахметіміз бен ризашылығымызды білдіре отырып, алдымызда келе жатқан 8 наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз. Еңбектеріңіздің жемісін көріңіздер!

Жанбақыт Мерекеұлы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.